Әбдеш Төлеубаев
Әбдеш Төлеубаев 1953 жылы 15 қарашада Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін, КСРО ҒА Этнография институтының аспирантурасын бітірген. 1979 жылдан Қазақ ұлттық университетінде қызмет істейді. 1983-1984 жылдары Ресейдің Орынбор, Астрахан облыстарындағы қазақтардың этнографиясын зерттеп, ондағы қазақ диаспорасы жөнінде «Орынбор қазақтары» деген еңбек жазған. Ол Тарбағатайдың терістік бөктерінде орналасқан аудандардың аумағынан, Қалба, Шыңғыстау өңірлерінен қола, ерте темір дәуірінің бұрын белгісіз 400-ден астам археологиялық кешенін ашты, оның 60-тан астамын қазып зерттеді. Нәтижесінде осы аймақтарда да беғазы-дәндібай мәдениеті, үйсін мәдениеті жәдігерлері бар екендігі, бұл өңірлердің басқа археологиялық аймақтармен мәдени байланысы, мәдени-этнографиялық ерекшеліктері анықталды. Төлеубаевтың соңғы кездегі археологиялық зерттеулерінің ірі жетістігі - Шілікті жазығынан алтын киімді сақ патшасының мүрдесін ашуы, Үйіктің ерекше көлемі мен зәулімділігі, күрделі архитектурасы, одан шыққан бай алтын қаптырмалар, түймешіктер, зерлер (барлығы 4325 дана) сақ билеушісінің ерекше салтанатын көрсетеді. Төлеубаев 4 ғылыми-зерттеу және танымдық кітаптардың, 3 оқулық, 100-ден астам ғылыми-көпшілік мақалалар мен әдістемелік құралдардың авторы.
Оның «Пережитки доисламских веровании в семейной обрядности казахов», «Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері», «Ежелгі Қазақстан тарихы» (6-сынып), «Орынбор қазақтары», «Дала көсемдерінің қазынасы» деген шығармалары бар.