18 жасқа толмаған жасөспірімдердің мешітке баруына көрші елдердегідей тыйым салу керек пе?
Бүгінгі күні қалыптасып отырған діни ахуалға орай көршілеріміз етек-жеңін жинауда. Мәселен, Қырғызстанның Ош облысында кез келген адамның мешітте түнеуіне тыйым салынды. Олар бұл әрекетін «Егер өткен-кеткен біреу мешітте түнеп, әдепке жат бір нәрсе жасап қойса, ол бүкіл мұсылмандар мен діни қайраткерлердің атына сөз келтіреді» деп түсіндірді. Ал Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонов 18 жасқа толмаған балалардың мешітке барып намаз оқуына рұқсат етпейтін заңға қол қойды. Бұдан былай мешітке тек діни оқу орындарында оқитын балалар ғана емін-еркін кіре алады. Осыған дейін тәжік елі мұсылман елдерінде діни білім алып жатқан 1500-дей студентін кері қайтарып алған еді. Ал соңғы өзгеріс бойынша Тәжікстанның жасөспірімдері мешітке тек діни мерекелер мен жаназа намазы кезінде ғана бара алады. Егер кәмелетке толмағандар жұма намазына қатысса, ата-анасы жауапқа тартылады. Тәжікстан билігі бұл әрекетін елдегі жастарға керітартпа ағымдардың ықпалының өсе түсуін шектеу шараларының бірі деп түсіндіруде. Айта кетерлік жайт: мамандар біздің елімізде де діни мәселелер бар деп санайды. Осы орайда «тәжік еліндегідей шектеу біздің елімізге де керек пе» – деген сауал төңірегінде мамандардың пікірін білген едік.
Амалбек ТШАН, Республикалық спорт колледжінің директоры, қоғам қайраткері
Иә
– Шыны керек, бүгінгі күні жастар арасындағы діни мәселе ушығып кетті. Сондықтан бұл мәселеге саналы түрде мән беріп, тереңірек қарау керек. Соңғы кездері адамдардың дінге бет бұруы эпидемиядай өршіп, намаз оқу сәнге айналып кетті. Ал мұның арты не болады, қандай жағдайға алып барады деген сұраққа бас ауыртып жатқандар жоқтың қасы. Одан гөрі, әлі оңсолын танымаған кішкентай балаларын мешітке апарып оқытып, «міне, менің балам намаз оқиды» деп жұртшылыққа мақтан етіп көрсететін ата-аналар көбейді. Ал оның сол балаға берері бар ма, намаз оқығаннан діни сауаты артып, толысып жатыр ма, оған мән беріп жатқан ешкім жоқ.
Шын мәнінде, дінге берілген жастарға діннің берген пайдасынан гөрі, зияны артып тұр.
Жалпы, діни тұрғыдан да қарастырар болсақ, адам намазға жығылуы үшін оның ақыл-ойы толысқан, оң мен солын дұрыс танитын болуы шарт. Өмірге деген көзқарасы дұрыс қалыптасқан адам болуы тиіс. Намазға жан дүниесімен бет бұрып, ешкімге қиянат жасамайтын, тура жолмен жүріп-тұратын, тәубешілдігі мол, тазалықтың шегіне жеткен адам ғана жығылуы тиіс. Ата-анам бағыттады екен деп немесе біреудің жетегімен намаз оқыған адамның жан дүниесі таза болмаса, өте қиын. Осындай жағдайда кейде намаз оқитын адамдардың да қиянатқа барып жататынын естіп жатамыз. Ал бұл, айналып келгенде, басқа адамдардың дінге деген көзқарасының өзгеруіне алып келіп жатады. Сондықтан мен ақыл-ойы толыспаған жастардың жаппай дінге бет бұрып, мешітке жиі бас сұғуын қолдай бермеймін. Тағы бір айта кетер жайт, бүгінде кім көрінген намаз оқып кетті. Мәселен, спортшылардың намазға жығылуы – спорт үшін зиян. Ол таңертең әлдебір жарысқа қатысар алдында таңғы 4-те тұрып, намаз оқуы тиіс. Ал ертеңгі күні сайысқа түсейін деп отырған спортшының түнгі ұйқысының бұзылуы, одан кейін оның сайысты ойлап, ұйқысыз таң атыруы – ол үшін үлкен зиян.
