Сатыбалды Жәлелұлы Нарымбетов
Сатыбалды Жәлелұлы Нарымбетов 1946 жылы 7 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Ащысай кентінде туған. 1962–1965 жж. ҚазМУ-дің филология факультетінде оқыған. 1969 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтын, 1984 жылы Мәскеудегі екі жылдық жоғары кинорежиссерлер курсын тамамдаған.
Дипломдық еңбегі – «Шоқ пен шер» киноповесі 1969 жылы «Искусство кино» журналында жарияланып, ол бойынша түсірілген көркем суретті фильм (режиссері Қ.Қанымбеков) Монте–Карлода өткен XІ кинофестивальде «Күміс Нимфа» жүлдесіне ие болған. Өз сценарийлерінің негізінде бірнеше деректі және көркемсуретті фильмдер «Қырғызфильм» және «Қазақфильм» киностудияларында түсірілген. 2008 жылы «Мұстафа Шоқай» көркем фильмін түсірді.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2000). Халықаралық кинофестивальдердің лауреаты.
Шығармалары: Тентек. Әңгімелер. А., «Жазушы», 1968; Ассалаумағалейкум, Атлантида! Повестер. А., «Жалын», 1981.