Сейдіқасым Ниязбекұлы Байбеков
Сейдіқасым Ниязбекұлы Байбеков 1955 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. Лениниград мемлекеттік университетінің физика факультетін физика мамандығы бойынша бітірген. Профессор, техника ғылымдарының докторы.
ҚР Жоғарғы Кеңесінің ғылым, білім және жаңа технологиялар комитетінде консультант, ҚР Үкіметі аппаратының әлеуметтік-мәдени даму комитетінде аға референт және ҚР Парламент Сенаты Аппарат басшысының орынбасары болып қызмет атқарған. Бұл қызметтерде еліміздегі білім беру саласы мәселелерімен шұғылданған.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік университетінде факультет деканы, институт директорының орынбасары қызметтерін атқарды.
2002 жылы 05.13.01 - Жүйелік талдау, басқару және ақпаратты өңдеу мамандығы бойынша техника ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін докторлық диссертация қорғады. Докторлық жұмыс тақырыбы - «Сайлау үдерісінің теориясы және жүйелік талдау практикасы, модельдеу және болжау». Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік университетінде жұмыс атқарған кезінде Қазақстан мен Қырғызстандағы сайлау алды жағдайды талдау және президенттік сайлау нәтижелерін болжау жұмыстарымен белсенді шұғылданды. Қырғызстан Президент Аппараты басшысының алғыс хаттарымен бірнеше рет марапатталған.
РМӨ «Қазақстан метрология институтында» басшы және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми ізденістері физика мәселелерімен байланысты, оның ішінде нанотехнология, ақпараттық технология, қоғамдық және саяси үдерістерді моделдеу, атап айтқанда, бұқаралық сайлау, мемлекеттер арасындағы даулы территорияларды бөлуді математикалық моделдеу және т.б. Бұл мәселелерге арналған жұмыстары ТМД және Қазақстанның жетекші ғылыми журналдарында жарық көрді.
2 монография, 2 оқулық, 10-нан аса оқу құралдары және 100-ден аса ғылыми мақалалары жарияланды. Сонымен қатар 3 өнертапқыштық патентінің иесі.
АҚШ сауда департаменті Стандарттау және технология ұлттық институтының сапа менеджмент жүйесі бойынша толық курсын бітірген. Ғылыми және өндірістік лабораторияларды ИСО/МЭК 17025:1999 халықаралық стандарттар бойынша бағалау және аккредиттеу эксперті.