Ақылы ету арқылы автожолдардың сапасын көтере аламыз ба?

Ақылы ету арқылы автожолдардың сапасын көтере аламыз ба?

Қоғамдағы қордаланған мәселелерді әр саладағы азаматтардың пікірімен саралайтын «Ой-көкпар» айдары бүгінде СТВ арнасымен бірге телевизиялық жобаға айналып, бағдарламаның жазбаша нұсқасы апта сайын «Алаш айнасы» газетінде жариялануда. Күнделікті қоғамда орын алып жатқан кез келген мәселені қоғам талқысына салып, саралауды көздейтін кезекті бағдарлама  «Ақылы ету арқылы автожолдардың сапасын көтере аламыз ба?» деген тақырыпқа арналып отыр. Өйткені  соңғы кездері еліміздегі кейбір жолдарды ақылы ету жайы жиі сөз болуда. Аталмыш мәселенің артықшылығы мен кемшілігі неде? Жолдарды ақылы ету оның сапасына көрсеткіш бола ала ма? Тақырыпты мамандардың талқысына салып, ақылы жол мәселесін таразылап көрген едік.

«Алаш айнасы» газеті мен СТВ телеарнасының бірлескен жобасы

«Алаш айнасы» – «Ой-көкпар» бағдарламасының жазбаша нұсқасы.
Жүргізуші: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ.
Бағдарлама ұзақтығы: 27 минут.
Эфирдегі уақыты: жұма күні сағат 22:30.
Хабар қонақтары:
Әбді ҚИЯЛБАЕВ, Қазақстан автожол саласы
бойынша ғылыми қызметкер,
техника ғылымының докторы, профессор
Амалбек ТШАН, мемлекет және қоғам қайраткері


Әбді ҚИЯЛБАЕВ, Қазақстан автожол саласы бойынша ғылыми қызметкер, техника ғылымының докторы, профессор:
Иә

– Менің ойымша, ақы­лы ету арқылы автожол­дар­дың сапасын көтеруге әб­ден болады. Негізі, біз жол мәселесіне келгенде ір­ге­лі елдердің тәжірибесіне кө­бірек мән беруіміз керек. Мә­селен, Жапония немесе да­мыған Еуропа елдерінің бар­лығында дерлік ақылы жол­дар бар. Біздің еліміз де экономикалық тұрғыдан да­мыған елдердің қатарына ілі­ніп келеді. Біз көбінесе жол­дарға жай ғана «жол» деп қараймыз. Ал оған нарықтық тұрғыдан мән беріп, ақылы ету ар­қы­лы олардың сапасын жақ­сар­туға мән бере бер­мей­міз. Негізі, маңыздылығы бо­йынша жолдар бірнеше санатқа  бөлінеді. Солардың ішінде менің ақылы етуге толық мүмкіндігіміз бар деп санап отырғаным – халықаралық көліктік дәліздер. 
Оның Қазақстан бойынша жалпы ұзын­дығы 10 500 шақырымға созылып жатыр. Оның үсті­не ақылы жолдардың міндетті түр­де балама жолдары болуы тиіс. Өйт­кені біз халықты ақылы жолмен жүру­ге еріксіз мәж­бүрлеуге тиіс емеспіз. Дегенмен жо­ға­рыда аталған талап­қа сәйкес жолдарды біртіндеп ақылы ету арқылы дамы­ған елдердегідей сапасын көтеруі­мізге бо­лады. Сон­дықтан жол­дар­ды ақылы ету арқылы осы жол­дар­­дың сапасы мен оған жауапты меке­ме­лердің жа­уап­кершілігін арт­тыруға мүм­кін­діктер туындайды. Айта кетер жайт, ақылы жолдарда жер­гі­лікті тұр­ғындар мүмкін­ді­гін­ше ең төмен­гі баға­мен жүр­се, транзиттік кө­лік­тердің қоз­ғалысы бұ­дан сәл қымбаттау тариф­пен жүре­ді.


