«Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендерді жұмыспен қамтуды мемлекет өз мойнына алуы керек пе?

«Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендерді жұмыспен қамтуды мемлекет өз мойнына алуы керек пе?

Жақында өткен Үкіметтің кезекті отырысында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендерге көңілі толмайтынын айтқан болатын. «Соңғы кезде бізге «Болашақ» түлектері келе бастады. Біз оларды жұмысқа алып жатырмыз. Бірақ бәрін емес. Себебі бізге, ашық айтсақ, бакалавр мамандарын тықпалайды. Олардың білім деңгейі төмен. Біздің саламызға кем дегенде магистрлер керек. Ал сыраханада отырып ағылшын тілін үйренген адамнан кәсіби маман шығады деп айта алмаймын», – деген еді. Ал Үкімет басшы­сы Серік Ахметов мемлекеттік орган басшыларына «Бола­шақ» түлектерін жұмыспен қамту мәселесін шешуді тап­сыр­ды. Осы орайда «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендерді жұмыспен қамтуды мемлекет өз мойнына алуы керек пе» деген сұрақ туындап отыр. Егер шет­ел­­де оқып келген мамандардың білімі мен білігі сапа­сыз болса, жұмыспен қамтуда оларға басым­дық берудің қажеті қанша?! Алайда қоғамдық пікір әрқилы, мамандардың да өз айтары бар.


Нұрлан ӨТЕШОВ, ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы:
иә
– Үкімет белгілі бір мамандықтар бойынша жастарды шетелге жіберіп оқытып, ақшасын төлеп отырса, демек, ол мамандардың елімізге ке­рек болғаны. Әрине, мемлекеттің қар­жысын жұмсап шетелден білім алып келгендерге жұмыс беруді Үкі­мет өз қолына алғаны дұрыс. Мұны­мен «Болашақ» бағдарламасы бо­йын­ша оқып келгендердің барлығы мемлекеттік қызметке орналассын демеймін, бірақ жұмыспен қамтудың әртүрлі жолы бар. Болашақтықтарды мемлекет жұмыспен қамтып отыр дегенше, олардың қызметке орна­ла­суына ықпал жасап отыр деп айтқан дұрыс сияқты. Жалпы, Қазақстанда әртүрлі сала бойынша маман тап­шы­лығына ұшырап отырған өңірлер қан­шама.
Шетелде оқып келді деп «Болашақ» бағ­дарламасының түлектерін түгелдей Ұлттық компанияларға қызметке орна­лас­тыра алмаймыз, бірақ мемлекет олардың алыс- шалғайларға барып еңбек етіп, өз саласы бойынша сол өңірдің және жалпы еліміздің экономикалық жағдайын көтеруге үлес қосуына көмектесуі керек. Бұл бағдарламаның ең басты мақсаты да сол – мемлекеттік бюджетке шығын келтіріп, жас мамандарды оқытты ма, сол шығын­ның орнын толтырып, одан әрі көп пайда әкелуіне жағдай жасау болуы тиіс. Қазір халықаралық бағдарламалар бойынша оқып келген мамандарға мемлекет мін­детті түрде белгілі бір мерзім ішінде жұмыс­қа орналасып, қарызын өтесін деген міндет қоюы керек деген пікір жиі айтылады. Өз басым мұндай пікірмен келісе алмай­мын. Себебі шетелде оқып келсе де, жас мамандардың 100 пайызы өз күшімен жұ­мыс­қа қол жеткізуі қиын, тіпті мүмкін емес дер едім. Әрине, болашақтықтардың ара­сын­да да мықтылар жетерлік, дегенмен біліктілігі аз, білімі таяз жастар да жоқ емес. Олардың өз беттерінше қызметке орна­ласа алмасы сөзсіз, бұл дегеніміз – мем­ле­кеттік бюджеттің қазаны қайта тол­ты­рылмайды, қарыз өтелмейді деген сөз.


Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, саясаттанушы, ҚКХП Алматы қалалық комитетінің хатшысы:
жоқ
– «Болашақ» бағдарламасы бас­тапқыдан-ақ Елбасының жастардың білім алуына берген бірегей көмегі ретінде сипатқа ие болды. Мақсаты­мыз да шетелден білім алып, за­манауи технологияның тілін игеріп, тәжірибесімен бөлісіп, идея­лы тұлғаларды қалыптастыру болатын. Қазіргі заман – тың идеясы мен ақылы бар мамандарды аңды­ған заман. Егер «Болашақ» бағдар­ла­масымен жастар оқып, оқуын тамамдап, елге оралып жатса, олардың барлығы бірдей білімді, білікті дей алмаймыз. «Шетелден қандай жастар келіп жатыр» деген сұрақ қазір барлығымызды алаңда­тады.
Себебі «Болашақтың» түлектері өз­де­рі­не қойылған міндеттерді толық орын­дамай отыр. Қазір оларды жұмысқа алғысы келмейтін жұмыс орындарының бас­шы­ла­ры  «жұмысқа алмаймыз» деп отырған жоқ. Әйтсе де «көбінің тіл білгені ғана болмаса, білім­і шамалы» дейді.  «Бола­шақ­пен» оқып кел­гендердің кейбірінің білімі Қазақстанда оқығандардың дең­гейіне де жетпей жатады. Шетелде оқыған 10 маман болса, соның бесеуі ғана – өз ісінің маманы, ал қалған бесеуі сыра­ха­на­ның ар жақ-бер жағында жүріп тіл үй­рен­гендер ғана болуы мүмкін. Мемлекет әр «Болашақ» студенті үшін 100-150 мың АҚШ долларын жыл сайын жұмсайды. Егер олар елге келіп, ойына келгенін істеп, жанына не жайлы, сол іспен айналысар болса, мемлекетке қандай пайда? Бұл – «Болашақ» бағдарламасымен оқып кел­ген­дерге мемлекет жұмыс тауып берсін деген сөз емес. Мемлекет ақша төлеп оқыт­ты ма, бағдарлама түлегі мем­ле­кетке қызмет етсін, ал мемлекет жұмсаған қар­жысын қалай болған күнде де олардан «сорып», «суырып» алуы керек! Мил­лион­да­­ған ақша жұмсап, елге оралған соң олар­ды топ-менеджер етіп үлкен кор­по­рацияға отырғызып қойсақ, елге қандай пайдасы бар? Одан да сол қаржыны жатпай-тұрмай оқып, шетелден елімізге пайда­лы дүние әкеліп, өндіріске пайда­ланып, эконо­ми­ка­ның қарыштауына өз күшімен үлес қоса алатын адамға жұмсау қажет. Алдымен оқуының ақшасын төлеп, соңынан жұмы­сына дейін мемлекет тауып беретін болса, әділдік қайда қалмақ? Он­дай отансүйгіш, елі үшін білімін де, білігін де беруден аян­байтын жастар өз ішімізде жетерлік. Алайда солардың қаншамасы жұмыссыз жүр. Жасыратыны жоқ, қазір жұмыс табу қиын, бірінің тамыр-танысы бар, бірінің қалтасы қалың дегендей, ал қарапайым азаматтар екі қолға бір күрек таппай сандалып жүр. Халықаралық бағ­дар­ламалар бойынша шетелде кімдердің оқып жатқанын барлығы да біледі, олар­дың 50 пайызы – байлардың, шенеу­нік­тердің, бизнесмендердің бала­лары. Кейін елге келіп, жеке басының бай­лығы үшін ғана қызмет ететін ойы барлар болса, ешкім де кедергі жасамайды, әке­лерінің төлеп беретін қаржысына барып шетел­де оқып келсін, ал мемлекеттің қаржысы, расы­мен-ақ, лайықты, пайдасы тиер қара­пайым азаматтарға жұмсалсын, олар кейін мемлекеттің көмегінсіз-ақ жұмы­сын тауып, қарызын өтейді. Мем­ле­кеттік бюд­жет деген сөз – халық салығынан жи­нал­ған қаржы, сондықтан сұрауы да, талабы да қатаң болуы шарт. Шетелде оқы­ғандардың елге келіп, жоғары жалақысы бар жұмысты істеуі міндетті емес, елге пайдасы тисе болғаны. Сон­дық­тан, менің ойымша, мемлекет «Болашақ» бағ­дар­ламасымен оқып келгендерді жұ­мыспен қамтуды өз мойнына алмай, бағдар­ламаның міндеттерін орындауды маман­дардың өз мойнына салуы керек. Білімін дәлелдесін, жұмысын тапсын, пайда­сын тигізсін, мемлекет оларға өмір бойы демеуші болуға міндетті емес!
                                    Абай ОМАРОВ (коллаж)

Бейтарап пікір
Арман ХАЛБЕКОВ, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанаты Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысы:
– «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендерді жұмыспен қамтуды толықтай мемлекет өз мойнына алуы керек деген пікірді қолдамаймын. Себебі қазірдің өзінде оларға сұраныс жоғары. Егер жұмыс берушінің алдында қазақстандық ЖОО түлегі мен «Болашақ» түлегінің арасында таңдау тұрса, шетелде оқып келген маманның таңдалатыны сөзсіз, себебі олардың «шетелде оқыды» деген аты бар. Нарықтық заманда, жалпы, бүгінгі қоғамда қызметке қол жеткізу мәселесі – өте өзекті және қызу талқыланып келген, талқыланып жүрген, талқылана беретін мәселе. Сондықтан мемлекет жас мамандарға бөле қарап, шетелде оқуына бір рет мүмкіншілік беріп, жұмыс тауып беріп екінші рет мүмкіншілік жасаса, қоғамда теріс көзқарас пайда болады. Елімізде білім алып жүрген жастардың сағы сынып, Үкіметке деген ренішті пейілі туындауы мүмкін. Сондықтан білім алуға мемлекеттік те, халықаралық та гранттар бөліп, мүмкіндік жасап отырған еліміз жұмыспен қамту мәселесіне де бір деңгейде көңіл бөлуі тиіс деп есептеймін.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста