Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдин 1933 жылы 16 ақпанда Павлодар облысы Май ауданы, Майтүбек ауылында дүниеге келген. Ғалым, философия ғылымының докторы (1968), профессор (1970), Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі және вице-президенті, Қазақстандағы диалектикалық логика мектебінің негізін салушы.
1954 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың философия-экономика факультетін бітірген. 1954-1955 жж. – Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасы. 1958 жылы - М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дың философия факультетінің аспирантурасы. «Нақты ғылымның гносеологиялық рөлі» атты тақырыбында философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алуға диссертация қорғаған. 1968 жылы ҒА КСРО философия институтында «Теоретикалық таным проблемаларының бастауы» атты тақырыбында философия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алуға диссертация қорғаған.
Әбділдиннің ғылыми еңбектері негізінен диалектикалық логиканың өзекті мәселелерін зерттеуге арналған. Соның ішінде, әсіресе, нақты ұғым, бастама мәселелерін терең зерттей отырып, олардың философия тарихы тұрғысынан негізделген диалектикалық анықтамасын жасады, логикалық және гносеологиялық функцияларына сипаттама берді, қазіргі ғылым мен практикадағы логико-методологиялық рөлін айқындады. Оның басқаруымен диалектикалық логиканың категорияларын, заңдарын, принциптерін жан-жақты зерттеуге арналған ұжымдық монографияларлар жарық көрді. Осы зерттеулердің нәтижесінде “Диалектикалық логика” аталатын 4 томдық іргелі еңбек дүниеге келді. Мұнда диалектикалық логика функциясы анық дәлелденіп, категорияларының ғылыми жүйесі жасалды, әрі олар қазіргі жаратылыстану ғылымдарының методологиялық мәселелерімен ұштастырылды. Әбділдиннің ғылыми басшылығымен 10 ғылым докторы, 40-қа тарта ғылым кандидаты дайындалды.
1958-1965 жылдары – Қазақ КСР ғылым Академиясының философия және құқық институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1965 жылы - Қазақстан Республикасының ҰҒА философия институтының диалектикалық материализм, теориясы мен тарихы бөлімінің меңгерушісі. 1973-1984 жылдары – Философия және құқық институтының директоры. 1984-1986 жылдары Қазақстан ҒА Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы. 1986-1995 жылдары ҒА-ның вице-президенті болды. 1987-1989 жылдары Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов шығармаларын зерттеп, оларды ақтау мәселесімен айналысқан арнаулы комиссияларды басқарған. 1987 жылы ғылым мен техника саласындағы Лениндік және КСРО Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комитеттің мүшесі болды. 1986-1991 жылдары Кеңес-қытай достығы қоғамы Қазақбөлімшесі басқармасының төрағасы. 1981-1990 жылдары КСРО филос. қоғамы Қазақстан бөлімшесінің төрағасы міндетін атқарды. 1990 жылдан бастап Қазақ филос. қоғамының Президенті, ҚР Мәдениет қорының төрағасы. 1990 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің халық депутаты болып сайланды. 1994 жылы ҚР-ның тұңғыш Парламентіне депутат болды. 1995 жылдан ҚР Парламентінің сенаторы, Сенаттың Халықар. істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы. 1998-2007 жылдары – ҚР Президенті жанындағы адам құқығы жөніндегі комитет төрағасы. 2005 жылдың желтоқсанынан 2007 жылға дейін — Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігінің әлеуметтік-саяси бөлім меңгерушісінің орынбасары. 2006 жылдың желтоқсанынан бастап Л. Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры.
Қоғамдық ғылымдар саласы бойынша Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың (1974) иегері. Қоғам және мемлекет қайраткері. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының (1984), ҚР Президентінің Бейбітшілік және рухани татулық сыйлығының (1994), Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. 2008 жылы «БҰҰ-ның принциптеріне адалдығы және соңғы 15 жылда Қазақстанда БҰҰ-ның жұмысына өлшеусіз үлес қосқаны үшін» марапатталған, Халықаралық «Өмір ағашы» сыйлығын «Шығармашылық ұзақ жасаушы» аталымы бойынша иеленген (2010 ж.). «Барыс» ІІ дәрежесімен (2000 ж.), ТМД Парламентаралық ассамблеясының «Достық» медальдарымен марапатталған.
Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдин
Последние статьи автора