Қалдыбай Жайлауұлы Пірәлиев 1941 жылы 29 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында дүниеге келген. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі сыйлығының және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қаныш Сәтбаев атындағы сыйлықтың иегері.
1965-1994 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының Бектұров атындағы Химия ғылымы институтының аға зертханашысы, инженері, кіші, аға, жетекші, ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі. 1994-2005 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының Бектұров атындағы Химия ғылымдары институты директорының орынбасары. 1994 жылдан Қазақстан Ғылым Академиясынының Бектұров атындағы химия ғылымдары институты дәрі-дәрмек химиясы зертханасының меңгерушісі, Алматы үздіксіз білім университетінің ректоры қызметтерін атқарып келеді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармакопеялық комитетінің мүшесі, Диссертациялық кеңес төрағасының орынбасары, Республикалық іргелі зерттеулер кеңесінің мүшесі. Сондай-ақ «AAPS» Америка фармацевтика ғалымдары Ассоциациясының мүшесі, Қазақ КСР Министрлер Кеңсінің мемлекеттік ғылыми стипендиясының жеңімпазы. Соңғы жылдары Америка азаматтық зерттеулер және даму қорының (CRDF) 3 гранты, АҚШ-тың Оклахома және Нью-Йорк университеті, INTAS гранты бойынша Бельгияның Гент университетінің ғалымдарымен тығыз байланыста жұмыстар жүргізуде. Жаңа дәуірлік заттарды іздестіру және өндіріске енгізу жолындағы жетістіктері үшін Америка фармацевтика ғалымдарының Ассоциациясына мүшелікке қабылданған.
Республикада тұңғыш рет депрессияға қарсы жартылай синтетикалық дәрілік зат - цефедрин өндіру мен медицинада қолдануды іске асырған. Ғалымның 700-ге жуық ғылыми еңбегі, 200-дей патенті бар. 26 химия ғылымы кандидатын, 4 докторын даярлаған. «КСРО өнертапқышы» белгісімен, медальдармен марапатталған.
Қалдыбай Жайлауұлы Пірәлиев
Последние статьи автора