Ашаршылық пен қуғын-сүргінді қазақ халқына жасалған геноцид деп бағалайтын уақыт жеткен жоқ па?
Тарихшылар қауымы ашаршылық пен қуғын-сүргіннің қазаққа қарсы жасалған геноцид екенін дәлелдейтін деректерді талай келтіріп жүр. Ашаршылық кезінде көрші елдерде, тіпті тұрмыс-тіршілігі қазаққа барынша ұқсайтын қырғыз бен қарақалпақ елдерінде де қалыпты өмір болып жатқанын кез келген дерек пен әдебиеттер қуаттайды. Алайда тарихшы мен әдебиетшінің аузынан айтылған сөз бөлек, ал оны ресми түрде мойындап, саяси баға берген биліктің тұжырымы – мүлде бөлек нәрсе. Алайда қоғамда бұл мәселеге қатысты екі түрлі көзқарас бар.
Жұмабек АШУҰЛЫ, «Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар» қауымдастығының төрағасы:
иә
– Парламент тарапынан мұндай құжат міндетті түрде қабылдануы керек деп есептеймін. Жалпы, ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін бөлудің қажеті жоқ еді. Себебі екеуі де – бір жоспардың тармақтары. Қазақты құртудың екі түрлі әдісі ғана. Сонымен қатар аза тұту күнінің формасы болуы керек. Қаралы күн жариялағанымыз дұрыс болар еді. Дәл сол күні той-томалақты қысқартып, баспасөздер мен телеарналарда әзіл-қалжың, шоу-бағдарламаларды берудің қажеті жоқ.
Ресми мекемелердегі мемлекеттік тулар түсіріліп, миллиондаған құрбандарды еске алып, Құран бағыштау қажет. Тарихшы ғалымдардың барлығы дерлік бірте-бірте осы көзқарасқа тоқталып жатыр.
Мұның геноцид екені жан-жақты мойындалуда. Қазақты ұлт ретінде жойып жіберуге арналған саяси шара екені анық. Мәселен, көрші Өзбекстанда, Қырғызстанда аштық болған жоқ. Бізді қоршаған көршілердің арасында түрлі нәубетке душар болғаны біз ғана. 1931-32 жылы Үкімет басында отырған Ораз Исаев орталыққа телеграмма жөнелтеді. Онда былай деп жазылған: «Халық аштан қырылып жатыр. Тым болмаса аң аулауға рұқсат беріңіздер». Сол өтінішке былай деп жауап келген: «Бір аң ататын болсаңдар, сотталасыңдар». Яғни геноцид екенін әшкерелейтін құжаттар жетіп-артылады. Сол құжаттар халықаралық деңгейде қарастырылатын болса, бірден мойындалады деп ойлаймын. Жалпы, бұл мәселеде украиндерден үлгі алғанымыз дұрыс. Олар мұны халықаралық деңгейде көтеріп жатыр. Бүкіл әлем украиндерге қарсы геноцид болғанын мойындауға аз қалды. Түптеп келгенде қуғын-сүргін мен аштықтан қырылған қазақтардың саны украиндардан көп. Алайда біз бұл мәселені көтеруге енжарлық танытып отырмыз.
Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар жайлы мәліметтер мектеп оқулықтарында өте аз, жеткіліксіз жазылған. Негізі, Тәуелсіз ел тарихында ең алдымен оқылатын нәрсе репрессия құрбандары жайлы мәліметтер болуы керек еді. Кезінде қазақ халқының 70 пайызы саясаттың сойқанынан зардап шеккен. Ал бүгінгі күні мұны неге ашып көрсетпеске?
Яғни бізге бұл оқиғалардың геноцид болғанын қуаттайтын заң жобасы керек. Оның бізге берері көп. Біріншіден, жастардың санасын аршуға, халықтың рухын көтеруге қажет. Қазақтың басына түскен қасіреттің қандай болғанын, бабаларымыздың қандай көреген, көзі ашық болғанын көрсетеді. Бүгінгі тәуелсіздігіміз қаншама адамның қаны арқылы, жаны арқылы келгенін салмақтауымыз қажет. Сол арқылы біз ұрпақ тәрбиелейміз.
