Уәлихан Қозыкеұлы Бишімбаев
Уәлихан Қозыкеұлы Бишімбаев 1946 жылы 27 қазанда Оңтүстік Қазақстан обласы Түлкібас ауданының Т.Рысқұлов атындағы ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын бітірген. 1969-1972 жылдары - Д.Менделеев атындағы Мәскеу химия – технологиялық институтының аспиранты.
1973-1976 жылдары кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін Қазақ химия – технологиялық институтында оқытушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1976-1990 жылдары - Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институты Қызылорда филиалының директоры. 1990-1996 жылдары - Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтының ректоры. 1991 жылы Мәскеу химия – технологиялық институтында «Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану» мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғады. 1996-1998 жылдары - Жамбыл университетінің ректоры. 1998-2001 жылдары - М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры. 2001-2012 жылдары - М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры. 2012 жылғы қаңтардан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. «Нұр Отан» ХДП мүшесі.
«Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағын алған, ҚР білім, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері.