Қарақат пен Алтынай астан мүлде бас тартқан ба?
Жаз жақындаған сайын қыз-келіншек біткеннің бас ауыртатын мәселесі – артық салмақтан арылу. Біреулер спортпен айналысып, фитнес залдарда уақытын өткізсе, енді біреулер тәтті-дәмдіден бас тартып, диетаға отырады. Қазіргі таңда бүкіл әлемдегі нәзікжандылар анерексия және семіздікпен күресетіндер болып екіге бөлініп алғандай. Бүгін «Алаш айнасы» қазақ шоу-бизнесінде жұрт назарында жүрген жұлдыздардың таразыға тартылғандағы салмағы қалыпты болуы үшін қандай диеталар ұстанатыны туралы сөз етпек.
Біз сахна төрінде жүрген әнші қыз-келіншектердің арасындағы көпбалалы аналарды ерекше мақтан тұтамыз. Жаратқанға мың мадақ, қазақ өнерінде әнін де шырқап, бесікті де тербетіп жүрген аяулы жандар күннен күнге көбейіп келеді. Кемінде 4-5 баланы дүниеге әкелсе де, ел алдында үнемі сұлу, сымбатты болып жүрген өнерлі сахна сұлуларын тіпті жас қыздардан ажырата алмай қаласыз. Ендеше көпшілік оқырманға өздерінің ажарымен сахнаға сән беріп жүрген әнші арулардың сұлулық сыры жайлы айтайық.
Қарақат Әбілдина
Таяуда әлеуметтік желіде белгілі әнші Қарақат Әбілдина өзінің жеке парақшасында healthy-meal.kz бағдарламасының пайдалы тағамдарын қолданатынын жазды. «Бұл бағдарламаның тағамдары өте дәмді, пайдалы, әрі ыңғайлы, тіпті тағам қуаттылығы да саналып қойылған. Мүһұнда әйелдер мен ер азаматтарға арналған бірнеше бағдарламалар бар. Мен салмақ тастау бағдарламасына тоқтадым. Енді мен қуаныштымын» дейді әнші.
Қарақат Әбілдина осыдан біраз уақыт бұрын өзінің иогамен айналысатынын айтқан болатын. Негізінен Қарақат Әбілдина салауатты өмір салтын ұстанады, бала-шағасымен табиғат аясында, таза ауада тыныққанды ұнатады.
Алтынай Жорабаева
Төрт бірдей ару қыздың анасы Алтынай ханым да келбеті мен сымбатын жоғалтпай үшін көп еңбек ететін жандардың бірі. Ол фитнес залына жиі барады, диета ұстанады, моншаға түседі, бассейнде жүзеді, массаж қабылдайды. Алтынай Жорабаев майлы тамақтан мүлде бас тартып, оның орнына дәрумендерге толы жеміс-жидекті пайдаланатынын айтады. Сондай-ақ әнші қара шәйдің орнына түйе жантағының тұнбасын ішеді екен.
Айгүл Иманбаева
Әнші, актриса, тележүргізуші Айгүл Иманбаеваның айтуынша, жалпы ол толуға бейім емес жандардың бірі. Телеарналардағы түсірілімдер, театрдағы репетициялар, жеке басының тірліктерінен анау-мынауға уақыт таба бермейтін әншінің күнделікт өмірінің өзі фитнес, ол тәулігіне 4-5 сағат қана ұйықтайтынын айтады. Дегенмен Айгүл сауалатты өмір салтын ұстанып, өзін-өзі күтуге тырысады. «Тамақты талғап жеймін, денсаулығыма зиян-ау деген тағамдарды пайдаланбаймын, күнделікті ас мәзірімде бал қосылған көк шәй міндетті түрде пайдаланамын» дейді әнші.
Жанар Айжанова
Сөзі мірдің оғындай шешен әнші Жанар Айжанова өзінің бассейинге де, йогаға да, шығыс биіне де, фитнес залдарына да баратынын айтады. Ол тіпті үйде де қосымша жаттығулар жасайды екен. Ал әнші ұстанатын диетаға келсек, ол сәл толысып бара жатса кешкі сағат 6-дан кейін тамақ ішпейді. «Мен ешқандай да аздыратын дәрі-дәрмекті пайдаланбаймын, табиғи, денсаулыққа пайдалы көкөністерді, жеміс-жидектер менің ас мәзірімнен үзілмейді» дейді әнші. Әншінің сөзіне қарағанда оның ең толғандағы салмағы 72-73 келі. Ал қазіргі кезде бойы 163 см әнші Жанар Айжанованың салмағы 65 келі.
Роза Әлқожа
Әлеуметтік желіде сезімтал әнші Роза Әлқожаның әнін сүйіп тыңдайтын тыңдармандары соңғы кезде әншінің бұрынғысынан да сұлулана түскенін жарыса жазуда. Естеріңізде болса, қазақтың әнші қызы Роза Әлқожа дүниеге бесінші сәбиін әкелген болатын. Розаға қарап әйел адамның бала туған сайын ажарлана түсетініне көзіміз жетті. Роза ханымның айтуынша, ол емізулі баласы болса да, диета ұстанады, спортпен де шұғылданады. Сұлулық пен денсаулықтың құпиясы дұрыс тамақтануда дейді әнші. Естуімізше соңғы айларда әнші 20 келідей салмақ тастаған.