Әлеуметтік жарнамалардың қоғамды тәрбиелеудегі қызметін тиімді пайдаланып жүрміз бе?
Жұртшылықтың әлеуметтік жарнама туралы түсінігі әдетте қала көшелеріндегі билбордтар мен журнал беттерінде бейнеленген тұтыну тауарларының насихатымен ғана шектелетіні анық. Ал шын мәнінде өте ықпалды күш болып табылатын әлеуметтік жарнамаға бізде қаншалықты мән беріліп отыр? Қоғамның материалдық қана емес, моральдық тұрғыдағы түйінді мәселелерін де көтеріп, ел назарын экология, денсаулық, спорт, оқу-ағарту сияқты басқа да айрықша факторларға аудартуға тиісті әлеуметтік жарнаманың маңызды рөлін түсіне алдық па? Оның ықпал етушілік күшін тиімді пайдаланып жүрміз бе?
Сандуғаш КӘРІБЖАНОВА, «Алматыжарнама» КМК PR менеджері:
Иә
– Негізгі міндеті қоғамның назарын маңызды мәселеге аудару, «сырқатын» емдеу және алдын алу, қоғам құндылықтарын насихаттау болып табылатын әлеуметтік жарнама – шын мәнінде үлкен қару. Оның бір мақсаты қоғамды тәрбиелеу болса, екінші бір көздейтіні – еске салу, келеңсіз жайттардың алдын алу. Қоғамды тәрбиелеу дегеніміз – мәселен, елдегі демографиялық ахуалға, нашақорлық, ішкілік, темекі тарту сияқты жаман әдеттерден аулақ болуға шақыру, жолдағы қауіпсіздік, экология мәселелері, терроризм мен экстремизм, табиғи ресурстарды сақтау сияқты жайттарға көпшілік назарын аударту.
Бұл орайда атқарылар тағы бір шара – көпшілік назарында жүрген танымал адамдар мен белгілі қоғам қайраткерлерін үлгі ету арқылы тәрбиелеу. Өйткені кез келген жарнаманың өз кейіпкері болады және ол жарнамаланып отырған құндылықтың ел санасына сіңуіне көмектеседі. Ал еске салу шараларына «салық төлеуді ұмытпаңыз!», «Жол жүру ережесін бұзбаңыз!», «Бүгін донор болу арқылы балаларға ертеңге үміт сыйлаңыз!» деген іспетті, яғни жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сырқат балаларға қолдау көрсету акциялары жатады. Әрине, қоғамды әлеуметтік жарнамалар арқылы тәрбиелеуге күш-жігермен қатар, уақыт қажет. Себебі қоғамның, аудиторияның көзқарасын, пікірін бір мезетте өзгертіп жіберу мүмкін емес, дегенмен оның бәрі – бірте-бірте болатын дүние.
Негізі, біздегі әлеуметтік жарнаманың жағдайын Батыс, тіпті мына тұрған Ресейдің өзімен салыстыруға келмейді. Бірақ қалай болғанда да елімізде бар мүмкіндікті тиімді пайдалануға тырысушылық байқалады. Бұл ретте «Алматыжарнама» мекемесі де қарап отырған жоқ. Қолымызда қала әкімі бекіткен әлеуметтік жарнама концепциясы бар, сол концепция бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Тұжырымдамада салауатты өмір салты да, есірткі, темекі шегумен күрес те, ұлттық салт-дәстүрімізді, ұлттық ойындарымыз бен саятшылығымызды насихаттау, Қазақстандағы «Қызыл кітапқа» енген жануарларды сақтап қалу мәселелері де қамтылған. Жақында қала көшелерінде «Өз еркіңмен шылым шегуді қоя алмасаң, хабарлас. Көмектесеміз!» деген мәтінмен қатар, байланыс телефоны көрсетілген билборд ілінді. Яғни онда кез келген адамға кеңес беріледі деген сөз. Сондай-ақ ұлттық домбырамыз бен қобызымыздың, шаңқобыз бен жетігеніміздің суреті бейнеленген билбордтарды да қала көшелерінен көптеп кездестіруге болады. Әлеуметтік жарнама сапасын әлі де жетілдіру мақсатында қала әкімдігімен бірлесіп, байқау ұйымдастырып, дизайнерлер мен жарнама агенттіктерінен «Менің Қазақстаным», «Мегаполис мәселелері», «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі», «Қарым-қатынас үйлесімділігі», «Денсаулық және спорт», «Алматы – менің сүйікті қалам» деген тақырыптарда әлеуметтік жарнама эскиздерін күткен болатынбыз. Жеңімпаздардың жұмыстарын қала көшелеріне ілу жоспарланған. Алайда белсенділік танытқандар қатары тым аз болғандықтан байқауды тоқтатуға тура келді. Осы орайда айтайын дегенім, бізде халықтың белсенділігі төмен, көп болып жұмыла көтеретін осындай жауапты шаралардан сырт қалып қояды.
