«Қаралы хабардан шаршадым»: Ләйлә Сұлтанқызы медицина саласының дамып жатқанына күмән келтірді
Отандық танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы коронавирус пандемиясына қатысты жағдайдың өршіп кеткеніне күйінді. Күн сайын қауіпті індеттен бір танысының көз жұмып жатқаны ақпарат өкілінің көңіліне қаяу түсіруде. Ол адамзат енді аты жаман ауралармен өзі күресу керек екенін айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Ләйлә Сұлтанқызы жиырма бірінші ғасырдың медицинасы дамып жатқанына күмәнданып қалды. Тележүргізуші бүгінде халықтың дәрігерлерге сенім артпай, жаппай медицинаны оқуға кеңес берді.
"Қаралы хабардан шаршадым. Журналистика саласынан өз әріптестерім де бақилық боп жатыр. Кезінде бірге бастаған Жанат Қалықовтың қайтыс болғанын естіп, өксігім кеудемді ашытып, қатты жыладым. Күні кеше ақын, журналист Қайрат Дүйсен де өмірден озды. 21 ғасырда медицина дамыды дегені қайда? Неге ел сандалып кетті? Мың сұраққа ең болмаса бір жауап табыла ма? Ендігі қалғаны бәрімізге базалық медицинаны оқу. Өзімізді өзіміз емдеу" , - деп жазды ол Instagram парақшасында.