«Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендерді жұмыспен қамтуды мемлекет өз мойнына алуы керек пе?
Жақында өткен Үкіметтің кезекті отырысында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендерге көңілі толмайтынын айтқан болатын. «Соңғы кезде бізге «Болашақ» түлектері келе бастады. Біз оларды жұмысқа алып жатырмыз. Бірақ бәрін емес. Себебі бізге, ашық айтсақ, бакалавр мамандарын тықпалайды. Олардың білім деңгейі төмен. Біздің саламызға кем дегенде магистрлер керек. Ал сыраханада отырып ағылшын тілін үйренген адамнан кәсіби маман шығады деп айта алмаймын», – деген еді. Ал Үкімет басшысы Серік Ахметов мемлекеттік орган басшыларына «Болашақ» түлектерін жұмыспен қамту мәселесін шешуді тапсырды. Осы орайда «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендерді жұмыспен қамтуды мемлекет өз мойнына алуы керек пе» деген сұрақ туындап отыр. Егер шетелде оқып келген мамандардың білімі мен білігі сапасыз болса, жұмыспен қамтуда оларға басымдық берудің қажеті қанша?! Алайда қоғамдық пікір әрқилы, мамандардың да өз айтары бар.
Нұрлан ӨТЕШОВ, ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы:
иә
– Үкімет белгілі бір мамандықтар бойынша жастарды шетелге жіберіп оқытып, ақшасын төлеп отырса, демек, ол мамандардың елімізге керек болғаны. Әрине, мемлекеттің қаржысын жұмсап шетелден білім алып келгендерге жұмыс беруді Үкімет өз қолына алғаны дұрыс. Мұнымен «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келгендердің барлығы мемлекеттік қызметке орналассын демеймін, бірақ жұмыспен қамтудың әртүрлі жолы бар. Болашақтықтарды мемлекет жұмыспен қамтып отыр дегенше, олардың қызметке орналасуына ықпал жасап отыр деп айтқан дұрыс сияқты. Жалпы, Қазақстанда әртүрлі сала бойынша маман тапшылығына ұшырап отырған өңірлер қаншама.
Шетелде оқып келді деп «Болашақ» бағдарламасының түлектерін түгелдей Ұлттық компанияларға қызметке орналастыра алмаймыз, бірақ мемлекет олардың алыс- шалғайларға барып еңбек етіп, өз саласы бойынша сол өңірдің және жалпы еліміздің экономикалық жағдайын көтеруге үлес қосуына көмектесуі керек. Бұл бағдарламаның ең басты мақсаты да сол – мемлекеттік бюджетке шығын келтіріп, жас мамандарды оқытты ма, сол шығынның орнын толтырып, одан әрі көп пайда әкелуіне жағдай жасау болуы тиіс. Қазір халықаралық бағдарламалар бойынша оқып келген мамандарға мемлекет міндетті түрде белгілі бір мерзім ішінде жұмысқа орналасып, қарызын өтесін деген міндет қоюы керек деген пікір жиі айтылады. Өз басым мұндай пікірмен келісе алмаймын. Себебі шетелде оқып келсе де, жас мамандардың 100 пайызы өз күшімен жұмысқа қол жеткізуі қиын, тіпті мүмкін емес дер едім. Әрине, болашақтықтардың арасында да мықтылар жетерлік, дегенмен біліктілігі аз, білімі таяз жастар да жоқ емес. Олардың өз беттерінше қызметке орналаса алмасы сөзсіз, бұл дегеніміз – мемлекеттік бюджеттің қазаны қайта толтырылмайды, қарыз өтелмейді деген сөз.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, саясаттанушы, ҚКХП Алматы қалалық комитетінің хатшысы:
жоқ
– «Болашақ» бағдарламасы бастапқыдан-ақ Елбасының жастардың білім алуына берген бірегей көмегі ретінде сипатқа ие болды. Мақсатымыз да шетелден білім алып, заманауи технологияның тілін игеріп, тәжірибесімен бөлісіп, идеялы тұлғаларды қалыптастыру болатын. Қазіргі заман – тың идеясы мен ақылы бар мамандарды аңдыған заман. Егер «Болашақ» бағдарламасымен жастар оқып, оқуын тамамдап, елге оралып жатса, олардың барлығы бірдей білімді, білікті дей алмаймыз. «Шетелден қандай жастар келіп жатыр» деген сұрақ қазір барлығымызды алаңдатады.
