«Болашақпен» оқып келгендердің білімін пайдалануды үйлестіру орталығын құру керек пе?
Білім және ғылым министрлігінің Стратегия департаменті директорының орынбасары Ақерке Абылайханның сөзіне құлақ түрсек, «Болашақпен» білім алуға кеткендердің елуден астамының елге қайтқысы жоқ. Олардың бұл әрекеттерінің заңға қайшы екендігін мәлімдеген құзырлы сала бұл істі амал жоқ, күш құрылымдарының көмегімен шешетіндерін жария етті. Өйткені бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Бұл ретте «болашақшылар» елдегі жұмыссыздықты алға тартса керек. «Болашақ» бағдарламасының түлектерін жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін Елбасы Н.Назарбаев та жиі көтереді. Отандық компанияларға да тапсырма жүктелді. Алайда «баяғы жартас — сол жартас». Бәлкім, тікелей «болашақшылар» проблемасын шешетін орталық керек шығар?
Мұхит Асанбаев, саясаттанушы:
Жоқ
– Үйлестіру орталығын құру туралы айтпас бұрын осы «Болашақ» бағдарламасының өзі қаншалықты керек бізге, міне, сол жағын ойланып көрейікші. Менің ойымша, соның қажеті жоқ. Рас, әу баста үкілі үміт арттық. Елдегі кадрдың қадірін арттырады деп ойладық. Алайда біз күткендей нәтиже бермеді.
Бағыт-бағдарымыз – нарықтық заман. Нарықтың қатаң заңдылығы өзіне бағындырып, қайткенде соған бейімделе түсуімізді талап етіп отыр. Кадрлар да нарықтық экономикаға машықтана түсуі тиіс. Әлбетте бәсекелестіктің де жүруі шарт. Ондай болса, еліміздің экономикасын арттыруға үлес қосады деп сенім артып отырған «болашақшыларды» өзгеден даралап, оларға қандай да бір жеңілдіктер көрсету артықтау болар.
Олар да көппен бірге көрсін басқа түскенді. Олардың ортасынан қандай айырмашылығы бар? Егер білімді, білікті болса ешқандай қолдаусыз-ақ жұмыс тауып алары сөзсіз. Қомақты қаржы жұмсап оқытқан екенбіз, өзіне деген сұраныстың артуына өзі қол жеткізсін.
Өзекті болып тұрған бір мәселе: «Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқуға кеткендер тіл білмейді. Сонда олар төрт жылда тіл үйрене ме, кәсібін меңгере ме? Тіл білмей, қалай сабақ оқиды? Сол себепті де олар негізінен тіл үйренуге басымдық береді. Осылай төрт жылдары өте шығады. Демек, болашақшылардың анау айтқандай білім алып келетіндігінен күмәндану орынды.
Оның үстіне ешкімге таңсық емес, шетелдің білім жүйесінде тәптіштеп, қайыра қайталау деген жоқ. Бәрі қысқа-нұсқа. Үлгерсе үлгерді, үлгермесе әркім өз қотырын өзі қасуы тиіс. Былайша айтқанда, батыс міндетті әркімнің өзінің жеке басына жүктейтін қағидасына берік. Студенттерге өз бетінше жұмыс істетеді. Ал мұндай жүйе тіл білмей барған біздің жастар үшін өте қиын. Әрине «Болашақпен» оқуға кеткендер, оқып келгендердің арасында білімді жастар жоқ емес. Дегенмен де, бұл көңіл көншітерлік емес.
Егер біз «Болашақпен» оқып келгендердің білімін пайдалануды үйлестіру орталығын құратын болсақ, сыбайлас жемқорлықтың орын алуы да әбден мүмкін. Бәсекелестік дәуірі екен, ондай болса кадрлар арасындағы бәсекелестікті де әлсіретіп алмай, керісінше оған ерік берген жөн.
Тағы бір мәселе, адам білімін тәжірибе арқылы жетілдіреді. Сондықтан да жастарды үлкен жауапкершілік талап етілетін жұмысқа қабылдамас бұрын олардың тәжірибені сатылап еселеуіне мүмкіндік беруіміз керек.
Қазір адамзат капиталы, әсіресе, батыста – үлкен құндылық. Білікті маманға жағдай жасап, айырылып қалмауға тырысады.Тіпті ақшаға «сатып алуға» дайын. Ал біздің жастарға аңсарларының ауып тұрғаны байқалмайды.
Жасыратыны жоқ, сол батыс мәселен өз жастары үшін барын салады. Мықты мамандар шақыртып, оларға өте жоғары жалақы тағайындауға бар. Ал сырттан келген студенттерге жомарттық таныта қояр ма екен? Қайдам... Жалпы мамандықтар бойынша білім бергенмен, заманауи кәсіптерге қатысты айтсақ, сырттан келген студенттерге қандай да бір жақсылық жасай қоюлары екіталай. Олар ең алдымен өз мүдделерін ойлайды.
