"Қалжың деп ойладым". Кенжебек Жанәбілов "МузАрт"-қа мүше болған кезін еске алды
Белгілі әнші Кенжебек Жанәбілов өзіне кімдердің хабарласып, қалай "МузАрт" тобының мүшесі атанғанын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “1001 түн” бағдарламасына сілтеме жасап.
“14-ақпан менің "МузАрт" тобына мүше болған күнім. 18 жыл толды. Маған Сәкен Майғазиевтің інісі Роман хабарласып, төбемнен тас түскендей болған. Менің топқа кіретінім туралы бірінші Роман білген. Кейін ол маған хабарласып, менен сүйінші сұрады. Қоңырау шалды, тұтқаны көтеріп едім, “Кенжебек, сен бүгіннен бастап “МузАртсың” деді. Мен қалжыңдап тұрған шығар деп ойлап, тұтқаны қоя салдым. Артынан қайта хабарласып: “Шынымен айтамын, қазір Мейрамбек пен Сәкен ағам хабарласады. Тұтқаны қойып тастап жүрме” деді. Ауылдағы ағайындарым сенбей қоңырау шалып жатты. “Қоя тұрыңдаршы, өзім әлі сенбей жатырмын” дедім. Кейін Мейрамбек аға хабарласып: “Кенжебек, сен біздің репертуардағы әндерді жаттай бер, 1-2 аптадан кейін келіп, ән жаздырасың” деді. Солай бастап кеттім”, – дейді өнер иесі сол сәттегі әсерімен бөлісіп.