Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды тегін балабақшамен қамтамасыз етуді жергілікті билікке міндеттеу керек пе?
Жалпы, бұл ойдың көтеріліп жүргеніне аз уақыт болған жоқ. Қазірдің өзінде жергілікті билікке әлеуметтік аз қамтамасыз етілгендердің балаларын тегін балабақшамен қамтамасыз етуге құзырет берілген. Осы ретте, егер жергілікті бюджетте басы артық қаражат болса, онда жағдайы төмен отбасылардың балаларын балабақшаға тегін орналастыруға әкімдіктің құқы бар. Алайда қазір бұл әр жерде әрқалай жүзеге асуда. Мәселен, кейбір қалаларда әлеуметтік жағдайы төмен балаларға балабақша тегін болса, ал қайсыбір аудандарда мұндай үрдіс жүзеге аспай отыр. Сондықтан әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларын тегін балабақшамен қамтамасыз етуді бірізділендіру үшін жергілікті билікке мұны міндеттеу керек пе? Бұл ретте тараптар пікірі екіге айырылды.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты:
иә
– Бұл – өте дұрыс көтеріліп отырған мәселе. Өйткені осылай етсек, бұл, бір жағынан, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үлкен көмек болар еді. Себебі баласын балабақшаға орналастырып, оған ай сайын 10 мың теңге төлеп отыру әсіресе әлеуметтік жағынан аз қамтылып отырған отбасылар үшін үлкен салмақ болады. Балабақшаның төлемақысы әр жерде әрқалай. Мәселен, Алматы қаласында сәбиді балабақшаға орналастыру үшін ата-ана ай сайын 17 мың теңге төлеп отыруы керек. Өз тамағын әрең тауып отырған отбасы бұл соманы қайдан тауып бермек?
Сондықтан оларға жергілікті бюджет есебінен болсын, жалпы демеушілер арқылы болсын, баласының балабақшаға орналасуына көмектессе, бұл үлкен сауапты іс болар еді. Алайда бұл ретте шынайы әлеуметтік жағдайы төмен отбасы категориясын анықтау үлкен мәселе болмақ. Сол үшін бұған аса ыждаһаттылықпен қарап, «бармақ басты, көз қыстылыққа» жол бермеудің барлық амалдарын қарастырғанымыз жөн. Дегенмен негізгі ой дұрыс, мен мұны құптаймын. Осылай болып жатса, жаман болмас еді. Бұл ретте, әсіресе жас жанұяларға, жаңадан отбасын құрған отбасылардың бірінші-екінші балаларын балабақшамен қамтамасыз ету тегін жүргізілсе қандай тамаша болар еді. Бұл біздің демографиялық ахуалымыздың одан әрі көтерілуіне септігін тигізетіні сөзсіз.
Негізі, жергілікті әкімдіктерге мұндай құзірет берілген. Мәселен, Шымкент қаласында әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары балабақшамен тегін қамтамасыз етіледі. Олар демеушілер арқылы осы мәселенің шешілуіне мүмкіндіктері болғанша ықпал етіп отыр. Бірақ Алматы қаласында мұндай үрдіс жоқ. Алматы облысында бар болғанымен Қарағандыда жоқ дегендей, әр аймақта әртүрлі орындалуда. Сондықтан ана жерде басқа, мына аймақта басқаша қылмай, жалпы, олар Қазақстанның азаматтары болғандықтан, оның барлығын әкімдіктерге бірдей міндеттеуіміз керек. Әрине, көп балалы отбасыға, жалғыз басты ананың, мүгедек болып қалған адамның балаларының балабақшаға тегін орналасуына заңымызда кедергі жоқ. Бұл жерде тек ниет болса болғаны. Бұл жергілікті биліктегі басшылардың өзінің отбасына, Отанына, жалпы халқына, еліне деген сүйіспеншілігін көрсетеді.
Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, қоғам қайраткері:
жоқ
– Жоқ, мен бұл пікірге келіспеймін. Себебі қазір жергілікті биліктің мүмкіндігі аз. Оның үстіне, бізде балабақшалар әлі жеткіліксіз. Онсыз да балабақшаның кезегінде қаншама мыңдаған бала тұр. Бір орынға он бала таласуда. Ертең жергілікті әкімдіктер бұлай ететін болса, онда бір орынға 10 емес, 20 бала кезекке тұрады. Оның үстіне, әлеуметтік жағдайы төмен деген категорияны тамыр-таныстықпен жағдайы жақсы азаматтар да алып, бұл салада жемқорлық етек алып кетуі мүмкін. Артық қыламыз деп, тыртық қылып алуымыз ғажап емес. Сондықтан біз алдымен елге қажетті балабақшаларды толық салып алуымыз керек.
Егер олар жеткілікті дәрежеде болса, онда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын балабақшаға тегін орналастыруға болады. Ал оған дейін, онсыз да балабақша жетіспей тұрғанда, бұл мәселені одан сайын ушықтырудың қажеті жоқ деп есептеймін. Менің түсінбей тұрғаным, егер балабақша жетпей тұрса, бір орынға он баладан таласып тұрса, ақшасы бар адамның өзі баласын мектепке дейінгі мекемеге орналастыра алмай отырғанда, әкімдер жағдайы төмен отбасының балаларына қайдан орын тауып бермек? Онсыз да әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына жергілікті әкімдіктер қолынан келгенше көмектесіп жатыр. Түрлі жеңілдіктер жасауда. Мен оған қарсы емеспін. Алайда әр аймақта неше сәбиден бар, онда қанша балабақша салу керек, осының барлығына көз жеткізіп, зерттеу жасап барып балабақша салмай, бұл мәселені шешу өте қиын.
Қазір балабақшалардың көбі жекеменшіктің қолында. Олар оның төлемақысын қаншаға көтергісі келеді, оны өздері шешеді. Сондықтан мектепке дейінгі балаларды тәрбиелейтін муниципальді шағын орталықтарды көптеп ашуымыз керек. Бірақ онда істейтін қызметкерлердің айлық жалақысы жоғары болғаны жөн. Себебі жақсы жалақы болғанда ғана ол жерде білікті кадрлар жұмыс істейтін болады. Ата-аналар да балаларын білікті тәрбиешілерге тапсыруға тырысар еді. Әйтпесе, қазір өкінішке қарай, мемлекеттік балабақшалардың жағдайы өте нашар. Материалдық жағынан алып қарасаңыз да, онда қызмет істейтін мамандардың да біліктілігі төмен. Өйткені айлық аз болған соң, оған жақсы мамандар бармайды. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін тек әлеуметтік аз қамтамасыз етілген балалардың жағдайын ғана ойламай, мұны комплексті түрде шешуді қолға алғанымыз жөн.
Бейтарап пікір
Совет-Хан ҒАББАСОВ, жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
– Біз жақсы болсын, жаман болсын, социалистік қоғамнан өткен мемлекетпіз. Біз ғана емес, Ресей, кезінде Кеңес Одағына мүше болған мемлекеттердің барлығы сол қоғамнан өтті. Мен айтар едім, қазіргі кездегі бүкіл балабақша, білім беру, денсаулық – барлығының ақылы болып кетуі жақсылықтың нышаны емес. Жалпы, жағдайы төмен отбасыға ғана емес, еліміздегі барлық сәбилер балабақшамен тегін қамтамасыз етілуі тиіс. Әйтпесе, мұның барлығы қоғамның дамуына кері әсер етеді.