Мәлік-Айдар Асылбеков
Мәлік-Айдар Асылбеков
Қазақстанның көрнекті ғалымы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбеков 1929 жылы қаңтардың 15 жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызыл-Құм ауданы, Шардара ауылында дүниеге келген.
Отан қорғау жолында әкесі майданда қаза тапқаннан кейін буыны бекімеген жас Мәлік-Айдар үлкен отбасының міндетін, ауыртпалықтарын атқарып, соғыс және соғыстан кейінгі алғашқы жылдардың қиыншылықтарын бастан кешіреді, 1945 жылы орта мектепті, ал 1948 жылы Шымкент мұғалімдер институтын да, 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін де үздік дипломмен оқып бітіреді. Еліміздің бас жоғары оқу орнында өткізген жылдарында жас ғалымның өзіндік шығармашылық ерекшелігінің қалыптасуына Е.Б. Бекмаханов, Б.С. Сүлейменов, С.Н. Покровский, Н.К. Киікбаев, Я.Д. Серовайский, И.З. Чумак, В.Ф. Шахматов секілді т.б. көрнекті тарихшы-ғалымдар зор ықпал етті. Оқудың соңғы екі жылында ол Қазақстан Компартиясы ОК жанындағы Партия тарихы институтында кіші ғылыми қызметкер міндетін қоса атқарды.
Аспирантураға ұсынылғанына қарамастан, отбасындағы жағдайына байланысты оған әке шаңырағына қайтуына тура келді. Мәлік-Айдар Хантемірұлы өзінің еңбек жолын ауыл мұғалімі қызметінен бастайды. Көп кешікпей-ақ оның ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, оған орта мектепке жетекшілік ету сеніп тапсырылады, кейінірек ол Қызылқұм аудандық оқу бөлімін басқарады.
1958 жылы Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбеков А.Н. Нүсіпбеков, Б.С. Сүлейменов, Г.Ф. Дахшлейгер және т.б. аға буын тарихшы-ұстаздарының шақыруымен Алматыға көшіп келіп, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына кіші ғылыми қызметкер лауазымына жұмысқа тұрады. Осы уақыттан бастап оның өмірі академиялық ғылыммен үздіксіз байланыста келеді.
1960 жылы жарық көрген «Патша өкіметіне қарсы қазақ тіліндегі үндеу-өлең туралы (1905 ж.)» атты өзінің алғашқы ғылыми мақаласын М.А.Х. Асылбеков Қазақстанның Ресей империясы езгісіне қарсы ұлт-азаттық қозғалысына арнағанын ерекше атап өткен жөн. Мақала дерегінің Омбы мемлекеттік мұрағатынан алғаш табылған және автор жариялаған өте сирек мәліметтерге сүйеніп, Қарқаралыдан шыққан омбылық телеграфист Мұхамед-Мақсұт Хамидуллин-Бекметовтің жергілікті халық арасында кең таралған араб графикасымен емес, конспирация мақсатында латын әріптерімен жазылған қазақ тіліндегі үндеу өлеңі негізінде жазылған еді. Алайда мұндай конспирация оны тінтумен, Далалық аймақтан жер аударылуымен аяқталған тұтқындаудан сақтап қала алмады. Патша әскерлерінің Жапониямен соғыста жеңілісін және жергілікті еңбекші бұқараның ауыр халін әшкерелеген бұл өлең халықты отарлық езгіге қарсы белсенді қимылдарға шақырады.
М.А.Х. Асылбековтың ғылыми еңбектерінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және тарихи-демографиялық проблемаларының өзекті проблемалары зерттелген. Атап айтқанда, соңғы жылдары, яғни Қазақстан тәуелсіздік алып, республикада демократиялық процестердің дамуы басталғасын, гуманитарлық ғылым саласында идеологиялық тыйым алынғасын, бұрын тыйым салынған тақырыптар ашылғаннан кейін, ғалым Қазақстанды шикізат көзіне айналдырған жедел индустрияландыруға, жұмысшы табының қалыптасуы мен дамуына, оның ішінде өнеркәсіп пен транспортта ұлттық кадрларды даярлаудағы ерекшелік пен сыңаржақтылықты жаңа көзқарас негізінде жан-жақты пайымдап, өндірістік дамудың көптеген аймақтарда экологиялық ахуалдың нашарлатқанын ашып көрсетті, республика өнеркәсібінің бүгінгі таңдағы проблемалары, оның ішінде күннен-күнге етек алып келе жатқан жұмыссыздықтың себеп-салдарлары талданып, ұзаққа созылған әлеуметтік дағдарыстан шығу жолдары туралы ұсыныстар берілуде. Оның индустрияландыру процестерін зерттеген еңбектерінде жалпы заңдылықтарын негіздеумен қатар, нақты тарихи ерекшеліктерін ашып көрсетіп, бүгінгі күнге дейін Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына залалын тигізіп қана қоймай, нарықтық қайта құруларға тұсау болған қателіктер мен бұрмалаушылықтар талданған.