Себебі «Болашақтың» түлектері өздеріне қойылған міндеттерді толық орындамай отыр. Қазір оларды жұмысқа алғысы келмейтін жұмыс орындарының басшылары «жұмысқа алмаймыз» деп отырған жоқ. Әйтсе де «көбінің тіл білгені ғана болмаса, білімі шамалы» дейді. «Болашақпен» оқып келгендердің кейбірінің білімі Қазақстанда оқығандардың деңгейіне де жетпей жатады. Шетелде оқыған 10 маман болса, соның бесеуі ғана – өз ісінің маманы, ал қалған бесеуі сырахананың ар жақ-бер жағында жүріп тіл үйренгендер ғана болуы мүмкін. Мемлекет әр «Болашақ» студенті үшін 100-150 мың АҚШ долларын жыл сайын жұмсайды. Егер олар елге келіп, ойына келгенін істеп, жанына не жайлы, сол іспен айналысар болса, мемлекетке қандай пайда? Бұл – «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендерге мемлекет жұмыс тауып берсін деген сөз емес. Мемлекет ақша төлеп оқытты ма, бағдарлама түлегі мемлекетке қызмет етсін, ал мемлекет жұмсаған қаржысын қалай болған күнде де олардан «сорып», «суырып» алуы керек! Миллиондаған ақша жұмсап, елге оралған соң оларды топ-менеджер етіп үлкен корпорацияға отырғызып қойсақ, елге қандай пайдасы бар? Одан да сол қаржыны жатпай-тұрмай оқып, шетелден елімізге пайдалы дүние әкеліп, өндіріске пайдаланып, экономиканың қарыштауына өз күшімен үлес қоса алатын адамға жұмсау қажет. Алдымен оқуының ақшасын төлеп, соңынан жұмысына дейін мемлекет тауып беретін болса, әділдік қайда қалмақ? Ондай отансүйгіш, елі үшін білімін де, білігін де беруден аянбайтын жастар өз ішімізде жетерлік. Алайда солардың қаншамасы жұмыссыз жүр. Жасыратыны жоқ, қазір жұмыс табу қиын, бірінің тамыр-танысы бар, бірінің қалтасы қалың дегендей, ал қарапайым азаматтар екі қолға бір күрек таппай сандалып жүр. Халықаралық бағдарламалар бойынша шетелде кімдердің оқып жатқанын барлығы да біледі, олардың 50 пайызы – байлардың, шенеуніктердің, бизнесмендердің балалары. Кейін елге келіп, жеке басының байлығы үшін ғана қызмет ететін ойы барлар болса, ешкім де кедергі жасамайды, әкелерінің төлеп беретін қаржысына барып шетелде оқып келсін, ал мемлекеттің қаржысы, расымен-ақ, лайықты, пайдасы тиер қарапайым азаматтарға жұмсалсын, олар кейін мемлекеттің көмегінсіз-ақ жұмысын тауып, қарызын өтейді. Мемлекеттік бюджет деген сөз – халық салығынан жиналған қаржы, сондықтан сұрауы да, талабы да қатаң болуы шарт. Шетелде оқығандардың елге келіп, жоғары жалақысы бар жұмысты істеуі міндетті емес, елге пайдасы тисе болғаны. Сондықтан, менің ойымша, мемлекет «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендерді жұмыспен қамтуды өз мойнына алмай, бағдарламаның міндеттерін орындауды мамандардың өз мойнына салуы керек. Білімін дәлелдесін, жұмысын тапсын, пайдасын тигізсін, мемлекет оларға өмір бойы демеуші болуға міндетті емес!
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Бейтарап пікір
Арман ХАЛБЕКОВ, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанаты Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысы:
– «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендерді жұмыспен қамтуды толықтай мемлекет өз мойнына алуы керек деген пікірді қолдамаймын. Себебі қазірдің өзінде оларға сұраныс жоғары. Егер жұмыс берушінің алдында қазақстандық ЖОО түлегі мен «Болашақ» түлегінің арасында таңдау тұрса, шетелде оқып келген маманның таңдалатыны сөзсіз, себебі олардың «шетелде оқыды» деген аты бар. Нарықтық заманда, жалпы, бүгінгі қоғамда қызметке қол жеткізу мәселесі – өте өзекті және қызу талқыланып келген, талқыланып жүрген, талқылана беретін мәселе. Сондықтан мемлекет жас мамандарға бөле қарап, шетелде оқуына бір рет мүмкіншілік беріп, жұмыс тауып беріп екінші рет мүмкіншілік жасаса, қоғамда теріс көзқарас пайда болады. Елімізде білім алып жүрген жастардың сағы сынып, Үкіметке деген ренішті пейілі туындауы мүмкін. Сондықтан білім алуға мемлекеттік те, халықаралық та гранттар бөліп, мүмкіндік жасап отырған еліміз жұмыспен қамту мәселесіне де бір деңгейде көңіл бөлуі тиіс деп есептеймін.