Алқабилер соты өзін-өзі ақтап отыр деп ойлайсыз ба?
Елімізде 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап демократиялық даму, сот билігі жүйесін нығайту мақсатында сот жүйесіне алқабилер институты енгізілген еді. Құқықтанушылардың айтуы бойынша, сот алқабилері алғаш рет б.э.д. 829 жылы Францияда, одан соң 1066 жылы Англияда пайда болған екен. ХVІІ ғасырдың ортасында, буржуаз-демократиялық революциядан кейін Еуропа мемлекеттеріне тарай бастаған. Осылайша АҚШ-та сот алқабилері 1776 жылы тәуелсіздік Декларациясы қабылданғаннан кейін пайда болса, Ресейде алқабилер 1993 жылдан бастап жұмыс істеген. Біздің елімізде енгізілгеніне аса көп уақыт бола қоймаған, ал баз бір елдердің тәжірибесінде ежелден кездесетін алқабилер соты жүйесіне көпшіліктің пікірі әралуан. Қоғамда алқабилердің қызметіне көңілі толмайтындар да, олардың қызметін аса жоғары бағалайтындар да жетерлік. Біз бүгінгі ой-көкпардың додасына осы алқабилер тақырыбын салып көрген едік...
Есберген АЛАУХАНОВ, заң ғылымының докторы, профессор
Иә
– Иә, еліміздегі алқабилер соты өзін-өзі ақтап отыр. Олардың жұмысына көңілім толады деп айта аламын. Кейбір алқабилер күдіктінің ақталып шығуына әсер етсе, кей кездері халық мүддесінің ескеріліп, қылмыскердің істеген қылмысына сай жазасын алуына әсер еткенін естіп жатырмыз. Бұл – үлкен жетістік. Елімізде алқабилер соты жүйесінің енгізілгеніне аса көп бола қойған жоқ. Сондықтан оларға сын көзбен қарамас бұрын жетістігін бағалап алғанымыз жөн. Рас, алқабилер соты жүйесінің жұмыс істеу барысында әлі де болса кемшіліктер бар. Бірақ «көш жүре түзеледі» дегендей, бұл кемшіліктердің алдағы уақытта түзеліп кетеріне сенемін.
Ең бастысы, алқабилер соты жүйесі – сотта әділетті шешім шығаруға ықпал ете алатын жүйе.
Жергілікті атқарушы орындарда алқабиге үміткерлер тізімін даярлау кезінде әлі де болса кемшіліктер бар көрінеді. Әйтсе де алқаби ретінде сотқа бір рет қатысып көрген азамат билікке, сот шешіміне басқаша көзқараспен қарайтыны сөзсіз. Алқабилер арқылы қоғам сот билігіне деген сенім мен оның беделін арттыратын еркін насихаттаушылар әскерін құра алады. Сондықтан әрқашан алқабилерді арнайы заңдық курстарда оқытып, біліктілігін арттырып отырған жөн. Еліміздегі алқабилерге қатысты мәселенің бірі олардың сот отырыстарына дер кезінде келе алмауы көрінеді. Мұндай олқылықтардың алдын алу шараларын қарастырсақ, ұтылмаймыз. Алқабилердің жауапкершілігін күшейту үшін аталмыш жүйе бұрыннан қолданылып келе жатқан елдердің тәжірибесіне сүйенуімізге болады. Мәселен, АҚШ пен Канадада сотқа алқаби ретінде себепсіз келмеген азаматты сотты сыйламағаны үшін кей жағдайларда ірі мөлшердегі айыппұл салып, тіпті бірнеше күнге қамауға алып жауапкершілікке тартады екен. Ал Франция елінде алқабиге кандидаттар сот отырысына себепсіз келмеген жағдайда, айыппұл салу көзделген. Егер де сотқа келмеу екінші рет қайталанған жағдайда айыппұлдың көлемін екі есеге көбейтуді заңмен белгілеген. Заң бойынша алқабилердің жауапкершілігі айқындалған. Бізге де осындай жүйелер арқылы алқабидің жауапкершілігін күшейтіп, қоғамдағы рөлін арттыру қажет. Жалпы, алқабилеріміздің қазіргі беталысы жаман емес. Тек оларды жетілдіре түсудің жолдарын қарастырған жөн.
