Танымал блогер анасына Алматының қақ ортасынан пәтер сыйлады
Белгілі блогер Карина Оксукпаева анасына Алматының қақ ортасынан пәтер сыйлады. Каринаның оқырмандары оның анасымен жақсы таныс. Қызы бизнеспен айналысып жүргенде, немерелеріне қарайласып тұрады. Стористе жиі бой көрсететін "кейіпкерді" көпшілік Галя деп таниды, деп жазады Stan.kz.
Екі баланы жалғыз өсірген Галя оларды қатарынан кем қылмау үшін көп жұмыс істеген. Барахолкада саудамен айналысқан.
"Білемін, жейтін ештеңе болған жоқ деп қайғырсам, ешкімге ұнамайды.Бірақ расымен солай болды. Әсіресе, қыстың күндері. Бірақ менде әрқашан таза, үтіктелген форма, мектепке қажетті құралдар мен репетитор болды.Себебі анам өзіне ешқашан ештеңе сатып алмайтын", - деп бөлісті Карина.
Арада жылдар өткен соң, Карина анасына алғыс ретінде пәтер сыйлады. Блогер пәтерді анасы 50 жылға жуық тұрған ауданнан таңдаған.
Пранк пен әзіл-күлкіні жаны сүйетін Карина пәтер сыйлау сәтін де драмаға айналдырған. Анасымен "затты тап" ойынын ойнап, тосынсый жасаған. Кілтті қолына алған сәтте Галяның қолы дірілдеп, қуаныштан жылап қалды. Өз көзіне өзі сенбей, қызын құшақтады. Бұл сәтте оқырмандар да Карина мен анасымен бірге жылағандарын жазып, тәнті болды.
Каринаның жары Арман Юсупов та болған жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Бұл - отбасымызға көмектесу үшін барын салған адамға алғыс. Өмір бойы түрлі қиындықтар көрген адамға қайтқан жақсылық. Егде жасына лайықты бақыт", - деп атап өтті Арман.