Биылғы жылдың басты жаңалығы – арақ-шарап пен темекі өнімдері бағасының қымбаттауы. Бұл елдің ішімдікке әуестігін азайту және экономикамызды көтеру мақсатында қолға алынған шара екені даусыз. Алайда бұл өзгерісті қоғам түрліше қабылдаған сыңайлы. Бірі аталмыш өнім түрлерінің қымбаттауын қалыпты жағдай деп қабылдаса, кейбіреулері арақ пен темекіге деген тәуелділік төмендемейді деп жүр. Расында, арақ-шарап бағасының қымбаттауы шылым мен араққа тәуелділердің қатарын азайтуы мүмкін бе? Біз осы сауал бойынша мамандардың пікірін тыңдап көрген едік.
Қуаныш Айтаханов, сенатор:
Иә
– Арақ-шарап бағасын қымбаттату арқылы, ең алдымен, келешек ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Бұл заң жобасы санасын әбден арақ пен темекі билеп алғандар үшін жасалған жоқ. Ондайлар біреуге жалданып жүріп те қажеттісін алады. Бұл – болашақ ұрпақ үшін жасалып отырған шаруа. Қалай болған күнде де арақ пен темекіге тәуелділердің жолын кесетін бірден-бір жол болып отырғанын айту керек.
Бұл өнімдер қымбаттау болып көрініп тұратын болса, арақ пен темекіге бейім емес адамдар бара қоймайды. Қаржысын басқа бағытта жұмсайды. Ал арзан болған соң, «осыны ішіп көрейік, неміз кетіп барады» дейтіндер көп қой. Бұл бағыт та өте маңызды болмақ.
Жалпы, ұлт үшін, болашақ үшін қажет. Салауатты өмір салты үшін кешенді іс шаралардың бірі ғой деп ойлаймын.
Мұндай жағдай халықаралық тәжірибеде баяғыдан бар. Батыс мемлекеттерінде арақ-шарап өнімдерінің бағасы екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіндей деңгейде болғандықтан, халықтың басым бөлігі аулақ жүреді. Оны қымбаттатпақ түгіл, мүлдем сатқызбай тастау мәселесін көтеріп отырған елдер де жоқ емес. Қонақүй, мейрамхана секілді көпшілік отыратын мәдени орындарда арақ-шараптың кез келген түрін ішуге тыйым салынып жатыр. Бұл, бір жағынан, қоршаған ортаны былғайды. Темекі түтінінің салдарынан қаншама емі жоқ аурулар пайда болып, адамдар өмірден кетіп жатыр. Мемлекетке қаншама салмақ түседі. Осыны ескерсек, арақ-шарап бағасын көтерудің маңызы өте зор.
Біз де ұзамай осы дәстүрге келеміз. Тыйым жолымен емес, насихат жолымен жүргізетін боламыз. Жастарды тәрбиелеу, салауатты өмір салтын қалыптастыру жолында көп жұмыс жасауымыз қажет. Сол кезде отандық бизнес өкілдері арақ-шарап өндірісімен айналысуды қоя бастайды. Бүгінде мұндайлар аз. Жастарымыз зиянды әрекеттерден аулақ бола бастады. Осыдан 20 жылдай бұрын жастарымыз қолына ақша түсті болды, жүгіріп барып, сыра, шарап алып, темекі шеккенді мәртебе көретін еді.
Мейрам Мұқышев, «Абырой» сайтының редакторы:
Жоқ
– Қай уақытта болсын дүкен сөрелеріндегі шарап пен шылымға деген сұраныс төмендеген емес. Реніші де, қуанышы да көп халқымыз бағаға қарамайды. Биыл да Жаңа жылды тойлағандар бағаға қараған жоқ. Дүкен сөрелері жылдағыдай бос қалды деуге де болады. Сол себепті спирттік өнімдер саудасы төмендеп кетті дегенге сену қиын. Арақ-шарап бағасының қымбаттауы шылым мен араққа тәуелділердің қатарын азайта алмайды. Бағаның қымбаттағанына, міне, он шақты күн болды. Адамдар алып жатыр. Бағасы көтеріліп кетіпті деп, кері айналып кетіп жатқандарды көрмедік.
Ал шылым бағасының қымбаттағаны көпшіліктің қалтасына әжептәуір салмақ салатыны сөзсіз. Сонда да бас тартып жатқан ешкім жоқ.
Бұл жамандық атаулыны, соның ішінде еліктіргіш заттарды татып көруге даяр тұратын жастарға тоқтау сала қояды деуге сену қиын. Үйреншікті әдетінен арыла алмай жүргендер соңғы тиынын санап беруге әзір. Соңғы жылдары азық-түлік түрі тұрақты түрде қымбаттап келеді. Басында тұтынушылар аздап ренжіп жатады. Көп ұзамай үйреншікті жағдай болып шыға келеді. Арақ-шараптың қымбаттау үрдісі де осылай болып шыға келетіні сөзсіз. Бұл – шындық, жасырғаннан не ұтамыз?
Қайталап айтамын, ішемін деген адамды ештеңе тоқтата алмас. Халық арақ пен темекі қымбаттады екен деп үйреншікті әдетін тастай салмайды. Ал тіптен қарапайым халықтың қалтасы көтере алмайтындай қылып қымбаттатып жіберсек те, ештеңе өзгермейді. Керісінше, қолдан спирт жасау, астыртын цех секілділерді көбейтіп аламыз. Бюджет қоржынын толтырамыз деп жүріп, көлеңкелі бизнестің қалқасында қалып қоймайық? Қаржыдан бұрын адам денсаулығы маңызды.
Кезінде дағдарыс уақытында мұндай оқиғалар да болды. Арақ-шарақ өнімдерін халық қолдан жасап сатқан жоқ па? Қаншама адам уланып, қайтыс болып кетті. Лосьон, әтір, түрлі техникалық спирттен бастап, әртүрлі еліктіргіш элемент қосылған сұйықтықтарды ішу оқиғалары болғанын ұмытпаған жөн.
Түйін
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 5 миллионнан астам адам темекіге тәуелді екен. Күн сайын шылымның зардабынан 70 адам қаза болады. Нақтырақ айтсақ, бір жылдың ішінде елімізде 25 550 адам көк түтіннің зиянынан көз жұмады екен. Ал арақ-шараптың қоғамға әкеліп отырған зиянын айтып жатудың өзі артық секілді. Бұрын бір литр арақ шамамен 500 теңге тұрса, енді ол 600 теңгеге дейін өсті. Алдағы уақытта да арақ-шарап бағасы қымбаттай бермек. 2014 жылға дейін жыл сайын 20 пайызға қымбаттай беретін болады.