Кәрібай ТАСШАБАЕВ, адвокат
Жоқ
Алқабилер сотының жұмысына менің көңілім толмайды. Осы орайда алқабилер соты өз дәрежесінде жұмыс істеп отыр деп айта алмаймын. Мәселен, оларға көбінесе аса ауыр қылмыс түрін жасап, адам өлтіргендер мәселесін қарауды ұсынады. Ал ауыр қылмыстар көбінесе әдейі жасалады. Ауыр қылмыстарды ешкім абайсызда жасамайды. Яғни күдікті – онсыз да қылмыскер. Ал мұндай көрініп тұрған қылмыс пен қылмысты жүзеге асырған қанішерді алқабилер талқысына берудің қажеті қанша?! Сондай-ақ алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізуді енгізу мақсатында 2006 жылдың 16 қаңтарында «Алқабилер туралы» Заң қабылданған еді.
Онда алқабилерге қойылатын талаптардың барлығы егжей-тегжейлі көрсетілген. Белгілі заң талаптары бойынша алқабилер құрамына жасы 25-ке толмаған азаматтар, мемлекеттік қызметшілер, әкімшілік, қылмыстық жауапқа тартылғандар, наркологиялық, психологиялық есепте тұрғандар мен соттылығы бар адамдар кіргізілмеуі керек. Алайда қайбір жылы еліміздің Бас прокуратурасы жергілікті атқарушы органдардың алқабилер сотының құрамына енгізілген азаматтардың арасында нашақорлар мен қылмыскерлердің ғана емес, тіпті жүйке ауруына шалдыққандардың да жүргенін анықтап берген еді. 2009 жылы прокурорлардың жүргізген тексеруі нәтижесінде Алматы қаласы бойынша алқабилер құрамынан 1 мың 66 азаматты алып тастады. Бұл тізімдегілердің 574-і бұрын сотталған болса, 84-і жүйке ауруына шалдыққан, ал 335-і нашақор, 40 азамат мемлекеттік қызметкер, 117 адам шет мемлекеттің өкілі болып шыққан. Бұл сұмдық емес пе? Сонда біз адам тағдырын кімдердің қолына сеніп тапсырып отырмыз?! Осындай жағдайда алқабилер өз міндеттерін талапқа сай атқарып отыр, ал олардың ісіне көңіліміз толады деп айта алмайтынымыз анық. Бұдан бөлек, әлі күнге алқабидің құрамындағы 11 адамды дер кезінде жинау да оңай болмай отыр. Мұның өзі сот ісінің жүргізілуіне айрықша кедергі келтіруде. Алқабилерге мемлекет есебінен істі қарап жатқан судьяның лауазымдық жалақысының жартысы мөлшерінде, ал жұмыс жасайтын алқабидің сотқа қатысу уақытына сәйкес, оның негізгі жұмыс орны бойынша орташа жалақысынан кем емес мөлшерде сыйақы төленетінін ескерсек, алқабилермен істі қарау кезінде қаншама мемлекеттік қаржының жұмсалатыны белгілі. Ендеше, «осынша қаржы жұмсап, алқабиді ұстаудың қажеті бар ма?» деген ой еріксіз туындайды.
Тағы бір айта кетер жайт, еліміздегі алқабилердің жауапкершілігі заң жүзінде қаралмаған. Ол бұра тартып немесе қылмыскерге «сатылып» отырса да, кейін оны жауапкершілікке тарту мүмкін емес. Ал судья өзінің дұрыс шешім шығармағаны үшін жауап береді. Бұл да болса алқабилер соты жұмысының қоғамда дұрыс қалыптаспағанының айғағы болса керек.
Бейтарап пікір
Ғабиден Жайлин, ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының жанындағы Аралық сот төрағасының орынбасары:
– Әлемде сот жүйесін жүргізудің бірнеше үлгісі бар. Олардың қатарына классикалық, англо-америкалық, франко-германдық немесе құрлықтық үлгілерді жатқызуға болады. Әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, ұзақ пікірталастар мен талқылаулардан кейін еліміз үшін тиімді деп құрлықтық жүйе таңдалып алынған еді. Бүгінде осынау алқабилер сотының жұмысына деген көпшіліктің пікірі әртүрлі. Жалпы, бұл жүйе – тиімді жүйе. Бізге керек жүйе. Алайда алқабилер кәсіби маман болмағаннан кейін, олардың біліктілігіне сенімнен гөрі күдігім басым. Заңгер қанша айтқанмен, фактілерді дұрыс бағалайды. Ал алқабилер көбінесе эмоциялық тұрғыдан бағалап, шешім шығарады. Осы орайда қоғамда әділетті шешім шығару үшін алқабилердің пайдасы тиіп жатқан жоқ деп айта аламын. Сондықтан біздегі алқабилер сотының жұмысын жетілдіру қажет. Кемшін тұстарын дөп басып, олардың өз дәрежесіне сай жұмыс істеуіне жағдай жасау керек.