Жұлдыз Әбілқайырқызы Баймолдина
Жұлдыз Әбілқайырқызы Баймолдина 1943 жылы 12 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. Мәскеу университетін, Италияның Неаполь қаласындағы Сан Пьетро а Майелла консерваториясын, Мәскеу қаласындағы КСРО Ғылым академиясы Орыс тілі институтының аспирантурасын бітірген. 1967-1973 жылдары Неаполь қаласындағы университет жанындағы Шығыс тілдер институтында орыс тілінен сабақ берген. 1973-1977 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театры құрамында соло-әншісі болып, Сара (М.Төлебаев «Біржан - Сара»), Ажар (А.Жұбанов, Л.Хамиди «Абай»), Прилепа (П.Чайковский «Қарғаның мәткесі»), Виолетта, Валера мен Джильда (Дж.Верди «Травиата», «Риголетта»), Розина (Дж.Россини «Севиль шаштаразы»), Цермина (В.Моцарт «Дон Жуан»), т.б. партияларын орындады. 1981-1984 жылдары - Қазақ филармониясының соло-әншісі. 1983-1994 жылдары Алматы театр және кино институтында (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) ұстаздық етті. 1993 жылдан Қазақ ұлттық консерваториясында итальян тілінен сабақ берді. Ол орыс тілі синтаксисіне, сондай-ақ, кәсіби әншілік дауысты игеріп қалыптастыру мәселелері жөнінде ғылыми-әдістемелік еңбектер жазды. 1984 жылы гастрольдік сапармен Францияда болды.