Жанар Сейдахметқызы Айтжанова
Жанар Сейдахметқызы Айтжанова 1965 жылы 9 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Жуантөбе ауылында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Вена Біріккен институтын, Гарвард университетінің Дж.Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебін (АҚШ) тәмамдаған.
Университетті бітіргеннен кейін ҚазМУ-де және ММУ-де, Карлов және Орталық Еуропа университеттерінде (Чех Республикасының Прага қаласы) машықтанудан өтті. БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Өкілдігінде бағдарламалар үйлестірушісі, Моңғолиядағы БҰҰ-ның үйлестірушісі және БҰҰ-ның Даму бағдарламасы Өкілінің көмекшісі болып жұмыс істеді. БҰҰ Даму бағдарламасының Нью-Йорк қаласындағы Еуропа және ТМД өңірлік бюросының Орталық Азия елдері бөлімінің бағдарламалар жетекшісі болды. 2003 жылғы қыркүйекте Ж.С.Айтжанова Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда вице-министрі болып тағайындалды. 2005 жылғы мамырда оған Қазақстан Республикасының Бүкіләлемдік Сауда Ұйымына (БСҰ) кіруі жөніндегі келіссөздердегі Қазақстан Республикасының Арнайы өкілінің міндеттері жүктелді. 2010 жылдың наурызында Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрі болып тағайындалды. 2011 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасы Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр болып тағайындалды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.