Амалбек ТШАН, мемлекет және қоғам қайраткері:
Жоқ

– Еліміздегі жол мәсе­ле­сі кө­кей­кесті мәселе екені анық. Жол – адам­ның қан та­­­мыры сияқты жүйелі объект. Егер біздің қан та­мыр­­­лары­мыз жақсы жұмыс істеп тұрса ден­сау­лығымыз да мығым болып, өмір сү­руі­міз де жеңіл болады. Сол секілді жолдары­мыз­дың са­пасы жақсы болса күн­делікті өмірде қарым-қа­тынасымыз ойдағыдай бо­лар еді. Сон­дық­тан өр­ке­ниетті елдердің қай­сыбірі бол­сын ең алды­мен жол­дың сапасының жақ­сы бо­луы­на назар ау­да­рады. Жолдың стратегиялық, эко­но­микалық және әлеу­мет­­тік тұрғыдан ма­ңызы зор. Қытай елінің эконо­ми­калық тұрғыдан қарыштап дамығаны соң­ғы 20 жылдың көлемі деуге бола­ды. Осы жылдар ішінде Қытай елі жол­ға айрықша көңіл бөлді.
Олардың ең бір ұтқаны да – сол жолға көңіл бөлуі. Қазір Қытай­дың қай бұры­шына барсаңыз да, жолдарының сапасы айрықша жоғары деңгейде. Яғни Қы­тай­дың қай бұрышына барып, өнді­ріс орнын ашамын десеңіз де, жолы сақа­дай сай. Осы тұрғыдан келгенде, жол­ға көңіл бөлу арқылы мемлекет­тің дамуына оңай жол ашуға болады дер едім. Біз ең алдымен бұл жерде халыққа қо­лай­лы жағдай ту­ғы­зуды ойлауымыз керек. Мә­се­лен, өз елімізде жүріп, не­ге мен жол­ға ақша төлеп жүру­ім керек?! Ал жалпы елі­міздің жол­да­ры­ның сапасы сын көтер­мейді. Ал он­дай жолдарды ақы­лы етудің қажеті жоқ деп санаймын.