Әлия Мұхамеджанова, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік қызметті модернизациялау орталығының жетекшісі:
Иә
– «Болашақпен» білім алып келгендерге жағдай жасау мәселесін төтесінен қоятын кез әлдеқашан жеткен. Өйткені Үкімет қоржынынан қыруар қаржы бөлінген екен, енді соның тиімді жұмсалып, дұрыс игерілгені дұрыс емес пе? Әйтпесе қаншама жастар, яғни «болашақшылардың» елге келіп жұмыс таппай, құр сандалып жүргендері. Қай есікті ашсын мейлі, олардан барлығы бірдей тәжірибе сұрайды. Ал дипломды кеше алған адамда қайдағы тәжірибе? Осындайдан кейін сергелдеңге түскен балалардың ата-аналары таныс-тамыр іздеуге мәжбүр болады. Менің ойымша, керісінше, үйлестіру орталығы құрылса, сыбайлас жемқорлыққа жол берілмес еді. Жас мамандарды жұмыспен қамтамасыз етумен арнайы орталық айналысатын болса, көптеген проблемалар оң шешілері сөзсіз.
«Болашақпен» оқып келгендерді елеусіз-ескерусіз қалдырып, біз қаншама пайдадан қағылып отырмыз. Өйткені, менің пікірімше, шетелде оқып келгендердің білім деңгейі отандық оқу орындарынан сусындап шыққандардан көш ілгері. Осының өзі елдегі білім ошақтары халінің мүшкіл екендігін аңғартып тұрса керек. Мәселен, әлем бойынша жоғары оқу орындарының сапасы деңгейінен алдыңғы қатарда тұрғандар арасында Қазақстан бар ма? Жоқ. Бұрынғы КСРО елдері арасынан да әлі ешкім ондай биік дәрежеге жеткен емес. Оның негізгі себебі өздеріңізге белгілі, яғни аталған елдер білім саясатын дұрыс жолға қоя алмай келеді.
Артық айтқандық емес, біздің елдің білім жүйесі барған сайын құрдымға кетіп барады. Демек, еліміздің әл-ауқатын көтеруде шетелде оқып келгендердің де үлесі зор. Көрген-білгенін елінің игілігіне жұмсағысы келіп, ашыла алмай жүрген жастар қаншама?! Жалпы, «Болашақ» бағдарламасының берері көп. Дер кезінде пайда болған бағдарламалардың бірі. Қайта оны бұдан да кеңейте түссек, игі іс болар еді.
Мойындау керек, шетелдік оқу орындарының артықшылықтары жетерлік. Біздің академияда да «Болашақпен» білім алып келгендер жұмыс істеп жүр. Соларға қарап-ақ, мен шетелдік білім беру жүйесін жоғары бағалаймын. Білімді, білікті. Жақсы идеялар ұсынып, шетелде оқыған уақыттарының зая кетпегендігін дәлелдей алуда.
Мысал ретінде айта кетейін, менің мектеп бітіргеніме 35 жыл болыпты. Көбейту кестесін, Менделеев таблицасын және физика теоремаларын жатқа білемін. Менімен қатарлас адамдардың да білім-біліктілігі турасында осындай пікірдемін. Ал қазіргі кездегі мектеп оқушылары бүгін оқыған сабағын ертесіне ұмытып кетеді. Бұл – осы күнгі білім беру методикасының пісіп-жетілмегендігінің белгісі. Қазақстандағы білім беру сапасының қандай деңгейде тұрғандығын осыдан-ақ білуге болады.
Егер «Болашақ» бағдарламасынан бас тартып немесе аталған бағдарлама аясында білім алып келгендерге жағдай жасамасақ, онда жалпы білім саласын мықтап қолға алу керек. Әйтпесе, тағы айтайын, жағдай мүшкіл.
Бейтарап пікір
Естеріңізге сала кетейік, «Болашақ» халықаралық стипендиясы 1994 жылы тағайындала бастаған еді. Он жылдың көлемінде мыңнан аса бала шетелдік ЖОО-дан білім алса, 2005 жылдан бастап «Болашақ» балалар санын 3000-ға жеткізді. Биылғы жылғы деректі алға тартсақ, квота бойынша 800-ге жуық студентке «Болашақ» стипендиясы тағайындалған екен. Ал бұған мемлекет 16 миллиард теңге қаржы жұмсауды көздеп отыр. Қаражат демекші, бір «болашақшы» студентке жылына 10 000 доллар жұмсалатынға ұқсайды. Үкімет елдегі кадр мәселесін шешуді ойлайды, әрине. Сол мақсатта қаржыны молынан бөліп, бала санын да шектегісі жоқ. Ал бұдан не ұтып отырмыз? «Болашақ» түлектері мамандығына сай кәсіп таба алмай, онсыз да қарасы қалың жұмыссыздар саны көбеюде. Ал «өз елінде ұлтан болғанша, кісі елінде сұлтан болуды» көксейтіндерді қайтпекпіз? Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін болашағы бұлыңғыр «болашақшылардың» мәселесін мемлекеттік тұрғыда шешу керек.