Әмин Елемесұлы Тұяқов
Әмин Елемесұлы Тұяқов 1937 жылы 12 ақпанда қазіргі Маңғыстау облысындағы Маңғыстау ауданына қарасты Шайыр ауылында дүниеге келген. Атыраудағы (Гурьевтегі) екі жылдық мұғалімдер институтына түсіп, бір жылдан кейін ол педагогикалық институт болып, кейін құрылғанда соның физика – математика факультетіне түсіп, 1960 жылы үздік дипломмен бітіріп шығады. Ол сабақтарын өте жақсы оқумен қатар институттың және факультеттің қоғамдық жұмыстарын жауапкершілікпен орындап, оның ішінде, спорттың жеңіл атлетика түрінен елеулі табыстарға қол жеткізеді. Осы жетістіктерінің арқасында 1957 жылы Қазақстан құрама командасының мүшесі болып қабылданады.
1959 жылы Бүкілқазақстандық IX спартакиадада 100, 200, 400 метрге жүгіруден Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанған. 1960 жылы Одессада өткен Бүкілодақтық «Буревестник» ерікті спорт қоғамының жеңімпазы атанады. Осы жетістігінің арқасында КСРО спорт шебері (100 м – 10,4 секунд) нормасын орындап қана қоймай, Кеңес Одағының құрама командасына мүше болып қабылданады.
Әмин Елемесұлы 1960 жылдан 1968 жылдың аяғына дейін КСРО құрама командасының сапында тек Кеңес Одағының ғана емес, қазақ халқының да даңқын аспандата түскен. Әмин Тұяқовқа 1963-1967 жылдар аралығында 200 метрге жүгіруден тең келер ешкім болмады. 1965 жылы Киевте өткен Кеңес Одағының чемпионатында осы қашықтықты бағындыруда жасаған соңғы КСРО рекордын (Ә.Тұяқов 6 рет рекорд жаңартқан) – 20,6 секундты тек 1968 жылы жеңіл атлет В.Борзов қана 0,1 секундқа жаңартқаны көп жайды аңғартуға тиіс.
Ә.Тұяқов 31 жасында үлкен спортпен қоштасқанға дейінгі аралықта 100 метр, 200 метр қашықтыққа жүгіруден және 100х4, 200х4 эстафетаға жүгіруден 8 рет КСРО чемпионы атанып, 10 мәрте күміс, қола жүлдеге ие болды. Соңғы рет 30 жасында, 1967 жылы КСРО халықтарының IV спартакиадасында 200 метрлік қашықтықта алтын, ал 100 метрге жүрігуден күміс медальдарды иеленді.
Еуропа кубогының жеңімпазы (1965 жыл), Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері (1966 жыл), 50-ге тарта ірі халықаралық жарыстардың жеңімпазы әрі жүлдегері болды.
1965 жылы оған КСРО спортына еңбегі сіңген шебер жоғарғы атағы берілді. Және сол жылы спорттың жеңіл атлетика саласында қазақ халқының даңқын әлемге аспандатқан желаяқ «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.