Қызылордада тағы төбелес: бір оқушы ауруханаға түсті
Қызылордада тағы бір жасөспірім төбелесте алған жарақатымен ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
Оқиға 10 сәуір сағат 17:35 шамасында облыс орталығында болған.
Полицияға қала аумағындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында екі жасөспірім арасындағы төбелес туралы хабар түсті.
«Төбелестен біреуі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының (бұзақылық) бойынша полиция басқармасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тергеу жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Оқиғаға байланысты күдікті жасөспірім Қызылорда қалалық полиция басқармасына жеткізіліп, ата-анасына тапсырылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылорда облысы Қазалы ауданында 6 сәуірде мектеп оқушысы соққыға жығылған болатын.