Банктердің ірі несиелерін қайтаруға мемлекеттік органдар көмектесуі керек пе?
Әлемдік қаржы дағдарысы шағын және орта кәсіпкерлік саласына біраз кері әсерін тигізді. Қазіргі таңда ірі компаниялардың да жағдайы мәз емес. Елімізде банктерден несие алып, қарызын қайтара алмай отырған ірі кәсіпорындар жетерлік. Осы ретте Ресей өз экономикасының қаржы жүйесін аман алып қалуы үшін банктеріне көмектесуді тәжірибеге енгізіп отыр. Мәселен, Ресейдің Бас прокуратурасы «Сбербанкке» 1 млн долларға жуық берген несиесін өтеп берген. Тіпті онда жол полициясы қызметкерлері қарызы барлардың көліктерін тәркілеп, ал кеден басқармалары болса, қарыз алушыны шет елдерге жібермейді. Банк жүйесінің сауығып кетуі үшін бізде де осындай қадамдарға барған дұрыс па?
Марат Сәрсенбаев, заңгер:
Иә
— Банктерге лицензияны мемлекет беретін болғандықтан, оларға көмектесуге міндетті. Өйткені кейбір ірі компаниялар алған қарызын төлеуден бас тартып, жалған банкрот жасап алуы ғажап емес. Ондай жағдайда банк қызметкерлері құқық қорғау органдарына шағымданып, компанияның жұмысын бірге тексеруі керек. Егер шағым негізді болып табылса, онда қылмыстық іс қозғап, оны БАҚ құралдарына жария ету қажет. Ал шын мәнісінде, компания қарызды төлей алмайтын жағдайда болса, онда қайтадан банкпен келісімге келіп, басынан шарт жасасқан дұрыс. Онда қарыз алған кәсіпорын банкке барып, «біз мына соманы қайтара алмай отырмыз, енді бұл қаржыны қысқартып, жылын ұзартсақ» деп банкке түсіндіріп айту арқылы қайта ымыраға отырады. Тіпті банк өкілдері сол кәсіпорынның болашағын да байқауы керек.
Егер келешекте жақсы табыс табатындай жоспар болса, онда банк қорықпай, тағы да қосымша қаржы бөліп, істің бір жолға түсуіне жағдай жасағаны дұрыс. Егер онда да қайтара алмаса, онда еліміздің құқық қорғау органдары бар, банктің өкілдері бар – барлығы бірлесіп, қарыз алушының мүлкін тәркілеп, кепілге қойған затын алу қажет. Себебі басында келісімшартта осындай міндеттеме алғаннан кейін, оны орындау шарт.
Қазіргі кезде кәсіпорынның қаржысын талан-таражға салу ниетімен жалған банкроттық жасайтын азаматтар баршылық. Міне, осыған қатысты жауапкершілікті күшейтуіміз қажет. Осындай әрекет жасайтындарға қарсы қатаң заң нормаларын енгізуіміз керек. Бұл ретте банктерге көмектесу үшін еліміздің құқық қорғаушылары ірі компанияларды үнемі бақылауға алғаны жөн. Себебі олар айыппұл төлеумен құтылып кетеді де, келесі жолы басқа мекеменің банкроттыққа ұшырауына араласады. Сондай-ақ егер кәсіпорын қарызды төлей алмайтын жағдайда болса, онда оны жағдайы жақсы мекемелерге беру арқылы, қарапайым халықтың жұмысына нұқсан келмейтіндей етіп, істі жалғастыратын жүйені ойластырғанымыз жөн.
Жемқорлық қазір тек билік басындағылар арасында ғана емес, қаржы-экономика саласында да жиі кездесетін болып жүр. Мысалы, қаржы операцияларын бұрмалау, кәсіпорынды жалған банкрот жасау, қаржыны шетелге заңсыз шығару сияқты әрекеттер орын алуда. Осы жағынан да қорғануымыз керек.
