Қызылорда облысында Конго-Қырым қанды безгегінен тағы бір адам көз жұмды
Қызылорда облысында Конго-Қырым қанды безгегінен тағы бір адам көз жұмды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
Шиелі ауданына қарасты Н.Бекежанов ауылының 32 жастағы тұрғыны Конго-Қырым қанды безгегінен көз жұмды. Бұл – аталған диагнозбен қаза болған үшінші адам.
«Жыл басынан облыс бойынша Конго-Қырым қанды безгегіне шалдығу күдігімен 29 жағдай тіркелді. Олардың арасынан 10-ы клиникалық-зертханалық және эпидемиологиялық жолмен нақтыланды. Атап айтқанда, Қармақшы, Сырдария аудандары мен облыс орталығында – 1, Жанақорғанда – 5, Шиеліде 2 дерек анықталды. Былтыр 601 адам дәрігерлер қарауында болса, биыл олардың саны 712 адамды құрайды», - деді облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Айта кетсек, бұдан бұрын Шиелі ауданының тұрғыны аталған диагноздан көз жұмған болатын.