Ғафиз Қадырұлы Есімов
Ғафиз Қадырұлы Есімов 1947 жылы 9 мамырда Атырау облысы Махамбет ауданы Соройченко ауылында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген, опера әншісі. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры. Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрының режиссері, ҚР халық әртісі, К.Байсейітова атындағы вокалистер конкурсының, Мәскеудегі М.Глинка атындағы халықаралық конкурстың, Барселонадағы Виньянс атындағы халықаралық конкурстың лауреаты.
1975 жылдан Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі. Қазіргі қызметінде - 2002 жылдан бері. Негізгі партиялары: Абай (А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайында»), Думан (Е.Брусиловскийдің «Дударайында»), Алпамыс (Е.Рахмадиевтің «Алпамысында»), Құрманғазы (А.Жұбанов пен Ғ.Жұбанованың «Құрманғазысында»), Онегин (П.И.Чайковскийдіәң «Евгений Онегинінде»), Жермон (Дж.Вердидің «Травиатасында»), Дон Жуан (В.Моцарттың «Дон Жуанында»), т.б. Концерттік шығармашылық қызметімен де қазақтың халық әндерін, халық композиторларының әндерін, сондай-ақ қазіргі қазақ композиторларының ән-романстарын насихаттауға елеулі үлес қосты.