Қазақстан шоу-бизнесінде 2014 жылы болған үйлену тойлары
Қазақстандық шоу-бизнес: 2014 жылы бірқатар танымал әртіс отбасылы болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Қазақстан жұлдыздарының үйлену тойлары түрліше өтті. Бірі ең жақын туыстары мен достарының ортасында атап өтті, енді бірі өте көп қонақ шақырып, ұлттық салт-дәстүрмен дүркіретіп той жасады.
Талай қыздың арманы болған, "101" тобының әншісі Иван Бреусов енді бойдақтар қатарында емес. Ол герлз-бэнд Lila (бұрынғы "Бионик" тобы) әншісі Меруерт Асановаға үйленді. Олардың үйлену тойы Алматы қаласында, туыстары мен достарының, әріптестерінің ортасында өтті. Бұл жұп жақын арада ата-ана атанады.
2014 жылы танымал актер Санжар Мәдиев үйленді. 28 жастағы әртіс өмірлік жары ретінде екі жыл көлемінде кездесіп жүрген Мөлдір есімді қызды таңдады. Айта кетейік, ол Фархат Шәріповтің "Қызғылт қоян туралы ертегі" фильміндегі Қарлығаш Мұхамеджановамен және Әнуар Нұрпейісовпен бірге ойнаған рөлінен кейін таныла бастады. Жақында америкалық ағайынды Вайнштейндердің "Марко Поло" жобасына қатысты.
"Жаужүрек мың бала" фильмі арқылы танылған Әлия Телебарисованың үйлену тойы жаздың басында болды. Оның жолдасы Әлияның әртістік мансабына қарсылық білдірмеген, керісінше оған барлық жағдайда қолдау көрсетеді. Бірақ Азаматтың шығармашылыққа қатысы жоқ.
Білім күні, яғни 1 қыркүйекте цирк әртісі, шоумен, тележүргізуші Мұрат Мұтырғанов үйленді. Оның жары Алеся Тимошенко болды. Үйлену тойы ашық алаңда өтті. Тойдың атмосферасы цирктегідей болды.
"Бауыржан Момышұлы" фильмінде басты рөлді сомдаған 28 жастағы Еркебұлан Дайыров та биыл үйленді. Ол - Әуезов атындағы драма театрының әртісі, ал қалыңдығы - Лейла Тілеуова Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі. Лейла қазақстандық бірнеше телехикаяға түсіп үлгерді, сондай-ақ Әуезов театрының сахнасында ойнайды.
Биыл әнші әрі актер Арыстан Мырзагереев пен "Қазақстан Аруы" және "Қазақ Аруы" сән байқауына қатысқан Әйгерім Үзембаева отбасын құрды. Мырзагереев SuperStarKZ шоуымен танылған болатын, кейін "Жұлқыныс" спорт картинасында Әсел Сәдуақасовамен және Гоша Куценкомен бірге ойнады.
2014 жылдың басында Мәдина Сәдуақасова тұрмыс құрды. Ресми некелесу рәсімі 2 ақпанда Алматы қаласының орталық АХАЖ-ында өтті. Мәдина болашақ жолдасы Олжас Смағұловпен төрт жыл бұрын "Таң қалмаңыз" бағдарламасын түсіру кезінде танысқан. Тойға қазақстандық шоу-бизнестің барлық өкілі қатысты, ал 2014 жылдың жазында ұл бала дүниеге келді.
Жақында "Спарта" КВН командасының капитаны Данияр Жұмаділов үйленді. Айта кетейік, "Спарта" құрамасын көрермендер жаңа маусымда КВН-нің Жоғары лигасынан көре алады.
Ерекше үйлену тойы деп режиссер Қанағат Мұстафиннің тойын атауға болады. Ол қалыңдығы Гүлім Досановамен Гоа курортына барып үнді стилінде үйленді. Айта кетейік, Қанағат қазір "16 қыз" романтикалық комедиясымен шұғылданып жүр.
Сонымен қатар, 2014 жылы қазақстандық шоу-бизнестің бірқатар өкілі ата-ана атанды. Мәдина Сәдуақасова, "КешYou" тобының экс-солисі Әнел Әрінова, актриса Әсел Сағатова мен Диляра Байжанбаева, модель Жұлдыз Сапарғалиева мен Amouage тобының солисі Эля Құспановалар тұңғыш рет ана болды.