тартыс бөлімі                                                                                                                              
Жүргізуші:
– Қонақтарымыздың пікірі айқындалды. Енді бағдарламамыздың «Тартыс» бөліміне өтіп, ойымызды тарқатып айтсақ. Әбді мырза, дәл қазір еліміздегі жолдарды ақылы ету мәселесі тиісті орындар тарапынан талқылану үстінде. Осы орайда айта кетер жайт, 2000 жылдары Семей қаласында ақылы көпір қолданысқа беріліп, көп ұзамай қайтадан ақысыз жүйеге ауыстырылды. Мұның себебі неде? Ақылы жүйені халықтың қабылдамауынан ба, әлде басқаша себептер болды ма?
Әбді Қиялбаев:
– Ақылы жүйе дегеніміз – бұл жолдың бағытына келіп отырған тікелей қаржы көзі, яғни ақша. Ал ақша жүрген жерде жауапкершілік қатаң сақталуы тиіс. Яғни жауапкершілік жүгін көтере алатындай ереже болуы керек. Меніңше, сол кездерде Семей мен Өскемендегі ақылы объектілерде тиісті деңгейде бағдарлама мен ереже болмаған сияқты. Сондықтан жүйесіз жоспарланған іс көп ұзамай-ақ тоқтап қалды. Мәселен, Жапония­дағы бір шақырым жолдың күтілімі 150 мың доллар көлемінде болса, Австралия мен Германия елдерінде – 45 мың доллар, көршілес Ресейде шамамен 15 мың долларды құрайды. Біздің елімізде республикалық маңызды жолдардың күтіліміне арналған қаржы 1200-1500 доллардан аспайды. Басқа елдермен салыстырмалы түрде алып қарағанда, бұл қаржыға тиісті орындар жолды күте ме, әлде осы саланың қызметкер­леріне жалақы төлей ме немесе жаңа техника мен технология сатып ала ма? Жолды салғаннан не пайда, егер оған деген күтілім технологиясы дұрыс жолға қойылмаса?! Сондықтан біз бәрібір алдағы уақытта жолдарды ақылы ету жүйесіне көшу арқылы жолдарымызды сақтауға, сапасын көтеруге күш салуымыз керек. Осылайша, ақылы жүйеге біртіндеп өту арқылы жолға деген жауапкершілік пен ондағы қауіпсіздікті күшейтеміз. Соңғы 10 жылда елімізде 24 мыңдай адам жол-көлік оқи­ғасы салдарынан опат болған екен. Бұл – өте үлкен көрсет­кіш. Мәселен, Ауған соғысында 10 жыл ішінде кеңес кеңіс­тігі бойынша 12 мыңдай адам қазаға ұшыраған. Салыстырмалы түрде қарасақ, соғыс салдарынан гөрі, жол апатынан ажал құшқан адамдардың саны әлдеқайда жоғары екен. Өкінішке қарай, бұған жауап берер еш мекеме немесе басшылық болған емес. Егер біз жолдарды ақылы ететін болсақ, онда жол қауіпсіздігіне де, оның сапалы пайдаланылуына да жауапкершілікті арттырған болар едік. Демек, жауапкершілік күшейген жерде сапа да жолға қойылады.
Жүргізуші:
– Амалбек мырза, жолдарды ақылы еткен жағдайда қол­даныстағы жолдардың 85 пайызының, жергілікті жол­дардың 70 пайызының сапасы артады деген болжам бар. Италия, Жапония елдеріндегі жолдардың 70 пайызына жуығы ақылы екен. Осы орайда жолдарды ақылы етуден біздің де ұтар тұстарымыз бар болуы мүмкін бе?
Амалбек Тшан:
– Бізге ең қажетті нәрсе – сапа. Осыдан 700 жыл бұрын Ақсақ Темір салдырған ғимараттар әлі күнге бұзылмай тұр. Оның себебі неде? Себептің бәрі – сапада. Ол кезде зауыт, фабрика деген жоқ. Жекелеген ұсталардың жасаған кірпіші мерзімінен бұрын сыр беретін болса, сол ұстаның үшінші ұрпағына дейін жауапты болған. Кім өзінің баласына жаман­дық ойласын?! Сапасыз жасаған кірпіш үшін үшінші ұрпа­ғына дейін жауап беретінін ойлаған ұсталар сапалы кірпіш жасауға тырысқан. Ал қазір кім болса сол жол салатын болды. Қазір салынған жолдың сапасына емес, мерзімінен бұрын бітуіне мән беріледі. Мәселен, Алматы – Бішкек тас жолын түріктер салды. Өте тез, асығыс бітірді. Мен оның сырын сұрағанымда, «бізге тезірек бітіру жөнінде тапсыр­ма берді» дейді. Яғни құрылыстың тез бітуіне мүд­делі болғанымен, асығыс салынған дүниенің сапасына ешкім жауапкершілік жүктеп жатқан жоқ. Сондықтан біз қазір жолдарымызды ақылы етеміз деген мәселеден гөрі, оның сапасын арттыру туралы мәселе көтеруіміз керек. Мен жолдарды ақылы етуге түбірімен қарсымын. Кең-байтақ жері­міздің қай жолын ақылы етіп, құлазыған қу далада жатқан жол­дың қайсыбірін ақы төлейтіндей қыла аламыз? Біз ақылы етсек қана жол қауіпсіздігін арттырамыз деп аузы­мыз­­ды қу шөппен сүрте бермей, азаматтары­мыздың опат бол­мауына мемлекетіміз мүдделілік танытуы керек. Соңғы кездері жолдарды ақылы ету үшін жауапкершілікті күшейтіп, жекеменшікке беру керек деген әңгімелер де қозғап жүрміз. Сонда мемлекеттік жауапкершілік қайда? Мәселен, бас қала­ларымыз – Алматы мен Астана жолдары­ның өзі сын көтер­мейді. Халық тіпті ол жолдарға ажал жолы деп ат қой­ған. Соғыссыз, бейбіт күнде адамның жолдан ажал құшуы­на шектеу қойғымыз келсе, жолдың сапасын көтеруі­міз қажет. Ал сапа мемлекеттік тұрғыдан болуы керек. Ол үшін ақылы ету, жекеге беру деген әңгіме, меніңше, артығырақ.
Жүргізуші:
