Шымкентте полицейлер өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды құтқарып қалды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Оtyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Полицияға әйел қоңырау шалған. Ол полицейлерден көмек сұрап, күйеуінің өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын айтқан.
Белгілі болғандай, ол әйеліне бейнеқоңырау арқылы қоңырау шалып, онымен қоштасқан. Патрульдік полиция қызметкерлері Айдос Исмаилов пен Дәурен Раев дереу шақырту орнына шықты.
Шақырту орнына келген тәртіп сақшылары үйге кіре алмаған, өйткені қақпа құлыптаулы тұрған. Әр секундтың маңызды екенін ескерген Айдос Исмаилов шарбақтың асып түскен, осы сәтте серіктесі құлыпты бұзып, қақпадан кірген.
Патрульдік полиция қызметкерлері ауланың артқы жағында қосалқы құрылыстардың арасынан арқанға ілінген ер адамды тапқан. Сол кезде Дәурен ер адам тұншығып қалмасын деп оны көтеріп, Айдос арқанды кесіп алған. Көмекке медицина қызметкерлері де келді.
Қазіргі таңда азамат ауруханада дәрігерлердің бақылауында. Еңбекші аудандық полиция басқармасының қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.