Ғалиолла Төлендіұлы Мейірман
Ғалиолла Төлендіұлы Мейірман 1946 жылы 17 мамырда Алматы облысының Қаратал ауданында дүниеге келген. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) бітірген. Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі.
Қазақ мал азығын өндіру және жайылым ғылыми-зерттеу институтында, Қазақ ауыл шаруашылығы ғылым академиясында, Арал өңірі агроэкология және ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында, Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, басшылық қызметтер атқарған. 2004 жылдан бастап Егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында қызмет етеді. Негізгі ғылыми еңбектері, жоңышқа мен майлы дақылдардың селекциясын және тұқым шаруашылығын зерттеуге бағытталған. Жоңышқа дақылы селекциясының теориялық негіздерін жасап, осы дақылдың жаңа сұрыптары – Қапшағай-80, Дархан-90, Жайнақ, түйе жоңышқаның Аркас, Сарайшық және күріштің Аружан сұрыптарын шығарған. 90-нан астам ғылыми еңбегі бар.