Әр мемлекеттің өз демократиясы болады дегенге келісесіз бе?
Ғылыми, саяси ортадағы заманауи демократияның бейнесі жөніндегі пікірталастар бір сәт тоқтаған емес. Тіпті қайбір жылдары бұл тақырып «үлкен сегіздіктің» отырысында да дау туғызғаны бар. Біреулер «егер демократия адамзатқа ортақ құндылық болса, ол барлық жерде бірдей болу керек» дегенді айтады, енді біреулер демократияның әр аймақтың ыңғайына, ұлттық ерекшелігіне қарай икемделу керектігін ескертеді. Бұл тақырыпта қазақстандық зиялы қауым не дейді?
Нәбижан МҰХАМЕТХАНҰЛЫ, тарих ғылымының докторы, қытайтанушы:
ИӘ
– Әр елдің саяси жағдайына, ұлттық менталитетіне, тарихи дәстүріне негізделген демократиясы болады. Демократия адамзатқа ортақ құндылық болғанымен, капитализм қалыптасқаннан кейін Парламентті, бұқаралық ұйымдық, үкіметтік емес сектор деген секілді демократияның саяси жүйелері пайда болды. Әрине, әр мемлекет өзіне ыңғайлы жүйені қабылдайды. Байырғы философиялық ұстанымдарынан бастау алатын Батыс елдерінің кейбір ұстанымдары Шығыс елдеріне келе бермейді. Мысалы, «Қытайда демократия бар ма?» деген сұрақ қойылса, мен қытайтанушы маман ретінде «бар» деп жауап берер едім. Бірақ оның келбеті қандай? Қытайдың демократиясы – жабық демократия. Оның кейбір ерекшеліктерін атап берейін. Бұл мемлекет қандай да бір саяси шешім қабылдау үшін ғылыми-демократиялық еркін зерттеулер жүргізіледі.
Бұл зерттеуде мемлекет басындағылардың пікір-көзқарасы мен қас-қабағы ескерілмейді. Бейтарап ғылыми жұмыс жасалады. Содан кейін ғана оны саясат қабылдайды. Бұл да демократия ғой. Соның арқасында елдің жан-жақты даму көрсеткіші соңғы жылдары орасан жылдамдықпен артып келеді. Ал ғылыми-зерттеу арқылы келген саяси шешімді БАҚ құралдары немесе жекелеген адамдардың сынға алуына, әртүрлі формада талқылауына тыйым салынады. Сол секілді Қытайдың мемлекеттік кадрлар таңдауында да өзіндік ерекшеліктер бар. Бірақ оларды демократияға қарсы деуге болмайды. Мұндай ерекшеліктерді Батыс қабылдай алмас еді. Қысқасы, Қытайдың демократиясында бірін-бірі бақылаушы үш билік жоқ. Ал демократияны абсолюттік компартия жүзеге асырады. Батыстың логикасына салсақ, мұндай тәртіп парадокс болып көрінуі мүмкін, бірақ іс жүзіне келгенде нәтиже беріп жатыр ғой. Оның дәлелі – әлеуметтік даму көрсеткіші. Міне, сол үшін де мен әр елдің өз демократиясы болады деп айтар едім. Үндістанның демократиясының да өзіндік үлгісі бар. Жалпы, Шығыстың философиясы ұжымдық санаға негізделгендіктен, демократия деген кезде біз үшін мемлекеттік мүдде елестейді. Ал индивидуалистік Батыс үшін алдымен жеке бастың қамы қымбат. Әрине, жеке адамның құқығы қымбат, бірақ ол мемлекеттік мүддеден артық емес. Ал сөз бостандығына келсек, қоғамның біртұтастығы үшін, қоғамның дамуы үшін еркін сөйлеуге болады. Бірақ соған кері әсер ететін пікірлердің қажеттілігі қанша? Немесе бірнеше адам бірігіп жаңа дін ойлап тапса, үй ішіне үй тұрғызбақ болса, бұл да қоғам дамуына үлес қоспайды, керісінше кесірін тигізеді. Сондықтан америкалық үлгідегі демократияны өзге бір елге сол қалпы көшіре салуға әсте болмайды. Себебі бұл елде негізгі ұлт жоқ қой. Америкалық үлгідегі демократия тек Америка халқы үшін ғана таптырмас құрал. Ал Қазақстан үшін меніңше, жартылай жабық демократия керек.
