«Алименттік қарыздарды борышкерлердің зейнетақы қорынан өндіріп алу керек» деген ұсыныс орынды ма?
Жақында Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Әділет министрлігі алименттерді төлемей жүргендерден қарыздарын зейнетақылық жинағынан ұстап қалуды ұсынды. ҚР Бас прокуратурасына қарасты төртінші департаменттің бастығы Әсет Шындалиев мырзаның айтуынша, аталған мәселенің өзектілігін ескере отырып, алимент бойынша борышкерлердің қарыздарын зейнетақылық жинағынан ұстап қалуға заңмен салынған тыйымды алып тастау мүмкіндігін қарастыру қажет. Әйтпесе, бүгінгі таңда алименттер бойынша қарыз мөлшері 3,5 млрд теңгені құрайды. Ал Бас прокуратураның мәліметтеріне сенсек, 2012 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің 136-бабы бойынша тек 128 адам сотталған, ал алимент төлемей жүргендердің саны 80 мыңнан асып жығылады. Сол себепті аталған түзетулерді Бас прокуратура мен Әділет министрлігі дайындаған сот және мемлекеттік органдардың шешімдерінің орындалу жүйесін жетілдіру тұжырымдамасы аясында ұсынылған еді. Алайда қоғамдық пікір екіге бөлінді. Бірі бұл ұсыныс орынды десе, бірі құқықбұзушылық деген баға беруде.
Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымының докторы, профессор:
иә
– Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Әділет министрлігінің ұсынып отырған «алименттік қарыздарды борышкерлердің зейнетақы қорынан өндіріп алу керек» деген ұсыныстарын толықтай құптаймын. Бәлкім, бұл идеяны дұрыс түсінбей жатқандар да болар. Иә, келісемін ай сайын еңбек етіп, зейнетақы төлемдерін аударып жүрген азаматтардың болашақта алатын зейнетақысына қол сұға алмаймыз, еліміздегі заң талаптары да бұған жол бермейді. Бірақ бұл жердегі мәселе отбасымен ажырасып, баласын аналарына қалдырған ер-азаматтарды келешекте ақшасыз қалдыру мақсатын көздеп отырған жоқ.
Біз алимент төлеушінің де, алимент алушының да, баланың да құқығын жерге таптай алмаймыз. Қандай жағдай болмасын, әйелдердің, аналардың мүддесін төмендетуге болмайды. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде ондаған мың алимент төлеуден бас тартып, жалтарып жүрген борышкер бар екен. Олардың көпшілігі жалдамалы жұмыс істейді. Айлық табысын жасырады. Сотқа барғанда да «қазір жұмысым жоқ, жұмысқа орналасып, ақша тапсам алиментті төлеймін» деп құтылып кете барады. Сонда жалғыз қалған ана мен бейкүнә бүлдіршіндер әкелерінің қашан жұмыс тауып, ақша беретінін күтіп жүрулері керек пе? Міне, осының салдарынан кейде жалғыз қалған жас аналар перзентін балалар үйіне тапсырып, әлеуметтік жетімдер санын арттырып отыр. Ата-анасы тірі бола тұрып баланы жетім атандыруымыз қалай? Борышкер жұмыс тауып, алимент төлеймін деп жүргенде бала 18-ден асып кетуі де мүмкін ғой. Одан да сол 18 жыл көлемінде зейнетақы қорындағы бар ақшасымен балаларына алимент төлеп, кейін сол қарызын қорға қайтарсын. Себебі кез келген азамат алименттен қашып құтыла алмауы тиіс. Сондықтан Қазақстан Республикасының «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына тиімді және жүйелі өзгерту мен толықтыру енгізу керек деп есептеймін. Сонда ғана ешбір қазақстандықтың құқығы бұзылмайды.
Марианна ГУРИНА, «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының президенті, Республикалық ата-аналар қоғамдық кеңесінің мүшесі:
жоқ
– Жоқ, Бас прокуратура мен Әділет министрлігінің бұл ұсынысы тіпті орынсыз, миға қонымсыз дүние ғой. Егер соңғы кезде айтылып жүрген ұсыныс қабылданса, борышкер ай сайын 4 мың теңге көлемінде алимент төлеуі керек болады. Зейнетақы қорынан мұндай соманы өндіріп алу тиімсіз және ешкімге де пайда әкелмейді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ана мен баланы ерекше қорғауға алуымыз керек деп тапсырып отырғанда бұл тиын-тебенмен қай жыртығымызды жамамақпыз? Балаларын тірідей жетім ғып тастап кеткен әкелерге бұл жақсы болайын деп тұр.