Әлихан БӘЙМЕНОВ, «Ақ жол» партиясының төрағасы:
Жоқ
– Әлеуметтік жарнама тиімді болуы үшін, біріншіден, оның мақсаты айқындалуы қажет. Мақсаттың негізінде біз қоғамды қандай құндылыққа тәрбиелегіміз келеді деген мәселе жатуы керек. Меніңше, біздің қоғамда насихатталуы тиіс құндылықтар – еңбек, білім, теңдік, ішкі рухани және тектік бірлік, яғни рухани және тектік бөлініске жол бермеу. Осы еңбек, білім, теңдік – қоғамды алға қарай жетелеуші күштер. Осы тұрғыдан алғанда, елімізде әлеуметтік жарнама әлі жолға қойылмай келеді. Өкінішке қарай, бізде жарнама арқылы, негізінен, билік деген ұғым насихатталады. Бұл орайда атқарылған шаруадан атқарылмаған іс көп.
Біз әлеуметтік жарнаманы, яғни халықтың ақшасын қоғамды игі құндылықтар бағытында тәрбиелеуге жұмсай алмай отырмыз. Теңдік, яғни тең мүмкіндіктер, оның ішінде әділеттілік дұрыс насихатталмай келе жатыр.
Әлеуметтік насихатты тек көшедегі жарнама ғана құрамайды, оған бұқаралық ақпарат құралдарындағы насихат та кіреді. Осы жағынан алып қарасаңыз, өкінішке қарай, билікті насихаттау көбірек орын алып отыр. Біздің қоғам – онсыз да лауазым өте жоғары құндылыққа айналып кеткен қоғам. Оны түзеудің орнына, біздің билік лауазым құндылығын одан сайын арттыруға жұмыс істеп жатыр. Рас, арасында оқтын-тектін нашақорлыққа, ішімдікке қарсы, денсаулық, экология мәселелерін көтеретін жарнамалар кездесіп қалады. Бірақ жалпы алғанда, көпшілігі билік пен билік партиясын жарнамалауға бағытталған.
Ал енді «әлеуметтік жарнама мәселесін кім реттеп отыруы керек» дегенге келсек, оның жалпы тұжырымдамасын, бағытын Үкімет жасауы керек, ал қаржыландыру мәселелерін жергілікті атқару органдары реттеп отыруы тиіс.
Бейтарап пікір
Ардагүл ТОҚЫШЕВА, журналист:
– Менің ойымша, әлеуметтік жарнаманың еліміздегі жағдайы мүлде сын көтермейді. Мысалы, маған көшеде ілініп тұрған түрлі жарнамалық плакаттар мен билбордтар мүлде ұнамайды. Көңілге қонымды етіп жасауға ақша жетіспей ме, әлде идея тапшы ма – сол жағы түсініксіз. Былай ойлап қарасаң, әлеуметтік маңызға ие мәселелер толып жатыр. Мысалы, жетім және сырқат балалар тағдыры, қарт кісілер мен мүгедек жандарға жанашырлық, жастарды есірткі, ішімдік, бұзақылық сияқты жаман әдеттерден аулақ болуға үндеп, салауатты өмір салтын насихаттау әлеуметтік жарнамаға бірден-бір өзек болар жайттар емес пе?! Өкінішке қарай, бізде бәрінен де сабын, сода, шампунь, ұялы телефон сияқты ұсақ-түйек нәрселердің жарнамасының айы оңынан туып тұр. Сондықтан бұл мәселеге мемлекеттік тұрғыда мән берілуі керек. Яғни Қазақстан нарығына әлеуметтік сипаттағы жарнаманы кеңінен енгізу, тарату үшін тым болмағанда көршілес елдердің тәжірибесіне жүгінген жөн. Мысалы, Ресейді алып қарасақ, оларда әлеуметтік жарнама рыногы радио, теледидармен тығыз байланысты. Бұл жағынан алғанда, біз едәуір артта қалып отырмыз.