Бүгінде дін туралы қате түсініктер де көбейіп кетті. Мәселен, сен намазға жығылсаң, тағы біреуді қатарыңа тарту үлкен сауап дейді. Мұндай қате түсініктің қайдан шыққанын білмеймін. Өйткені Құранда жазылғандай, адам намазға өзінің сана-сезімімен келуі тиіс емес пе?! Осындай қате түсініктердің арқасында көзсіз түрде жаппай намазға жығылғандардың саны артуда. Ал мұның арты өте қауіпті. Шыны керек, елімізде орын алған соңғы оқиғалардан кейін еліміздің имамдары мен бақылаусыз қалған мешіттерге де күдігіміз күшейе түсті. Сондықтан кәмелеттік жасқа толмаған, әлі оң мен солын танып алмаған жастардың мешітке барып, жаппай дінге бет бұруы дұрыс деп ойламаймын. Сондықтан олардың жан-жағын дұрыс танып алуына мүмкіндік беруіміз керек. Бүгінде қысқа шалбар киіп, қаба сақал қойғандардың «маған намаздан басқа ештеңе керек емес» дегендерін жиі байқаймыз. Ал Алланың өзіне жүгінер болсақ, сонда Алла адамға сана-сезім беріп, оны неге жаратты? Білім алуына неге мүмкіндік жасады? Сондықтан жасөспірімдерді біз дінді өз түсінігіне салып алып бұрмалайтындардан аулақ ұстауымыз керек. Өйткені дінді өзінше түсініп, өздері зомбиге айналғандар қоғамға қауіп төндіріп тұр. ҚМДБ да жастар арасында діннің, намаздың не екенін түсіндіруге құлықсыз. Құр босқа «міне, үлкен-кішіге дейін мешітке келіп, намазға жығылуда» деп мақтанады. Ал олардың дінді қаншалықты түсініп келіп отырғанына мән бермейді.
Ершат ОҢҒАРОВ, Ph.D доктор, теолог
Жоқ
– Жоқ, бұл пікірге қарсымын. 18 жасқа толмаған жасөспірімдердің мешітке баруына тыйым салудың қажет жоқ. 18 жасқа дейінгі кезең – баланың сана сезімінің толық қалыптасатын уақыты. Яғни осы уақытқа дейін тәрбиеге байланысты барлық түсінікті оның санасына сіңіріп үлгеруіміз керек. Негізі, адамның өзінің табиғатында құдайға сену, Алланы тану деген ұғым бар. Егер оны дұрыс танытсақ, бүгінгі күні сыналап кіріп, төрімізді иеленіп, жастарымыздың санасын улауға ұмтылған түрлі діни секталарға тосқауыл қояр едік. Олардың өзге бір діни ағымның етегінде кетуінен аман алып қалар едік. Сондықтан оларға ондай тәрбиені мешіт қабырғасында беруіміз қажет.
Біздің жасөспірімді мешіттен қуалап, кіргізбей жүргенімізде өзге бір діни ағымның оның санасын шырмап алмасына кім кепіл?! Онда оны кейін қайтару тіпті қиын болады. Өйткені оның санасына ислам дінінен бұрын басқа бір секта өз наным-сенімін ұялатып үлгереді. Сондықтан біз адамды жасөспірім шағынан дұрыс жолға бағыттауды қолға алғанымыз дұрыс. Біз мешіттің есігін тарс жауып алғанымызбен, өзге бір миссионерлердің жасөспірімдерге деген есігі айқара ашық. Сондықтан 18 жасқа толмаған жасөспірімдерді мешіттерге кіргізбеу арқылы біз үлкен қателікке ұрынамыз. Оның үстіне олар мешітке кіре алмағаннан кейін ислам туралы түсінігі әлдекімдер арқылы қалыптасады. Ал мұндай өз бетінше қалыптасқан ислами түсініктің берері аз. Одан гөрі, әрбір адамның ислам туралы білімін немесе классикалық исламның тағылымын мешіттегі білімді имамнан алуының маңызы зор. Бүгінде бұған мүмкіндік мол. Өйткені ҚМДБ бүгінде мешіттерге іріктеуден өткен имамдарды тағайындап жатыр.
Сондай-ақ мешіттерге жасөспірімдердің кіруіне тыйым салу арқылы біз олардың құқын да шектейміз. Қай жағынан болсын, мешітке жасөспірімдердің кіруіне тыйым салу арқылы үлкен қателікке ұрынамыз. Одан гөрі, өзге діни ағымдарға тосқауыл қоюдың басқа да жолдарын қарастырсақ, дұрыс болар еді.
Бейтарап пікір
Досай КЕНЖЕТАЙ, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор:
– Дін деген – үлкен феномен. «Итке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» дегендей, өзге діни ағымдардан сақтанамыз деп, жасөспірімдерімізді мешітке кіргізбей қою дұрыс емес. Мұндай жолмен біз ешқашан өркениетке жете алмаймыз. Жалпы, тәжірибе көрсетіп отырғандай, мешітке кіруге тыйым салу керісінше, оған деген қарсылықты өршіте түседі. Жасөспірімдердің мешітке кіруіне тыйым салар болсақ, олар өршеленіп, мешітке кірудің басқа жолдарын іздестіре бастайды. Егер діни ағымдармен күресудің жалғыз жолы мешітке кіруге тыйым салу болса, бұл – қателік.
Асхат БЕКЕНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Біз жасөспірімдердің мешітке кіруіне тыйым салу арқылы оларға дұрыс бағыт-бағдар бере алмаймыз. Сондықтан олардың діни білімі дұрыс қалыптасуы үшін бастауыш сыныптарда дін сабақтарын жүргізуіміз керек. Бүгінде жастар діннің жолына түсіп алып, одан ақиқат іздейді. Негізі, біз әу бастан дінге берілген, діндар ұлт емеспіз. Сондықтан баланы жастайынан діни білім беріп, діндар адамға айналдырудың қажеті жоқ. Тек керекті нәрселерді арнайы сабақтар арқылы ұқтырып отырсақ, жетеді.