– Әбді мырза, сөзіңіздің арасында «жол ақылы бол­ған жағдайда сапасы артады» деп айтып қалдыңыз. Ал бізде жолдың сапасы, Амалбек мырза тәптіштеп айтып өткен­дей, өте нашар. Осы орайда жүргізуші ақылы жол­дың ақысын төлесе, сапалы жолмен жүруге кепілдік бола ма?
Әбді Қиялбаев:
– Біздің елімізде 128 мың шақырым жол бар. Соның 85 мың шақырымы – жалпы пайдаланымдық жолдар. Осы жолдардың республикалық маңыздылығының үле­сіне 23 мың шақырым жатады. Жоғарыда атап өткендей, халықаралық дәліздік жолдардың жалпы ұзындығы – 10 500 шақырым. Халықаралық жолдардың көліктік қатынас үлесі 50 пайыздан асады. Ендеше, ақылы объек­тілерге осы жолдар ғана сәйкес келе алады. Бұл арада басты көрсеткіш көлік қарқындылығы мен оның құрамы болмақ. Мысалы, 2003-2004 жылдары еліміздің кеден бекеттерінен шамамен 200 мыңдай транзиттік көлік өтіпті. Қазір бұл көрсеткіш екі-үш есе өспесе, кеміген жоқ. Ертең Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолы іске қо­сыл­са, Батыс елдерінен Қытайға Қазақстан территориясы арқылы транзиттік жол айқара ашылады. Ендеше, осы мүмкіндікті неге пайдаланбасқа?!
сайыс бөлімі                                                                                                                                 
Жүргізуші:
– Бағдарламамыздың үшінші бөлімі «Сайыс» деп аталады. Осы тақырып бойынша «Ой-көкпардағы» қарсыластар бір-бірімен өзара сұрақ-жауап алмасады. Ендеше, Әбді мырза, қарсыласыңызға қояр қандай сұрағыңыз бар?
Әбді Қиялбаев:
– Амалбек мырза, талай жылдан бері халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келе жатырсыз. Осы орайда ақылы жол аясында халықтың нағыз ойы қандай деп ойлайсыз?
Амалбек Тшан:
– Ақылы жол дәл қазіргі таңда халыққа мүлдем түсініксіз. Халық ақылы жолды мүлдем қолдамайды. Сіздер мұны түрлі жолдармен халық арасында сауалнама жүргізу арқылы тексерулеріңізге болады. Себебі халық әлі күнге нағыз сапалы жолдың қандай болатынын көрген жоқ. Сондай-ақ қазір елімізде жыл сайын салық төлемі өте жоғары шетелдік көліктер саны артып келеді. Біз жолдарды ақылы етпей-ақ, жол сапасын көтереміз десек, көлік салықтарының барлығын жолдың сапасына бағыттау арқылы-ақ жол жағдайын көтеруге мүмкіндік алуымызға болар еді. Көбінесе көлік салығы жалпы бюджетке кіріп кетеді де, содан шықпай қалады. Сондықтан біз көлік салығы мен жолға байланысты салынатын айыппұлдардың бәрін неге жолдың сапасын арттыруға жұмсамаймыз? Мәселен, мен көліктің салығын неге төлеуім керек, егер мемлекет сапалы жолмен жүруді қамтамасыз етпейтін болса? Ал шетелде ақылы жол бар екен деп, біз де ақылы етеміз деу арқылы мәселені шеше алмаймыз. Ал қарсыласыма қояр сұрағым: шетелде жол ширек ғасырға немесе 50 жылға жоспарланып салынады. Ал бізде былтыр жөнделген жол биыл шұрық тесік болып жатады. Осының себебі неде? Қаржы жетпей ме, әлде сапалы жол салатын кадр жоқ па?
Әбді Қиялбаев:
– Жол сапасының талапқа сай келмей жатуына ең алдымен құрылысқа берілген мерзімнің қысқалығы мен тендерді ұтып алған мекемелердің кәсіби деңгейі мен техникалық базасының төмендігі себеп деп ойлаймын. Оның үстіне жаңа технологиялар мен құрылыстық материалдарды зерттеуге арналған тұрақты ғылыми-зерттеу жұмыстары біраз кенжелеп қалған сияқты.
ойтүйін                                                                                                                                               
Жүргізуші:
– Соңғы бөлім «Ойтүйін» деп аталады. Мұнда бүгінгі хабардан не түйдіңіз, қарсыласыңыздың пікіріне өтіп кеткен жоқсыз ба деген сұрақ екі жаққа қатар қойылады. Әбді мырза, сіз не дейсіз?
Әбді Қиялбаев:
– Ойымнан әлі айныған жоқпын. Жолдарды ақылы ету арқылы оған жауапкершілікті күшейтіп, сапаны арттыруға мүмкіндік аламыз. Біз қазіргі таңда жолдарды сапалы ету мақсатында соңғы заманауи жетістіктерді қолданудың барлық шарасын жасап жатырмыз. Сондықтан сапа мәселесіне көңіл бөле отырып, дамыған елдердегідей ақылы жолдарды іске қосуды тезірек қолға алған жөн.
Амалбек Тшан:
– «Көш жүре түзеледі». Тәуелсіздік ала салып бәрін талапқа сай ету мүмкін емес шығар, дегенмен қаптаған ғылыми-зерттеу институттарының жауапкершілігін күшейту керек. Тиісті жауапкершілігін атқара алмаса, олардың керегі не? Сондықтан мемлекетіміз бүгінгі айтылған мәселелерге тереңірек тоқталып, осы саладағы жауапкершілікті күшейтсе, дұрыс болар еді. Ал ақылы жолдар мәселесін әзірше тоқтата тұруымыз керек.
Жүргізуші:
– Бүгінгі бағдарламамыз да өз мәресіне жетті. Қоғамдық мәселелерді көтеріп, оларды халық арасында ашық талқылау, сол арқылы қоғамдық пікір қалыптастыру – біздің міндет, ал шешім қабылдау – рес­ми органдардың еншісінде.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста