Марат Қалмұратұлы Сабырбаев
Марат Қалмұратұлы Сабырбаев 1953 жылы 12 қыркүйекте Қаракалпақ АССР-нің Ходжейл қаласында дүниеге келген. 1981 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған. Заң ғылымының кандидаты. Әкесі Қалмұрат Сабырбаев ұзақ жылдар заң саласында, соңғы жылдары Маңғыстау облысының Бейнеу аудандық сотында қызмет еткен.
"Әке көрген оқ жонар" дегендей Марат Қалмұратұлы да әскерден келгеннен кейін көп ұзамай заңгерлік «жолға» түседі. "Көп ұзамай" деуіміздің себебі бар. 1971-1973 жылдары әскер қатарында борышын өтеп келген соң ол, 1976 жылға дейін бүгінгі Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында слесарь болып қызмет атқарады. Сосын, 1976 жылдың тамыз айында қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің заң факультетіне оқуға түседі. 1981 жылдың қараша айында оқу орнының жолдамасымен маман ретінде Маңғыстау облысының Әділет бөліміне жіберіледі, осыдан бастап, оның заң саласындағы жауапты да міндетті қызметі басталады. Өзін жан-жақты көрсете білген жас маман 1982 жылы Шевченко қалалық сотына халықтық судья болып сайланады. 1983 жылдың мамыр айынан бастап, Мұнайлы аудандық сотының судьясы, кейін төрағасы болса, 1988 жылы Мұнайлы аудандық сотының тарқауына байланысты Шевченко қалалық сотына судья болып ауысады. Судья есебінде, сот төрағасы ретінде халық пен үкімет сенімін ақтай білген ол кісіге бұдан кейін де халық сотының бірнеше жауапты, лауазымды қызметтері сеніп тапсырылады. Мәселен, 1989 жылы Гурьев қалалық сотының төрағасы болса, 1992 жылдан 2002 жылға дейін табаны күректей 10 жыл Ақтау қалалық сотының төрағасы қызметін атқарады. 2002 жылы Алматы қаласы Түркісіб аудандық сотының төрағасы, 2005 жылы Алматының халқы көп шоғырланған үлкен ауданы – Медеу аудандық сотының төрағасы болады. 2007 жылы Елбасы жарлығымен Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы, 2009 жылы Елбасы жарлығымен Қызылорда облыстық сотының төрағасы қызметтерін атқарады. 2012 жылы Елбасы жарлығымен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы болып тағайындалды.