Досым СӘТПАЕВ, Тәуекелді бағалау тобының директоры, саясаттанушы:
ЖОҚ
– Жоқ, мен олай ойламаймын. Демократияның баршаға ортақ әмбебап құндылықтары болады. Сол құндылықтарды ұстанатын мемлекетті демократиялық ел деп атаймыз. Яғни олардың фундаменті бірдей болу керек, ал «ғимараттарының дизайндері» әртүрлі болып жатса, ештеңе етпейді. Мысалға алатын болсақ, америкалық үлгідегі демократия бар, британиялық үлгідегі демократия немесе Үндістан секілді парламенттік негіздегі демократиялық жүйе болады. Бұлардың қай-қайсысын да классикалық демократия деп атайды. Соған қарамастан, сүйенетін құндылықтары ортақ. Өзін «біз демократиялық мемлекетпіз» деп жариялаған елдер алдымен БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі декларацияға қол қояды. Сондықтан «біздің демократиямыз өзге елдердің демократиясына ұқсамайды» деген секілді пікірлер логикаға келмейді.
Мысалы Қытай да өзін демократиялық елміз деп атайды. Социалистік негіздегі нарықтық экономика, коммунистік демократия деген ұғымдар түптеп келгенде, бір-біріне қарама-қайшы ұстанымдар болып табылады. Бұл екеуі екі бөлек ұғым екенін бәрі түсінеді. Мемлекеттік құрылымына келгенде Қытай – өзге ешбір елге ұқсамайтын құбылыс. Кеңес өкіметінің кезінде-ақ Қытай большевиктері демократиялық ұстаным жөнінде айтып жүретін. Қысқасы, Коммунистік партияның монополиясы жайлаған Қытайдың «демократиясы» ақиқаттан алыс жатыр. Бұл тек мемлекеттің имиджін жақсарту үшін ғана ойлап табылған амал.
Демократия болғаннан кейін ол елде міндетті түрде сөз бостандығы мен сенім бостандығы орнап, сайлаулар әділ өтуі шарт. Сынға еркіндік беріліп, бәсеке орнау керек. Кез келген дінді алып қарасаңыз да «ұрлама», «өлтірме», «қиянат жасама» деген сияқты қарапайым насихаттарға сүйенеді ғой. Демократияның талаптары да сол секілді өте қарапайым болады. Бұрмаланған демократиялы елді «демократиясы жоқ мемлекет» деп атағанымыз жөн. Тіпті жай ғана демократия мен либералды демократия деген ұғымдардың ұстанымдарында, өзегінде айырмашылық жоқ. Себебі либералды демократия дегеніміз, адамдардың бостандығын қамтамасыз етуге негізделген. Қазақстан болашақта толық демократиялық елге айналуы әбден мүмкін. Мысалы, бір кездері әсіре авторитарлы ел болған Оңтүстік Кореяны алайық. Бұл елдегі билікті әскери хунта өзгертті. Бірақ қазір салыстырмалы түрде қарағанда, демократиясы әлдеқайда жетілген мемлекет қой.
Түйін
Демократияны насихаттауда ұлттық ерекшеліктерді мойындамау – әлемнің көп ұлттан тұратынын мойындамаумен тең. Ал ашықтық, сөз бостандығы, әділ сайлау секілді құндылықтардың қажеттілігіне ешкім дау айтпайды. Дегенмен кез келген бәсекелестіктің межесінен асып кетуі келеңсіздікке соғатынын данышпан Абай да айтып кетіп еді. «Білім алу үшін де бақастық (бәсекелестік) керек. Тым артық бақастық адамдықтан кетіреді».