Атамұрат Шәменов, экономика ғылымының докторы:
Жоқ
— Санамалайтын болсақ, елімізде 35 банк бар екен. Нарықтың заңдылығына байланысты олардың барлығы дерлік жекеменшіктің қолында. Сондықтан жеке банктің ісіне, оның алған міндеттемесіне, басқасына мемлекет жауапты болмауы керек. Мемлекет оның алған қарызын жабуға, не берген несиесін қайтадан алып беруге тиіс емес. Ірі компаниялар алған несиесін төлей алмай қалған жағдайда, оған прокуратура өкілдерін немесе қаржы полициясын араластырып, дау тудырудың керегі жоқ. Себебі басында екеуара келісімге отырғанда «қарызды қайтара алмаған жағдайда бұл іске прокуратура араласады» деген шарт болмайды. Демек, өздері шешуі керек. Оның үстіне, прокуратура біреудің қарызын өтеп беретін мекеме емес, ол – заңның дұрыс орындалуын қадағалаушы орган. Сондықтан банк пен компанияның арасындағы келісімшартқа олардың араласуға құқы жоқ.
Егер компания жалған құжат жасап, алаяқтық арқылы банктен несие алып, оны төлемей қойса, онда банк қызметкерлері құқық қорғау органдарына шағымдана алады. Осындай арыз түскен жағдайда тексеріледі. Ал енді келісімшартқа отырып, ол компания дағдарысқа байланысты несиесін өтей алмаса, ол прокуратураның жұмысы емес. Оны алудың басқа жолдары бар. Біріншіден, банк өзі ұтылатындай болып, ешқашан несие бермейді. Мәселен, банк жағдайы жақсы, ертеңгі күніне сенімді компанияларды ғана қаржыландырады. Ал болашағы бұлыңғыр кәсіпорындарды ешқашан жолатпайды. Екіншіден, кез келген компанияларға қаржы бөлер кезде, міндетті түрде берген қаражатына қарай кепілзат алады. Тіпті сол жылжымайтын болсын, басқа болсын, оның барлығының бағасын төмендетіп есептейді. Банктер ақымақ емес, осының барлығын алдын ала болжап отырады. Сондықтан бұл жерде банк ешқашан ұтылмайды. Енді банктердің қаржысын қайтармай жатыр деп компаниялардың соңына прокуратураны түсіріп қойғанымыз жөнсіздік болады.
Кезінде банк шетелден арзан несие алды да, халыққа кем дегенде 15 пайыздан жоғары қылып берді. Кейін қарызға батып, оларға мемлекет көмектесіп жатыр. Бұл да дұрыс емес. Себебі бұл жерде Үкімет бір көмектесер, екі көмектесер, тіпті бүкіл бюджеттің ақшасын салғанымен де, банктерді тығырықтан шығара алмайды. Сондықтан Үкімет банк, халық болып бірігіп, бұл тығырықтан шығудың жолын қарастыру керек. Жұртшылықтың банктерге сенімін оятып, қайтадан халықтың қаржыларын банкке салатындай механизмдерді іске қосуымыз қажет. Қазір жадағай патриотизммен халықты сендіре алмайсың. Сол үшін халықтың салған тиынын көбейтіп беретіндей жолдарды ойластырған жөн. Демек, бірігіп жұмыс атқарғанда ғана бұл тығырықтан шығамыз.
Бейтарап пікір
Қиябек БЕКБЕРДИЕВ, кәсіпкер:
– Кез келген өндіріс иесінің өзінің ойы, болашақ бизнес жоспары болуы керек. Ол сол бойынша алған несиесін қайтаруды да есептеп қояды. Сосын барып несие алады. Оның үстіне несиені банктер тегін беріп отырған жоқ. Менің үй-жайыма, көлігіме дейін кепілге алады олар. Егер қарызды қайтара алмасам, банк кепілдегі затымды тартып алады. Бұл жерде екіжақты келісімшарт жасасқан соң, оған құқық қорғаушыларды араластырмаған жөн.