Байбота Серікбаев
Байбота Серікбаев (Қошым-Ноғай Байбота Серікбайұлы) 1954 жылы 8 мамырда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданына қарасты Бесарық өңіріндегі «Талап» ауылында (бұрынғы «Талап» кеңшары) дүниеге келген. 1977 жылы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетін бітірген. Сол жылы оның алғашқы өлеңдер жинағы «Тұңғыш кітап» («Таң шапағы» сериясымен) деген атпен жарық көрген. 1978–1988 жылдары «Жалын» баспасында редактор, аға редактор болып қызмет атқарды. Бұдан кейін «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында, «Ана тілі» мен «Қазақ елі» газеттерінде бөлім редакторы, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметтерінде болды. 2001–2006 жылдары «Жазушы» баспасында жетекші редактор болып қызмет еткен.
Өлеңдері, публицистикалық туындылары, ғылыми-танымдық мақалалары республикалық мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып, көптеген ұжымдық жинақтарға енген. «Тіршілік ұясы» атты кітабы үшін 1988 жылы Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды. Шетел ақындарының өлеңдері мен ежелгі түркі поэзиясын тәржімалауға ат салысты. Балалар әдебиетінен армян ақыны С.Капутикянның «Маша сурет салады» (А., «Жалын», 1983) және орыс ақыны Е.Благининаның «Шинельді неге сақтап жүрсің?» (А., «Жалын», 1985) атты кітаптарын қазақ тіліне аударды.
Шығармалары: Тұңғыш кітап. Өлеңдер. А., «Жалын», 1977; Гүлдерайым. Өлеңдер. А., «Жалын», 1979; Жұлдызым жоғары. Өлеңдер, балладалар, ертегілер. А., «Жалын», 1981; Қуыршағым бар менің. Өлеңдер, санамақтар, ертегілер. А., «Жалын», 1984; Тіршілік ұясы. Өлеңдер, балладалар, поэмалар. А., «Жалын», 1987; Таңертеңгі тәтті түс. Өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, ертегілер. А., «Жалын», 1989; Жариям айдай. Өлеңдер, балладалар, поэмалар. А., «Жалын», 1992; Жүректің көзі ашылса. Өлеңдер, балладалар, поэма. А., «Жалын», 1993; Сымбат салған суреттер. Суретті кітапша. А., «Қаржы-қаражат», 1996; Сам жамыраған шақ. Аст., «Фолиант», 2001; Тіл ұшындағы тарих. Алғыр оқырмандар кітабы. А., «Жазушы», 2003; Таңғажайып түс. Өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, ертегілер. А., «Жазушы», 2003; Мүшел. Суретті кітапша. А., «Жас Ұлан», «К»., 2004; Он екі қонақ. Суретті кітапша. А., «Жас Ұлан», «К»., 2004; Тәңірі таразысы. А., «Жазушы», 2005; Мамандықтың бәрі жақсы. Суретті кітапша. А., 2006; Таниды екен, кәне, кім өз мінезін, әдетін?!. Суретті кітапша. А., 2006; Жол әліппесі. Суретті кітапша. А., 2006; Сауат ашу, оқу және жазу. (1-бөлімі және 2-бөлімі). 5-6 жастағы бүлдіршіндерге және олардың ата-аналары мен тәрбиешілерге арналған оқу құралы. А., 2007; Екі томдық шығармалар жинағы. Бірінші том. Тағдыр тамызы. Екінші том. Сам жамыраған шақ. Астана. «Фолиант», 2008.