Жаркентте ит талап өлтірген марқұмның туыстары: оны ит қаппаған, жеп қойған
Жетісу облысы Панфилов ауданы Жаркент қаласында 54 жастағы тұрғынды ит талап тастады. Марқұмның отбасына Sputnik Қазақстан тілшісі барып қайтты., - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.
Марқұм Хайруллам Айсаев тірі болса 13 мамырда 55 жасқа толған торқалы тойын жасайтын еді. Ажалы иттен болған азаматтың отбасы қайғыдан еңсесін жия алар емес.
"Көшеде өліп жатқан адамды полиция қоршап жатқанда балам көрген. Бірақ адам танығыссыз етіп талап тастаған адам өзінің "үлкен әкесі" екенін танымай кетіп қалған. Марқұмның кім екенін ешкім білмеген, танымаған. Өйткені ит бетінің бәрін жеп қойған, тек ұялы телефоны арқылы анықтаған", - дейді марқұмның бауырлары.
Хайруллам Айсаевтың әкесі Жүніс ақсақал елге танымал имам кісі, анасы Тұрсынай апа екеуінің жасы сексенге таяп қалған. Балалары Хайрулламның бұған дейін басы ауырып, балтыры сыздап көрмеген, денсаулығы мықты болғанын айтады.
"Кішкентай кезінде апарсам апарған шығармын дәрігерге, бірақ балам өмірі ауырып көрмеген адам. Тіпті ауруханада қағазы да жоқ. Осы үйдегі балаларымның ішіндегі ең қамқоршым сол еді. Дәрімізді аузымызға тосып, аялап жүрген құлыным еді. Ең болмаса баламның дидарын да көре алмадық", - дейді анасы Тұрсынай апа.
Адамды талап өлтірген ит © Photo : Департамент полиции Жетысуской области
Қазалы болған отбасына иттің иесі келіп, кешірім де сұрамаған. Қарттарға баласының бетін көрсетпей жерлеген, өйткені марқұмның денесіне адам шыдап қарап тұра алмайды дейді бауырлары.
"Мен бауырымды өзім жерледім. Өз көзіммен көрдім. Оны ит қаппаған, жеп қойған. Бұл ит емес аң. Түнде жүргенде солай болды деп жатыр, сонда түнде адам жүрмеу керек пе? Біз бұл істі бұлай қалдырмаймыз. Әрине, бауырымды қайтара алмаймыз, бірақ басқа адамдар да біз сияқты дәл осылай бауырынан айырылмасына кім кепіл?", - дейді Азим Айсаев.
Марқұмның туыстарының айтуынша, питбуль баққан тұрғын күшіктерін сатып, пайда көрмек болған. Итінің не қоршауы, не тұмсыққабы жоқ, үнемі бос жүреді екен.
Полиция әлі де тергеу жүріп жатқанын айтты.
"Итті ұйықтатып, сараптама жасалып жатыр. Ал иттің иесіне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 407-бабы 2-бөлігі бойынша ("жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнаманы бұзу") жауапкершілікке тартылады", - дейді Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз жетекшісі Көбей Нұрахмет.
Еске сала кетсек, оқиға 15 сәуірде болған. Жаркент қаласының 54 жастағы тұрғыны түнгі сағат екілерде биллиард ойнап келе жатқанда питбуль талаған. Марқұм жиһаз жасаушы болып еңбек еткен. Ол питбуль асырайтын үйдің тұсынан өте бергенде ит бас салған. Үй иесінің итін түнде босатып қоятын әдеті болған екен. Сол күні үйдің қоршауындағы үлкен қақпа жабылмай айқара жатқан.