7 мамыр – Отан қорғаушылар күнін мемлекеттік мерекеге айналдыру керек пе?
«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңның 1-бабына сәйкес елімізде мерекелер ұлттық, мемлекеттік және кәсіби мерекелер болып бөлінеді. Ұлттық мерекелер еліміздің дамуына елеулi ықпал еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалардың құрметiне белгіленсе, мемлекеттік мерекелер қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған. Ал кәсіби мерекелерге ұлттық және мемлекеттiк мерекелер мәртебесi берiлмесе де, азаматтардың жекелеген санаттары атап өтеді. Сондай-ақ ұлттық және мемлекеттік мерекелерде арнайы мерекелік демалыс жарияланады. Соның ішінде 8 Наурыз – халықаралық әйелдер күні мемлекеттік мереке ретінде тойланса, ер-азаматтар мерекесі саналатын 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні кәсіби мереке дәрежесінде ғана. Осы орайда «7 мамырды мемлекеттік мерекеге айналдыру керек пе» деген сауалды мамандар талқысына салған едік.
Ләйлә АХМЕТОВА, «Ер-Азамат» дағдарыс орталығының төрайымы:
Иә
– Жалпы, ер адамдарға арналған арнайы мемлекеттік мереке болуы керек. Өйткені мемлекеттік мерекелер тізімінде әйелдер күні бар ғой, ендеше неге ер адамдар мерекесі болмасқа. Бұл тұрғыда 7 мамыр — Отан қорғаушылар күнін әрі ер-азаматтар мерекесі ретінде мемлекеттік мерекелердің қатарына қосса орынды болар еді. Осындай арнаулы күннің жоқтығынан бүгінде кейбіреулер 23 ақпанды мереке ретінде тойласа, енді біреулер 7 мамыр — Отан қорғаушылар күнін ер-азаматтардың мерекесі ретінде санап жүр.
Бұл қоғамда ер адамдардың мерекесіне деген сұраныстың барлығын көрсетеді.
Айта кетер жайт – 7 мамыр мерекесі әлі күнге кең көлемде тойланбай келе жатыр. Себебі ол мемлекеттік мерекелердің қатарында емес. Сондықтан көбісі тіпті осы күннің мереке екенін білмейді. Сондықтан бұл күнді мемлекеттік мереке ретінде белгілеу қажет. Ерлерге арналған арнайы мерекелік күннің болмауының өзі қоғамдағы ер-азаматтардың рөлін төмендетіп тұрғандай. Тағы бір назар аударатын жайт – бұл күнді ер-азаматтар күні әрі Отан қорғаушылар күні деп атап көрсеткен жөн. Себебі біз барлығымыз – өз Отанымыздың патриоттарымыз. Бәріміз де Отан намысын, Отан мүддесін ойлап жүрміз. Ендеше, бұл жерде Отан қорғаушылар күні жалпы мағынада айтылып тұрғандай. Яғни тек қана ер-азаматтарға ғана қатысты емес. Сондай-ақ 8 Наурыз қыз-келіншектермен қатар, аналар мерекесі ретінде тойланады. Жанұяда аналармен қатар әкелердің де өз орны бар емес пе? Осы орайда әкелер күнінің болуы әкелердің қадір-қасиетін арттыра түсер еді.
Біздің орталықтың ашылғанына биыл бес жыл болды. Жыл өткен сайын орталыққа көмек сұрап келетін ер-азаматтардың саны артып барады. Ер-азаматтардың барлығы дерлік бүгінде қоғам қамқорлығынан шет қалғандарын, ажырасу кезінде де әйелдердің мүддесінің көбірек ескерілетінін айтады. Бұл – ащы да болса шындық. Шындығында, заңымыз да көбінесе әйелдердің «жоғын түгендеуге» арналғандай. Мұның бәрі ер адамдардың құқының қорғалуына кері әсер етеді. Посткеңестік кеңістіктегі елдерде ер-азаматтар күні Отан қорғаушылар күні деп аталса, Армения, АҚШ, Канада, Болгария, Чехия елдерінде арнайы әкелер мерекесі бар. Сондықтан бізге де 7 мамыр мерекесін ер-азаматтар мен Отан қорғаушылар күні ретінде белгілеп, мемлекеттік мерекеге айналдыратын кез жетті.
Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, медицина ғылымының докторы, профессор:
Жоқ
– 7 мамырды мемлекеттік мереке қылудың еш қажеті жоқ. Онсыз да біздің елімізде мерекелік күндердің қатары көп. Әсіресе соңғы кездері мерекені сылтауратып үш-төрт күндеп демалатын болдық. Бұл кім үшін керек? Мәселен, 22 Наурызда бес күн қатарынан демалсақ, 1 Мамырда Қазақстан халқының бірлігі мерекесі деп үш күн демалдық, ал 9 Мамырда Жеңіс күні деп тағы үш күн демалмақшымыз. Соңғы кездері бір күн мерекеге үш күн демалыс беру әдетке айналды. Мұның бәрі елдің әлеуметтік жағдайына кері әсер етеді. Бәріміз демала берсек, сонда жұмысты кім істейді?
Мемлекеттің әл-ауқатын көтереміз десек, қайта жұмыс жасау қажет.
Осылайша онсыз да бар мерекеден құтыла алмай жатқанда, тағы олардың қатарына мемлекеттік мереке енгізу – ақылға сыймас дүние. Сондықтан мен мемлекеттік мереке енгізуге қарсымын. Қазіргі таңда көптеген мекемелер бес күн жұмыс жасап, екі күн демалады. Адамға сол екі күннің өзі физикалық тұрғыдан сергу үшін жеткілікті. Сол екі күнге тағы мерекелік күндерді қосқанда, біздің жыл сайын уақытымыздың біраз бөлігі демалуға кетіп жатқанын байқаймыз.
Әрине, мереке тойланбасын демеймін, тойлансын, бірақ ретімен болсын. Мәселен, Кеңес Одағы кезінде мерекелердің басым бөлігі жексенбілерге қойылатын. Мысал келтірер болсақ, медицина қызметкерлерінің мерекесі маусым айының үшінші жексенбісі болса, баспа, телеарна және радио күні – маусымның соңғы жексенбісі, ал құрылысшылар күні тамыздың бірінші жексенбісі саналатын. Және мұндай мерекелердің қатары жеткілікті еді. Қазір де мерекелерді осындай тәртіппен енгізсек, ештеңеден ұтылмас едік. Ал мемлекеттік мереке деген соң, оған міндетті түрде демалыс жариялайды. Ал жөнсіз демалыс, жөнсіз той кімге қажет?! Олардың барлығын қысқарту қажет.
Сондай-ақ мынау – ер адамдардың мерекесі, ал мына күн әйелдердің мерекесі деп санасудың да еш қажеті жоқ. Айналып келгенде, бәріміз – бір елдің адамдарымыз. Оның үстіне мамыр айының басында онсыз да екі мереке бар. Енді олардың қатарына 7 мамырды мереке ретінде қоссақ, мамыр айының алғашқы онкүндігінде жұмыс дегенді атымен ұмытамыз. Сондықтан мемлекеттік мерекенің қажеті жоқ.
Бейтарап пікір
Қылышбай БИСЕНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Мемлекеттік мерекенің бәрі заңмен бекітілген. Ойлап таба беретін болсақ, әр күнді мерекеге айналдыра беруге болады. Алайда оның еш қажеті жоқ. Сондықтан қазіргі таңда мемлекеттік мереке ретінде белгіленіп жүрген мерекелердің ғана еленгенін дұрыс санаймын. Сондай-ақ 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнін мемлекеттік мерекеге айналдыратындай қажеттілігін көріп те тұрғаным жоқ. Сондықтан кәсіби мереке қалпында тойлана бергені дұрыс.