Түркістан облысында жоғалған 2 жасөспірім қыз жалдамалы пәтерден табылды
Түркістан облысының полицейлері жоғалған 2 жасөспірім қызды іздеп тапты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Түркістан қалалық полиция басқармасына екі әйел хабарласып, көмек сұрады.
Көрші тұратын жалғызбасты аналардың айтуынша, біреуінің 10-сынып, екіншісінің 9-сынып оқитын қыздары 29 қаңтар күні үйлерінен шығып кетіп, содан қайта оралмаған.
Жоғалған жасөспірім қыздарды тез арада табу мақсатында Түркістан қаласының тәжірибелі полицейлері іздестіру жұмыстарын жүргізді.
Із-түссіз кеткен екі кәмелет жасына толмаған қыздардың суреттері жолаушы тасымалдаушыларға көрсетіліп, Түркістан қаласында орналасқан ойын-сауық орындары, қонақ үйлер тексерілді.
Сондай-ақ Түркістан облысы ПД-ға қарасты барлық қала, аудандық полиция басқарма, бөлімдерімен, басқа да облыстық полиция департаменттерінің криминалдық полиция басқармаларына бағытнамалар жолданды.
Түркістандық тәртіп сақшыларының 3 тәулік бойы үзіліссіз жүргізген іздестіру шаралары оң нәтиже беріп, жасөспірім қыздар табылды.
Олар облыс орталығындағы 1-мөлтекаудандағы жалдамалы пәтерде болған.
Осылайша дін-аман табылған оқушы қыздар, отбасыларына қайтарылды.
Анықталғандай, екі жасөспірім өздері тұру үшін пәтер жалдаған, содан 3 күн бойы сонда түнеген.
Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Қыздардың аналарына профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Екі қыздың анасы полиция қызметкерлерінің жұмысына риза болып, алғыстарын білдірді.