Автор Қазақстанның индустриялық дамуы тарихнамасындағы талқылауды қажет ететін мәселені, атап айтқанда оның хронологиялық кезеңдерін белгілеуді алғаш көтерді. Өз концепциясының негізінде, ол Қазақстанда индустрияландыру Ұлы Отан соғысы қарсаңында аяқталмаған деген тұжырымдаманы құжаттық және логикалық негізде пайымдады.
Қазақстанның демографиялық процестерін объективті тұрғыда зерттеу нәтижесінде М.А.Х. Асылбеков миграциялық толқындардың республика тұрғындарының әлеуметтік және ұлттың құрылымына әсерін, демографиялық апаттың себептері мен зардаптарын ашып көрсетті, қазақтардың өз жерінде аз ұлтқа айналуын, қазақтардың экономиканың индустриялық салаларындағы азшылдығын жан-жақты талдап қана қоймай, сонымен қатар олардың қала тұрғындары құрылымында да төмендігін терең зерттеген. Оның еңбектерінде Қазақстан қоғамындағы әлеуметтік құрылымындағы өзгерістерге жаңа көзқарас ерекше пайымдалған. Асылбековтың тарихи демография проблемаларына арналған еңбектері қоғамдық ғылымдардың белгілі идеологиялық факторлардың салдарынан ұзақ уақыт тоқырау жағдайында болған бұл саласында қарқынды ұмтылыс болды.
М.А.Х. Асылбековтың ғылыми творчествосының көзге түсерлік ерекшелігі- зерттелетін проблемаларды жан-жақты, кешенді түрде қамтуы. Индустриялық қайта құрулардың, әлеуметтік-демографиялық дамудың мән-мағынасын ашып-талдауды ол еліміздің жалпы тарихымен тұтастай байланыста қарастырады. Зерттелетін проблемалардың бәрін, олардың өзара тығыз байланыстылығы мен өзара келістілігі арқылы пайымдайды. Мұндай методологиялық тәсіл зерттелетін мәселелердің жай-күйін жан-жақты әрі шынайы шыншылдықпен талдауға мүмкіндік берді. Қазақстанда халық өсуінің өзекті проблемаларын жете зерттеуде Асылбеков көптеген маңызды, табанды методологиялық ережелерді қалыптастырды. Тарихтағы “ақтаңдақтарды” толықтыруға да ғалым сүбелі үлес қосуда.
Ғылыми қауымға кең танымал М.А.Х. Асылбековтың еңбектерінің ғылыми құндылығы жоғары болумен қатар, оның практикалық маңызы да өте зор. Оның Қазақстанның бүгінгі таңдағы демографиялық ахуалын зерттеулері, әсіресе халықтың өсіп-өнуіндегі келеңсіздіктің себептерін, тұрғындардың негізгі әлеуметтік топтарының бүгінгі таңдағы жағдайын айқындауы, ғылыми негізделген, қуатты әлеуметтік және демографиялық саясатты саралау мен жүзеге асыру үшін өте маңызды.
Оның Қазақстан тарих ғылымының дамуына қосқан сүбелі үлесі республиканың және оданда тысқары аймақтардың ғалымдар қауымына кең танымал. Ол редакциялық-баспа жұмысына да ауқымды үлес қосуда. Ол көптеген тарихтың актуалды проблемаларын қамтитын монографиялар мен тематикалық жинақтардың редакторы. М.А.Х. Асылбеков таяу және шет елдердің жетекші демограф-ғалымдарымен тығыз ғылыми байланыс орнатқан. Оның ғылыми және педагогикалық қызметі тек қана Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шет елдерде де кең танымал әрі жоғары бағаға ие. Ол 1992 ж. америка ғалымдарының шақыруымен Сан-Франциско және Беркли (АҚШ) қалаларындағы университеттерде тарихи демография және әлеуметтік тарихтың өзекті проблемаларынан лекция оқыды. М.А.Х. Асылбеков Қазақстан ғылымын көптеген басқа да елдерде үлкен абыроймен көрсетуде. 1995 жылы Москвада өткен социологтар мен демографтардың, 1997 жылы Берлинде өткен “Орталық Азиядағы миграция: оның даму мен тұрақтылыққа әсері” атты халықаралық, 2008 жылы Москвада өткен «КСРО-да болған жаппай ашаршылықтың тарихи және саяси мәселелері (30 жылдар)ң атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар мен т.б. көптеген ғылыми жиындарға белсене қатысты.
Үлкен ғалымның ғылыми-педагогикалық қызметіне ерекше тоқталғанымыз жөн. М.А.Х. Асылбеков Қазақстанның тарихшы-демографтарының лайықты көш бастаушысы. Ол өзінің ғылыми мектебін құрып, лайықты жоғары дәрежелі ғылыми ізбасарларын даярлаған, оның жетекшілігімен 10 ғылым докторлары, 45 ғылым кандидаттары диссертациялар қорғады. Ұзақ жылдар бойы Абай атындағы Алматы мемлекеттік Университеттің тарих факультетінің профессоры ретінде тарихшы студенттерді тәрбиелеуде жемісті еңбек етуде. М.-А.Х. Асылбековтың шәкірттері бүкіл еліміздің ғылыми мекемелері мен оқу орындарында еңбек етуде, олардың көбі отан тарихының кезінде ұстазы негізін салған бағыттарында да жемісті зерттеулер жүргізуде.