Құтырма ауруы тіркелген ауылға шектеу енгізілді
Солтүстік Қазақстан облысындағы Бірлік ауылында құтырма ауруының тіркелуіне байланысты шектеу шаралары енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
СҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, Есіл ауданы Бірлік ауылында түлкінің өлексесі табылған. Оқиға орнына жеткен мамандар сараптама алып, жануардың құтырма ауруынан өлгенін анықтады.
«Құтырма ауруының тіркелуіне байланысты ауылға шектеу шаралары енгізілді. Дезинфекция жүргізілді. Ит-құсқа, малға жұқпалы ауруға қарсы вакцина егілді. Қазір жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Түлкінің өлексесі сәуір айында табылған еді. Ауылдық округ әкімінің шектеу шараларын енгізу туралы шешімі әділет органдарында ұзақ уақыт бойы тіркеуде жатты. Сондықтан, бұл шаралар енді ғана қолға алынып жатыр», деп түсіндірді СҚО ветеринария басқармасының бөлім жетекшісі Қайырлы Қазанов.
Биыл СҚО-да мал мен үй жануарларының құтырма дертіне шалдығуының 11 дерегі тіркелді. Жұқпалы аурудың алдын алу мақсатында 26 мың малға екпе салынды. Жыл соңына дейін тағы 30 мыңнан астам үй жануарына вакцина егілмек.