Жамбыл облысында 2006 ж. және 2013 ж. қыздар өгей әкесі тарапынан сексуалды сипаттағы қорлыққа душар болған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Сaravan.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы құқық қорғаушы Дина Таңсәрі өзінің желідегі парақшасында жазды.
Белгілі болғандай, қыздардың өгей әкесі оларды зорламаса да, сексуалдық сипаттағы түрлі әрекеттерге барған.
«Қыздардың пәктігі сақталған, алайда ол жеткіншектерді шешіндіріп, олардың әуретті жерлерін ұстаған. Өзі шешініп, ойына келгенін істеген, былайша айтқанда түрлі сексуалдық сипаттағы әрекеттерге барып, оларды қорлаған. Бастапқыда оқиғаның анық-қанығын қыздардың үлкені баяндаған. Ол алғаш рет мұндай оқиға 2022 жылдың наурызында болғанын айтқан. Дәл осы кезеңде қыздардың анасы тұрмыс тауқыметін көріп, екі егізді күтіп жүр екен. Әрине мұндайды дәлелдеу өте қиын, сөйтіп әйел адам күйеуінен кетіп қалған», - дейді ол.
Кейін өгей әкесінің қорлағаны туралы қыздардың екіншісі де әжесіне айтқан.
«Кіші қызы да осындай оқиға болғанын айтқан соң, олар дереу полицияға шағым жазған. Қыздардың анасы сол кезде ғана өгей әкесінің өздеріне не істегенін толық естіген. Қылмыс жасалған кезде қыздардың үлкенінің жасы сегізде, ал кішісі жетіде болған. 2023 жылдың 8 қаңтарында анасы өгей әкелерінің үстінен шағымданған, алайда ол әлі де бостандықта жүрген көрінеді. Осылай үлкендерден қорқып, қанша баланың тағдырына балта шабылғанын білсеңіздер ғой», - деп налыды қоғам белсендісі.
Аталған жайтқа қатысты Жамбыл облысы полиция департаменті пікір білдірді.
«Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 121 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қажетті сараптамалардың барлығы тағайындалды, кешенді жедел-тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерге байланысты қылмыстар Жамбыл облысы ПД басшысының ерекше қадағалауында», - дейді ведомство өкілдері.