Өкінішке қарай, бұл туралы қазір аз айтылып жатыр.
Серікболсын ӘБДІЛДИН, Коммунистік партияның бұрынғы жетекшісі, саясаткер:
жоқ
– Репрессияға жалғыз қазақтар ғана емес, Кеңес Одағының құрамында болған республика халықтарының көбі ұшырады. Оны бір ұлтқа жіктеп алудың қажеті жоқ деп есептеймін. Кез келген саяси іс-қимылымыз әділеттілікке, шындыққа негізделуі керек. Жалаң ұран көтереміз деп объективтіліктен алыстап кетпегеніміз дұрыс.
Жалпы айтқанда, ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, бұл күнді атап өту біз үшін маңызды. Ол келешек ұрпақтың сондай жағдайды болдырмауға әрекет етуіне тәрбиелейді. Себебі, шындап келгенде, қуғын-сүргін кезінде қазақты қазақ ұстап берген жағдайлар өте көп болды. Басқаны былай қойғанда, Сәкен Сейфуллинді ұстап берген де – өзіміздің зиялы адамдар.
Бұл – ұлттыңқ қателігі деген сөз. Оны біз қалай кеңестік үкіметке ғана жаба саламыз?. Өкінішке қарай, бұл мінез бізде қазір де бар. Қазір де біз өзімізді-өзіміз қорғай алмаймыз. Бүгін біз өшпенділікке, зорлық-зомбылыққа құмар болудан қашуымыз қажет. Сондықтан бұл күнді атап өту маңызды.
Ал оны геноцид ретінде көрсетіп, бар айыпты өзге халықтың мойнына арта салудың қажеті жоқ. Мұндай құжат Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасына кері әсерін тигізеді дейтіндер бар. Алайда менің қарсылығым оған байланысты емес. Өйткені саяси қуғын-сүргінді орыстардың өздері де кешті ғой. Атылып кеткен, айдалып кеткен орыстардың саны қазақта аз емес. Орыстың да маңдайалды тұлғалары осы саясаттан зардап шекті. Басқаны былай қойғанда, Орталық Ресейдің өзінде аштық орын алғаны тарихтан белгілі. КСРО-ның құрамындағы кез келген халықта аштық болды, кез келгенінде қуғын-сүргін оқиғалары орын алды. Орыстар орыстарды сатты, украиндар украинды ұстап берді. Біздікі де сол көрініс. Сталин өзі келіп бір қазақты тергеген жоқ. Тергелуші де, тергеуші де көп жағдайда – өзіміз. Бұл шындықтарды ашуға дайын болсақ та, дайын болмасақ та ашу керек, айтылу керек. Оны айтпасақ, шындық ашылмайды, өткеннен сабақ ала алмаймыз. Шындық айтылғанда ғана біз ұлт болуды, бірлікке келуді үйренеміз.
Мансұр ХАМИТ (фото)
Түйін
Тасбай СИМАМБАЕВ, қоғам қайраткері:
– Депутаттар тарапынан мұндай бастама көтерілсе, қолдауға лайық деп есептер едім. Шындығына келгенде, оның геноцид екенін дәлелдейтін тарихи құжаттар күннен-күнге ашылып жатыр. Қазақ өз тарихында небір нәубетті, небір соғыстарды бастан кешті. Бұл саясаттың опасыздығы соғыстан да сорақы дер едім. Егер мұндай геноцидті бастан кешпегенде қазір халқымыздың саны қазіргіден кемінде бес есе көп болары сөзсіз. Ендеше, ешкімнің көңіліне қарап жатпай осындай құжат қабылдау керек. Бір кездері Холокостта геноцид көрген еврейлер қазір Германиядан жыл сайын 1 млрд доллар төлем өтемақы алады. Геноцидтен қырылған қазақтың саны еврейлерден кем емес, артық. Біз өтемақы талап етпесек те, соны мойындауын талап етуіміз керек. Бұл туралы заң қабылдап, БҰҰ-на да геноцид деп тануын талап етіп құжат жолдау керек.