Өмірзақ Озғанбаев
Өмірзақ Озғанбаев 1941 жылы 9 маусымда Атырау облысында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектебі Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері.
Еңбек жолын мектеп мұғалімдігінен бастап, аудандық, қалалық партия комитеттерінде, облыстық «Білім» қоғамдық ұйымында, Маңғышлақ облыстық кәсіби-техникалық білім беру басқармасында лауазымды қызметтер атқарған. 1988-1990 жылдары - Қазақ КСР Халыққа білім беру министрлігі Республикалық оқу-әдістемелік орталығының директоры. 1990-1994 және 1995-1996 жылдары - Маңғыстау облыстық білім басқармасының бастығы. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Ғылым, білім және жаңа технологиялар жөніндегі комитетінің мүшесі. 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Аймақтық даму және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы, Қазақстан халықтық бірлігі партиясы фракциясы төрағасының орынбасары. 1999-2001 жылдары - Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының президенті. 2002-2004 жылдары - Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетінің проректоры. 2004 жылдан - «ҚазМұнайГаз» Кен Барлау» АҚ бас директорының кеңесшісі, «Рауан Медиа Групп» АҚ бас директорының кеңесшісі. 2007 жылдың қазанынан - Маңғыстау облысы әкімі жанындағы Ардагерлер Кеңесінің төрағасы. 2013 жылғы наурыз айынан бастап «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы.
50-ден астам ғылыми жарияланымның және бірнеше кітаптың авторы. «Құрмет» орденімен, 8 медальмен марапатталған.