Еркін Жаппасұлы
Еркін Жаппасұлы 1954 жылы 6 маусымда Семей облысы Ақсуат ауданы Ақсуат ауылында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы) дүниеге келген. 1971 жылы Ақсуат қазақ орта мектебін бітірген. 1971–1973 жылдары Ақсуат аудандық Пионерлер үйінің директоры қызметін атқарған. 1975 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп оралған соң аудандық музыка мектебінде ұстаз болған. Мектеп қабырғасында жүріп музыка мектебін қоса тамамдаған. 1982 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. «Қазақстан пионері» («Ұлан») газетінде, республикалық «Қазақ кітап» кітап саудасы бірлестігінің насихат редакциясында еңбек еткен, «Қазақ әдебиеті» газетіндегі қызметін тілші болып бастаған. Қазір «Қазақ әдебиеті» газеті Бас редакторының орынбасары.
Алғашқы әзіл-сықақ шығармалары 1967 жылдан бастап облыстық «Семей таңы», «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақстан пионері» газеттерінде, «Ара-Шмель» және «Жұлдыз», «Жалын» журналдарында жарияланған.
«Кімге күлкі, кімге түрпі?», «Ой, қытығым келеді…», атты т.б. сатиралық кітаптары жарық көрген. 2003 жылы «Қымсынбашы, қылықтым» атты кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. 2008 жылы «Жазушы» баспасынан «Мыңқетпес мыңқ етер емес» әзіл-сықақ әңгімелер жинағы жарық көрген. Шығармалары орыс, қытай тілдеріне аударылған.
«Қазақстан», «Хабар» арналарының әзіл-сықақ хабарларының, «Тамаша» ойынсауық отауының тұрақты авторы.