Асхат Расулұлы Жіткеев
Асхат Расулұлы Жіткеев 1981 жылы 13 сәуірде Алматы облысы Ілияс Жансүгіров атындағы кентте дүниеге келген. Дзюдодан, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сiңiрген спорт шеберi.
Қазақ спорт және туризм академиясын бітірген. Алғашқы бапкері - Саяхат Құдайбергенов, кейіннен Жексенбай Саламатов пен Саян Хамитжановтың басшылығымен жаттыққан. Он жылдан бері Астана қаласының атынан сынға түскен. Қазақстанның бiрнеше мәрте чемпионы, 2001 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегерi, «Әлемнің супер кубогының» күміс жүлдегері, үш дүркін Азия чемпионы (2003, 2004, 2008), 2005 жылғы Азия чемпионатының күмiс жүлдегерi, Азия ойындарының қола жүлдегерi - (2002, 2006), 2008 жылғы Олимпиада ойындарының күмiс жүлдегерi атанған. Афинада өткен ХХVIII Олимпиада ойындарында Қазақстанның туын көтерiп шығып, жетінші орынға ие болған. Астана қаласындағы «Астана батыры» жекпе-жек клубының мүшесі болып табылады. 2010-2012 жылдары Қазақстан Республикасының дзюдодан ұлттық ерлер құрама командасының бас жаттықтырушысы болды. «Барыс» орденiмен марапатталған.