Онсыз да Қазақстанда ажырасқандар мен әлеуметтік жетімдер көбейіп барады. Бұл мәселеге біржақты көзқараспен қарай алмаймыз. Егер азаматтарымыз алимент төлеуден осылайша оңай құтыларын білер болса, бұл проблема одан әрі ушығып кетуі мүмкін. Қоғамдық ұйымдар бірлесіп Үкіметке бірнеше рет Мемлекеттік алименттік қор құруды ұсынып келеміз. Бірақ әзірге еш нәтиже берер емес. Біздің ел әдетте батыстық жүйе, шетелдік тәжірибе дегенге келгенде шапшаңдық танытып жатады. Бірақ оның басым бөлігі – біздің елдің әлеуетіне, менталитетіне келмейтін реформалар. Неге екені белгісіз, ұтымды, жүйелі, халыққа пайдалы идеялар іске аспай қалады. Мысалы, мемлекеттік алименттік қор әлемнің барлық елінде бар. Әсіресе дамыған елдерде жақсы жұмыс істеп, оң нәтижелерін көрсетіп келе жатқан оңтайлы тәжірибе. Баласын өмірге әкелген ана мен кәмелет жасына да толмаған балғындар неліктен әкелерін іздеп шарқ ұруы керек? Олар алимент төлеуден қашып жүрген ер-азаматтарды іздеуге міндетті емес. Елімізде бұл міндеттерге жауапты прокуратура мен сот орындаушылары бар. Сонда олар қайда қарап отыр? Осы міндеттерді орындағаны үшін мемлекеттен жалақы алып отыр емес пе? Бұл жерде аталған қор «қандай жүйемен жұмыс істейді?» деген сұрақ туындайды. Егер мемлекеттік алименттік қор құрылса, мемлекет сол қорға қаржы аударып, алимент төлеуден қашып жүрген азаматты қолға түсіруді құзырлы органдарға тапсырып, қатаң бақылауға алуды табыстайды. Әйтпесе қаншама жалғызбасты әйелді көрдік, тоздырмаған табалдырығы, қақпаған есігі қалмаған ана мен баланың қорғаушы адвокаттарды жалдауға ақшалары жоқ. Ерлерін қудалаудан шаршаған әйелдер еріксіз алименттен бас тартып, балаларын асырау үшін екі-үш жерде еден жуады, базарда сауда жасайды. Сонда әділдік қайда? Ана мен баланың құқығын қорғауға тиісті органдар неліктен осы жауапкершіліктерді өз мойындарына алғылары келмейді? Адамнан айла қалған ба, ешбір жерде жұмыс істемейді деген анықтаманы да жаздырып алу қазір қиын емес. Егер, шынымен-ақ, жетімдерді азайтып, толыққанды отбасылардың санын арттыруды көздесек, ең алдымен, мемлекет аналарға қолдау көрсетуі тиіс. 4 мың теңгені кімнің ауызынан таппақпыз? Одан да борышкерлеріміз қолға түскенше, мемлекеттің қорға бөлген қаржысына әкесіз қалған бүлдіршіндеріміз күндерін көрсін. Ал құзырлы органдарымыз ол адамды анықтағаннан кейін толықтай тексеріп, қордан оның балаларына берілген ақшаны қарыз ретінде мойнына ілсе, белгілі бір уақыт ішінде ол қаржы мемлекетке қайта қайтарылар еді. Мемлекет кейін жетімдер үйінің тәрбиеленушісіне ай сайын 1006 АҚШ долларын төлегенше, ай сайын алимент төлегені әлдеқайда тиімді емес пе?!
Бейтарап пікір
Қарлығаш БИМҰРЗАЕВА, Алматы қаласы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің әлеуметтік көмек және қолдау бөлімінің бастығы:
– Борышкер зейнетақы қорына ай сайын ақша аударған жұмысы бар азамат және қорда бір тиыны жоқ жұмыссыз азамат болуы да мүмкін. Сондықтан қорда қаржысы бар ер-азаматтардың төлеуі тиіс алиментін қордан алу керек деген пікірмен келісемін. Бірақ қылмыстық жауапкершілікке тартып, темір торға тоғыту – тым қатал жаза, жеке басым мұндай жазаға қарсымын. Өмірде әртүрлі жағдай болады. Одан да жұмыссыз азаматтардың мүлкін тәркілеп немесе алиментті борышкердің ата-анасына, туысына міндеттесек дұрыс болар еді деп есептеймін.