Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұлов
Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұлов 1946 жылы 29 сәуірде Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) және Ленинград қаласындағы (қазіргі Санкт-Петербург) А.Ф.Иоффе атындағы физика-техникалық институтының аспирантурасын тәмамдаған. Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының, Халықаралық шығармашылық Академиясының, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Алматы облысының құрметті азаматы.
1970-1998 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, деканы, университет жанынан алғаш құрылған Тәжірибелік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтын ұйымдастырушы және оның тұңғыш директоры. 1998-2001 жылдары І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры. 2001-2008 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болды.
Негізгі ғылыми еңбектері атом ядросы мен элементар бөлшектер теориясына, кванттық хромодинамикаға арналған. Ол жарық физикасы саласында «Торланған калибрлік өрісті стохастикалық кванттау» атты жаңа ғылыми бағытты қалыптастырды.
100-ден аса ғылыми еңбектің авторы. «Парасат» орденімен, медальдермен марапатталған.