Ғани Әбдуалиұлы Құлжанов
Ғани Әбдуалиұлы Құлжанов 1965 жылы 20 қыркүйекте Қызылорда облысы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Қызылорда қалалық музыкалық училищесін, Алматы мемлекеттік театр және кино институтын тәмамдаған. Актер, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.
1990-2007 жылдары М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қызмет атқарды. 2007 жылдан бастап Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрынның әртісі, Жас көрермендер театрының бас директоры.
М.Мақатаевтың «Қош махаббат» спектаклінде Айбар, М.Байджиевтің «Қалындық пен күйеуінде» - Күйеу, У.Шекспирдің «Асауға тұсауындағы» - Гортензио, М.Әуезовтың «Айман-Шолпанында» - Арыстан, Е.Замятиннің «Еділ патшасында» - Вегила, Ғ.Мүсіреповтың «Махаббат туралы аңызында» - Қодар, Иран Ғайыптың «Шынғысханында» - Сүбітай, «Абылайханында» -Әбілмансұр, Қ.Аширдың «Қабыл - Адам Ата перзентінде» - Абыл, Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесіндегі» - Құмар, Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» - Эрих Кламрот, У.Шекспирдің «Гамлетінде» - Король Клавдий, Д.Исабековтың «Әпкесіндегі» - Омар, Шахимарданның «Қазақтарында» - Қасымсұлтан, Ш Айтматовтың «Ақ кемесінде» - Оразқұл, Ә.Нұршайықовтың «Қан мен терінде» Тәңірберген рөлдерін ойнап, Қазақфильм, Қырғызфильм, Өзбекфильм, Ресей киностудяларында киноға түскен. «Тоғысқан тағдырлар», «Қара шегіртке», «Дневной дозор», «Ләйләнің зары», «Жас ұлан» кинофильмдерінде басты ролдерді сомдаған.