Зұфар Сейтжанұлы
Зұфар Сейтжанұлы 1941 жылы 27 мамырда Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағы, Толы ауданына қарасты Бәйгетөбе деген жерде дүниеге келген. 1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1965-1975 жылдары Семей облысы, Таскескен ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте мұғалім болып істеген. 1975–1991 жылдары Қазақ КСР ҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет істеген. Соңғы он жылдан бері әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-да дәріс оқып келеді. 1988 жылы «Реалды-тарихи эпос» атты тақырыпта кандидаттық, 2000 жылы «Қытай қазақтары әдебиетінің туып, даму жолдары» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. «Рауан» («Жалын», 1978), «Таңшолпан» («Жалын», 1988), «Тау самалы» («Жазушы», 1993) өлең кітаптары және фольклорлық желі негізінде «Эпостық батырлар», «Салт-дәстүр» («Аруна», 2001 ), «Бата-тілек» («Аруна», 2002), «Айтыс» («Аруна», 2002) атты балаларға арналған кітаптары бар. Сондай-ақ «Тарихи эпос» («Ғылым», 1994), «Шыңжаң қазақ әдебиеті» («Университет», 1999), «Халық әдебиеті» («Қазақ университеті», 2002), «Ақыт ақын» («Қазақ университеті», 2002), «Эпостағы өмір өрнектері» («Қазақ университеті», 2004), «Казахский исторический эпос» («Қазақ университеті», 2005), «Риторика» («Қазақ университеті», 2006) сияқты монографиялары мен оқу құралдары жарық көрген. Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты.