Өтеген Күмісбаев
Өтеген Күмісбаев 1939 жылы 20 мамырда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, аудандық газетте әдеби қызметкер болып істеген. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істеді. 1969–1974 жылдары Мәскеудегі КСРО ҒА-ның Шығыстану институтында оқып, осы институттың аспирантурасына түскен. 1974 жылы «Тұрмағамбет Ізтілеуов және оның «Рүстем–Дастаны» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Көп жылдан бері әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-да ұстаз (1990). Филология ғылымының докторы. Оннан астам өлең, әңгіме, повесть, ғылыми кітаптардың авторы. Өлеңдері орыс тіліне аударылып, «Солидарность», «Литература и ты», «Мы – молодые» секілді Мәскеуде шыққан жинақтарда басылған, шет елдер тіліне аударылған. Парсы-үнді классигі Әмір Хұсрау Дехлевидің «Жұмақтың сегіз бағы» дастанын түпнұсқасынан, сондай-ақ М.Рыльскийдің «Раушан мен жүзім» өлең-поэмалар кітабын (1987) тәржімалады. Р.Ғамзатов, Вс.Рождественский, Явухулан жырларын қазақшалаған. Поляк революционері Янушкевич жөнінде роман жазған.
Шығыс әдебиеті мен қазақ әдебиетінің өзара байланысын зерттеуге арналған «Терең тамырлар», «Абай және Шығыс» (1995), «Мұхтар Әуезов және әдебиет әлемі» (1997) монографиялары бар.
Шығармалары: Тұңғыш. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1964; Алақан. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1966; Менің кішкентай үйрегім. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1968; Жапырақтар түсіп жатыр. Әңгімелер. А., «Жазушы», 1969; Ақбота. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1972; Ақ шолпан. Өлеңдер, поэмалар. А., «Жазушы», 1974; Ауылдан шыққан жол. Әңгімелер. «Жазушы», 1975; Горный кумыс. Стихи. М., «Советский писатель», 1976; Степная рапсодия. Стихи. М., «Советский писатель», 1983; Екі перне. Сын. А., «Жазушы», 1980; «Тұрмағамбет Ізтілеуов және оның «Рүстем-Дастаны». Монография. А., «Наука», 1982; Ортақ арна. Сын. А., «Жазушы», 1985; Казахская поэзия и Восток. Монография. А., 2000; Иран әдебиетінің тарихы. Монография. А., 2002.