«Мама, оралшы»: Ұлының өрттен қаза тапқан анасына жазған жазбасы жұртты жылатты
Қызмет бабында жүріп қаза тапқан инспектормен қоштасуға ауылдастары мен әріптестері түгел жиналды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі КТК.kz-ке сілтеме жасап.
51 жастағы Саят Нұржігітов орман шаруашылығында 30 жыл еңбек еткен. Марқұмның артында үш баласы жетім қалды.
Мейрамгүл Жиенбаева да жалынды жалаң қолмен ауыздықтаймын деп ажал құшты. Ол өзге әріптестерімен бірге ормандағы өртті сөндіруге барған. Алайда от пен судың ортасында қалып көз жұмды. Марқұның артында 15 жастағы ұлы мен бес жастағы қызы қалды.
Ауылдастары Мейрамгүлді жұмысына адал, көпке үлгі еді деп есіне алады. Ұлының анасына арнаған жан тебірентер жазбалары жұрттың жүрегін сыздатты.
Шолпан Кенжебаева, Успенка ауылының тұрғыны:
- Ұлы кеше статус салыпты. «Оралшы, мама» деп. Сол жүрегімізде қалды. Қайтақайта есімізге түсіріп жатырмыз. Мейрамгүл өте жайсаң, керемет жан болатын. Күлімдеп қана тұратын. Сол бейнесі біздің есімізде қалды.
Тірідей жанып кеткен орманшылардың жетеуі Успенка ауылының тұрғындары. Әп-сәтте қара жамылған мұндағы халық ертең әкелі-балалы Сидориндарды ақтық сапарға шығарып салады.
Алмагүл Жұмағазықызы, "Семей орманы" резерваты филиалының қызметкері:
- Зейнет жасына шықты. Сидорин Виктор 36 жыл еңбек етті. Бірақ зейнетке шыққанына бір ай болды. Сонда да өртке барып отыр. Пузырев Николай деген жүргізуші де ұлымен жанып кетті. Ұлы Пузырев Сергей. Бір үйден екі адам кетіп отыр. Бұл бізге үлкен қайғы.
Табиғатты қорғауға барын салғандар тірісінде өртке қарсы техника тұрмақ, қызмет киіміне де жарымай кеткен. Тозығы жеткен көліктер екі күннің бірінде сынады екен. Сондықтан марқұмдардың кейбірі алапат өрт басталғанда өз техникасына мініп, туфлимен орманға аттанған. Ал жалақысы 100 мың теңгеге де жетпейді.
Гүлсара Баймағанбетова, Орманшылар кәсіподағы ұйымының төрайымы:
- Орманшылардың жағдайын жақсартсын. Биылғы бұл оқиға бәрінің көзін ашты деп ойлаймын. Алдында айтып жатырмыз, техника жаман деп. Рация жоқ. Қаражат аз. 100 мыңға еңбек істеп, өмірін қиып жатыр.
Қазір қызыл жалынның құрсауында қалып ажал құшқан 14 орманшының тек бесеуінің жеке басы анықталды. Қалған тоғыз адамның мүрдесіне генетикалық сараптама жүргізілуде.
Марқұмдардың бәрінің артында қайғы жұтқан ата-ана, жесір қалған жар, әке мейірімін сағынар бала қалды.