Алматы облысында жасөспірімдер ер адамды не үшін соққыға жыққаны белгілі болды
Алматы облысында 3 жасөспірім аяусыз соққыға жыққан ер адам темекі сұрағаны үшін кінәлі болған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Sputnik Қазақстан"-ға сілтеме жасап.
Полиция департаментінің айтуынша, ер адам көшеде тұрған үш адамнан темекі сұраған. Жасөспірімдер оған дөрекі түрде жауап берген. Жәбірленуші сөзге шыдамай, олармен тәжікелескен. Осы сәт жасөспірімнің бірі ер адамды теуіп құлатып, үшеуі бірдей жабылып кеткен.
Қазіргі күні жәбірленуші әлі де ауруханада жатыр.
"Сырқаттың жағдайы тұрақты ауыр. Бірақ жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Есін жиды. Ол жасанды тыныс алдыру аппаратынан ажыратылды", - деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, 7 наурызда түнгі сағат 02:00 кезінде 15, 16, 17 жастағы үш жасөспірім жасы елуге таяған ер адамды көшеде аяусыз соққыға жыққан. Жәбірленуші бір сағаттан соң Есік қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Соққыға жығылған азамат Таутүрген ауылының тұрғыны.
Жасөспірімдер ер адамды соққыға жыққан соң сол жерде қалдырып кеткен. Қимылсыз жатқан адамды жолай өтіп бара жатқандар көріп, жедел жәрдем шақыртқан.