Болатбек Бимендіұлы Баймаханов
Болатбек Бимендіұлы Баймаханов 1962 жылы 3 қыркүйекте Қызылорда қаласында дүниеге келген. Алматы медицина институтының емдеу факультетін (1986) хирург мамандығы бойынша; Т. Рысқүлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің экономика факультетін (2006) экономика бакалавры мамандығы бойынша тәмамдаған. Медицина ғылымдарының докторы (2001). Профессор (2006 жылдан). 1986 жылдан - Қызылорда облыстық ауруханасының дәрігер-хирургі, 1987 жылдан - эндоскопист-дәрігері. 1990 жылдан - А.Н. Сызғанов атындағы Клиникалық және сынақтық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, 1991 жылдан - хирургия бөлімінің ғылыми қызметкері, 1995 жылдан - хирургия бөлімінің аға ғылыми қызметкері (Алматы қ.). 2000 жылдан - Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы. 2002 жылдан - Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментінің бастығы. 2003 жылдан - «А.Н. Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығы» РМКК директоры, 2007 жылдан бөлім меңгерушісі (Алматы қ.). 2008 жылдың шілдесінен - Қызылорда облысы Денсаулық сақтау басқармасының бастығы. 2011 жылдан «Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы» АҚ-ның Басқарма төрағасы. 2012 жылдан бастап Алматы қаласындағы №7 қалалық клиникалық емхананың бас дәрігері.
«Құрмет» орденімен (2006), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен марапатталған.